Ақыл-ойдың спорты саналатын — шахматта дарынымен дараланып, жұлдыздай жарқырағандардың бірі — Мәди Мақсатов еді. Негізінен бұл ойынға ұтқыр жоспар мен тыңғылықты тактика қажет. Бәрі алдын ала есепке, ойлау қабілетінің ұшқырлығына келіп тіреледі. ала тақтадағы осындай айқастан жігерленіп, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген Мәди Қайратұлы НЕ БӘРІ 22 ЖАСЫНДА ҚҰЙРЫҚТЫ ЖҰЛДЫЗДАЙ АҒЫП ТҮСТІ.
Шалқар қаласындағы №5 мектеп-лицейінен орта білім алып, облыс орталығындағы іргелі жоғарғы оқу орнынан қалаған мамандығын иеленіп, Ақтөбе қалалық сотынан алғаш еңбек жолын енді бастаған тұсы еді. Өткен күздің қарашасы оның бұл фәнидегі соңғы айы боларын кім біліпті?! Кішкентайынан оқуға зерек бала шахмат ойына айрықша құмартып өсті. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, шахматтан өз қатарластарының алды болды. Ұстаздарының қай-қайсысы да Мәдиді кісі көңілін қалдырмайтын ақжарқын шәкіртіміз еді, деп тебіре-ніспен еске алады.
Жақында Шалқар қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде оны еске алуға арналған шахматтан аудандық біріншілік өтті. Сайыс барысында Мәдидің шахматтан қол жеткізген жетістіктері, өз ортасындағы беделі жайлы түсірілген бейнеролик көрсетілді. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев шахматтан Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегері, спорт шеберлігіне үміткер Мәдидің озық қырларын айтып, ел мерейін асыр-ған ұлды еске алып, мәнді шараны қолға алған №5 мектеп-лицейі мен №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ұжымына алғысын білдірді. Жас өреннің отбасы атынан аудан әкімі Жанболат Жидеханов бастаған бірқатар азаматтарға естелік алқалар табысталды.
Шахмат сайысына аудан мектептерінен жеті команда қатысты. Жекелей жарыс нәтижесі бойынша 12 жас-қа дейінгі жасөспірімдер арасында ер балалардан І орынды Рахман Тасболат (№3 орта мектеп), ІІ орынды Райымбек Амангелді (№4 орта мектеп), ІІІ орынды Ербол Шакизада (№1 мектеп-гимназия) иеленді. Қыз балалар арасынан І орынмен Айжан Бегімбетова (№4 орта мектеп), ІІ орынмен Аягөз Мұхамбетбақи (№3 орта мектеп), ІІІ орынмен Кәусар Ізтілеуова (№5 мектеп-лицей) марапатталды. 12 жастан жоғары жасөспірімдер арасынан ер балалар бойынша №1 мектеп-гимназиясынан Шахрияр Таңатов бірінші орынды жеңіп алды. Екінші, үшінші орындар да осы мектеп-гимназияның оқушылары Аркен Әділхан мен Мейіржан Қайыржановқа тиесілі болды.
Қыз балалар бойынша бірінші орынмен №2 мектеп-гимназиясының оқушысы Диара Ыбырайымова марапатталды. Екінші орынға Ә.Жангелдин атындағы орта мектеп оқушысы Хадиджа Ғалымжан лайықты деп танылса, үшінші орынды №2 мектеп-гимназиясының оқушысы Ақжүніс Оразова олжа тұтты. Жалпы командалық есеп бойынша «№1 мектеп-гимназия» командасы бірінші орынға, «№4 орта мектеп командасы» екінші орынға, «№3 орта мектеп» командасы үшінші орынға ие болды.
Барлық жүлдегерлерге Мәдидің сыныптастары мен отбасы атынан сыйлықтар табысталды. Сайысқа қатысқан барша қонақтарға ас беріліп, жас шахматшының рухына Құран бағышталды.
Мәди Мақсатов оқушы кезінен жергілікті газеттің де белсенді кейіпкерлерінің бірі болды. Оның шахматтан қол жеткізген әр қадамы баспа-сөзде жиі жарияланып тұрды. Атасы, кезінде ұзақ жылдар Шалқар қаласы әкімі қызметін атқарған еңбек ардагері Мақсат Қосымов осы немересін жетектеп, сайысқа өзі түсетіндей күй кешіп жүретін-ді. Әр жетістігіне мар-қайып, алар асуың алдыңда деп жігерлендірді.
Тағдырдың дегеніне көнбеген кім бар?! Шахмат тақтасы да өмір тақтасы секілді, ақ пен қара жолдардағы күрестерге арналған. Бұнда да бір өзгермейтін заңдылық бар. Ойын біткесін Каролден басталған барлық тастар бір қорапқа салынады. Бәрінің де барары — бір жер…
Мұхтар КӘДІРБЕРДІҰЛЫ.