ОСПАНОВТАР — ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ

БАЙЫРҒЫ МЕКТЕП ІЗІНДЕ…

Дархан даламыздың әр қиырында заманында ағартушылықты алға қойып, сауатсыздықты жоюды мақсат еткен байырғы мектептердің ізі  бар. Шежірелі Шалқардың құйқалы топырағы да сондай қасиетті ошақтар орынын жексен қылып, өткеннің сырын бүгіп жатыр. Кешегі күндер естелігі — Ұлықұмның әр бүйірінде «ақ школ», «көне школдардың» орны болды десе, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің ізбасары, қоғам қайраткері, жазушы Спандияр Көбеевтің Кішіқұмның бойынан алғаш мектеп ашқанын деректер айғақтайды.

Қоңырқай заманда қабырғасы қара балшықпен бекісе де кезеңімен кемелденіп, ұлағатты ортаның кәусар бұлағынан сусындаған шәкірттерімен абыройы артқан білім ошақтарының алды ғасырға таяды.

Ұлы Борсық құмының батысында  мезгіл ауса да арналы сайға сірескен қардай ағараңдайтын тұзды алқаппен аттас  Қорғантұз мектебі торқалы тоқсаннан асты. 1929 жылы дара бастауыш болып іргесі қаланған бұл мектептің алғашқы мұғалімі — Шәмшә есімді кісі болған деген мәлімет бар. Мырзабай Баспақов, Әбділда Қарасаев сынды мұғалімдер де сол алғашқылардың қатарында. Мектеп 1937 жылдан бастап 7 жылдық, 1954 жылдан бастап орта мектепке айналады.

1934 жылдан бастап, күні бүгінге дейін осы Қорғантұз мектебі басшылығында Ғалымжан Шегебаев, Хайрулла Бектенғалиев, Әлібай Ещанов, Құбай Медеталиев, Емберген Тереков, Ғизат Тәңірбергенов, Сәду Кенжеғұлов, Құдайберген Қарамурзин, Бержан Көшенов, Сағым Аймурзин, Әбдірахман Күзембаев, Абдуали Меңдияров, Әбсаттар Бодықов, Смағұл Алматбаев, Қапар Сүлейменов, Сағитжан Әметов, Жарылғасын Ермекбаев, Сейіл Үмбеталин, Гүлнәр Қалдыбаева сынды ұстаздар болды.

 Қайратты шағында қасиетті білім шаңырағында шәкірт тәрбиелеумен өткізген Зағит Сатыбалдин, Нұрадин Дүйісмағанбетов, Қыранбай Тормантаев, Сағитжан Әметов, Сара Сисенова, Ақзипа Қалабаевадай аға толқындағы мұғалімдердің бір-бір тұлғаға тән қасиеттерін шәкірттері әлі күнге дейін мақтанышпен айтады.  Осы жолда еңбек көрігін туған мекенінде қыздырған Оспан Бақовтың да есімі Қорғантұз тарихында ерекше аталады. Ұстаздың кәсіби шеберлігі, біліктілігі қарапайым шәкірт жүрегіне жол табумен ұштасу болса — бұл тұрғыда Оспан ағай туралы айтылар әңгімелер көп.

ОСПАН ОҚЫҒАН МЕКТЕПТЕР

Оспан Бақұлы Қорғантұз жеті жылдық мектебін бітіргеннен кейін Шалқар қаласында №1 қазақ  мектебінде білімін жалғастырады. Орта білім алған соң Темір қаласындағы ауылшаруашылығы техникумын бітіріп, сол ауданның Кеңқияқ зоовет учаскесінде зоотехник болып еңбек жолын бастайды. Қызылордадағы мұғалімдер даярлайтын институтты 1954 жылы тәмамдап, география, биохимия мамандығын иеленіп шығады. Осы жылдардан бастап жас маманның нағыз еңбек жолы басталады. Шалқар ауданына қарасты бұрынғы Калинин, Карл Маркс атындағы мектептерде мұғалімдік қызметте болып, 1958 жылдан құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін Қорғантұз орта мектебінде абыройлы еңбек етеді. Мектеп жұмысымен қатар, оның жанындағы интернат меңгерушісі, мектеп партия ұйымының хатшысы, оқушылардың өндірістік бригадасының басшысы сынды сатылардан өтіп, мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлығына дейін көтеріледі. Ауыл мектебінің алғашқы мұражайын ұйымдастырып, оқу-әдістемелік көрнекіліктерді қалыптастыру, оқыту кабинеттер жүйесін енгізуге толымды еңбек сіңіреді.

Зейнеткерлікке шыққан соң отбасымен аудан орталығы—Шалқарға қоныс аударады. Ағай қай жасқа келсе де, қайда жүрсе де жерігін рухани асханадан басты,  кітапхана оның сенімді сырласына  айналды.

Міне,осындай үлкен жүректі ұстаздың қайтпас сапарға аттанғаны да биыл он екі жыл болыпты.

