АҚСАҚАЛДАРДЫҢ АҚ БАТАСЫН АЛДЫ

Өткен аптада қаламыздағы «Әлия» мейрамханасында аудан әкімі Жанболат Жидехановтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ауданымыздың өркендеуіне үлес қосқан зиялы ақсақалдар қауымының «Қариясын сыйлаған елде қасиет бар» атты басқосу кеші өтті.

ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Назарбаев пен мемлекет басшысы Қ.Тоқаев алға қойған сындарлы саясатында қашан да ел қазынасы — қариялардың орнын айрықша атап, қоғам назарынан тыс қалдырмауға күш салып келе жатқаны белгілі. Аудан әкімінің бастамасымен ұйымдастырылып отырған осы шара соның бір дәлелі болды.

Алғаш сөз алған аудан әкімі Ж.Жидеханов бүгін дария көңіл ақсақалдармен, ақ жаулықты аналармен кездескеніне қуанышты екенін айтты.

 — Қай кезде де жасы үлкен қарттарымыз алдыңғы сапта, ақыл-ойдың кеніші. Індетке байланысты көптен бері кездесудің сәті түспеді, бүгінгі күні басқосуда сіздердің ойларыңызды, пікірлеріңізді, ұсыныстарыңызды тыңдайық, өздеріңізбен әңгімелесейік деген ниетіміз бар. Біздің шақыртуымызды қабыл алып келгендеріңізге рахмет айтамын.  Сіздердің ел үшін жасаған қызметтеріңіз уақытында бағаланып, сый-құрметке ие болған ауданымыздың сыйлы азаматтарысыздар.

    Кейінгі ұрпақтың қай кезде де сіздерге деген құрметі жоғары. Мен кеше ғана облыс әкімінің қабылдауында болдым, Шалқардың ақсақалдар қауымына арнайы сәлем айтты. Елбасының, мемлекет басшысының сындарлы саясатын қолдайтындарыңызға сенім білдірді. Осы уақытта дейін егемен еліміздің қарыштап дамуына қосқан үлестеріңіз мол екенін жеткізді. Сіздердің отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, балаларыңыздың, немерелеріңіздің, шөберелеріңіздің қызығын көріп, бақытты ғұмыр кешулеріңізге тілектеспін, — деді аудан басшысы.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Елубай Төлепберген сөз алып, ауданымызда 5 мыңның үстінде ардагерлер қауымының бар екенін айта келе, олардың елді еңбекке ұйытуда, жастарға тәрбие, бағыт-бағдар беруде де үлкен күшке ие екенін тілге тиек етті. Сонымен бірге ел, өңір, өлке басшыларының ардагерлер қауымына бар мүмкіндігінше жақсы жағдай жасап келе жатқанын әңгімеледі. Жақында ғана өткен республикалық ардагерлер кеңесінің съезінде де жақсы істер, бастамалар айтылғанын, облыс әкімінің ұсынысымен әр ауданда ардагерлер үйі салынуы керектігін, оның жобалық-сметалық құны да дайын екеніне, жаңа жылдан бастап аудандық ардагерлер кеңесін оргтехникалармен, қосымша бөлмелермен қамту жоспары бар екеніне тоқталды.

Сонымен бірге ардагерлер кеңесінің төрағасы бүгінгі шараны ұйымдастырған аудан басшысына алғыс білдіріп, басқосқан үлкендерге жастардың бойына отаншылдық пен жауапкершілік қасиеттерді дәріптеуге шақырды.

Шара барысында жиналғандарға үлкен экраннан еліміздің Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде жүріп өткен тарихи жолдарына  қысқаша шолу жасалды.

Еңбек ардагері Қуанышбай Мұздақов сөз алып, ел-халықты егемендікті сақтауға шақырды және бұрынғының жақсы жақтарын ұмытпау керек екенін ескертті. «Дейтініміз Ахмет Байтұрсынов «Бүгінгі күн кешегі күннің баласы, ертеңгі күн анасы» деген, сондықтан келер ұрпақ үшін жақсы да игілікті іс жасалауы керек» деді. Қаламыздың көркейіп келе жатқаны жақсы істің бір нышаны екеніне тоқталды. Бұдан соң сөз алған еңбек ардагері Мәдина Әуелбаева егемендігіміздің 30 жылы ішінде еліміздің дамып, өркендегенін айта келе, алдағы уақытта оның баянды болуын тіледі.

Аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Нұрлан Майкөпов Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін әуелетіп, кеш көркін қыздырды.

Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің, Ахмет Жұбанов атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің жанынан құрылған фольклорлық ансамблі ардагерлерге арнап күйлер күмбірлетіп, әуелетіп әндер шырқады. Күй тартыс жасады. Аудандық Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары Б.Жанықұлов, Н.Қалмағанбетов, Н.Сидақов, А.Дәрібаев және «Самғау» дуэті «Шалқарым жұмақтың бесігі», «Анамның жаққан ошағы», «Үкілім-ай», «Қызыл көйлек», «Көзіңнің мөлдірін-ай», «Қымыз құйғыш», «Сары бидай», т.б. әндерін шырқап, қарттар көңілін әудем жерге көтеріп тастады. Және шараны ұйымдастырушылар түрлі ойындар ұйымдастырып, ардагерлердің тапқырлықтарын сынады.

Кеш соңында аудан әкімі шарада бас қосқан ардагерлерге сый-сияпаттар тарту етті. 90 жастан асқан ақсақал Қартбай Қабақбаев өлкемізде атқарылып жатқан игі істерді атап өтіп, осындай мазмұнды да мәнді жүздесуді ұйымдастырған аудан басшысы Жанболат Жидехановқа алғысын айтып, жиналған барлық ардагерлер қауымының атынан ақ батасын берді.

Қ.ӘЛИН.