Оқушы зейінін тақта алдында зерделейтін танымал тәсілден гөрі, табиғат тылсымымен  ұштастырып санаға сыналайтын оның шеберлігін шәкірттері әлі сүйінішпен айтады. Жастардың құлшынысын арттырып, адамгершілік рухқа тәрбиелеуден үлкен олжа салуды көздеген Оспан ағайдың еңбегі де ескерусіз қалмады. Москвадағы Халық шаруашылығы  жетістіктерінің көрмесіне қатысып, әсерін шәкірттерімен айлап бөлісуі, ердің жасында «Қазақ ССР Білім беру ісінің үздігі» медалын кеудесіне тағуы — сол ұлағатты жолға тамған тердің  мәуелі жемісі еді.

Жарық дүниеге 10 бала әкелген өмірлік қосағы Шәмшия анамыз бүгінде сексеннің екеуіне иек артты.

ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУҒАН ҰРПАҚ

Өмір ағысы бірде қатты, бірде баяу өзен іспеттес. Жүрек түпкіріне мақсат, мұраты ұялаған адамның желкені қандай қиқар ағыс болса да өз бағытынан ажырамайды. Оспановтардың тірліктің қызыл-жасылына құмартып, саяз соқпақтарды сонарламай, ұлағатты ұстаздық  жолды бағдар ететіні сондықтан.

 — Бақ деген атамыз 1932 жылғы ашаршылықта дүниеден озған екен. Ол кезде әкем Оспан бір жаста болыпты. Үлкен атамыз Төлеп молда болған кісі, балаларды имандылыққа тәрбиелеп, қажылық парызын өтеген. Демек, шәкірт тәрбиелеудің түпкі тамыры сол — Төлеп атамыздан дарыған болар деп те ойлаймыз.

Қырық жыл ұлағатты жолда еңбек еткен әкеміздің бар жағдайын үйде анамыз Шәмшия жасап келді. Анамыздың ағасы Дәулетжан Қыдыров Шалқарда білім саласында еңбек етіп, бірнеше мектепке басшылық жасаған, көпке сыйлы адам болды. Үлкен ағасы Мұхамбетжан Қыдыров Ұлы Отан соғысының жауынгері, ұстаздық жолдан өтіп, аудандық партия комитетінде қызмет істеген кісі. Екі жағымызда да осындай ел құрметіне іліккен адамдар болғандықтан, біздің де сол жолдан жырақтамауымыз заңдылық шығар. Әкеміз балаларын үнемі еңбекқорлыққа қамшылайтын. Өзіңе сенімді болуды, қарапайымдылық қағидасын қия баспауды жиі айтатын. Ылғи ізденісте жүруді, табиғатпен жиі сырласуға бізді де баулыды. Әрқайсымыздың ыңғайымызға қарай талабымызды ұштады. Мереке есімді ағамыз жастайынан математика пәніне жүйрік болды. Содан оны жетінші кластан бастап Алматыдағы О.Жәутіков атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған физика-математика орта мектеп-интернатына (бұрынғы республикалық физика-математика мектебі) оқуға берді. Ағам орта мектепті сол жерден ойдағыдай тәмамдап, Москваның автожол институтына оқуға түсіп, қалаған мамандығын алды.

Ұлдар ұяға, қыздар қияға қонып, ержеткеннен кейін Оспановтар әулетінен тараған немерелер мен түскен келіндердің дені де — ұстаздық жолды таңдады.  Кіндіктен он бала болсақ, соның төрт қыз, бір ұлы мұғалім мамандығындамыз. Үлкен апам Венера Оспанқызының ұстаздық жолдағы еңбек өтілі — 40 жыл, Жадыра есімді апамның еңбек өтілі — 35 жыл, бастауышқа сабақ беретін апам Анджеланың еңбек өтілі — 28 жыл, ұлдардан әке жолын қуған Еділ ағамның еңбек өтілі — 29 жыл, ал өзімнің мұғалім болып жұмыс істегеніме — 22 жыл болып отыр. Ұстаздық жолдағы біздің әулеттің жалпы еңбек өтілі — 300 жылдан асады.

Биылғы кәсіби мерекеміздің қарсаңында облыстық білім басқармасы біздің әулетке айрықша тоқталып, ұрпақтар сабақтастығы деп, әлеуметтік желіге слайд ұйымдастырды. Біз бұны әке ұстанған ұлағатты жолдың құдіреті деп ұғынып, керемет әсерге бөлендік, — дейді қызы Әлия.

ӘУЛЕТ КЕНЖЕСІ — ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ

Темір қаласындағы Сақтаған Бәйішев атындағы орта мектепте ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған әулет тұңғышы Венера Оспанқызы бүгінде құрметті еңбек демалысына шықса,  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің математика факультетін бітірген Естай Едігеұлы осы оқу жылында Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне жұмысқа орналасқан. Зейнеткер Венера мен жас маман Естайдың арасындағы ұстаздықты таңдаған отбасы мүшелеріне тоқталсақ, бір орта ұжымды көз алдыңа елестетуге болады.

Әулет кенжесі Әлия Оспанқызы ауданның білім саласының  өркендеуіне өз үлесін қосып жүрген тындырымды жандардың бірі. Бүгінгі басшылық қызметіне дейін қаладағы бірқатар білім ошақтарына жетекшілік жасап,  аудандық Оқушылар сарайында, оқу бөлімінде жемісті еңбек етті. Өткен жылы аудандық мәслихаттың VII шақырылымының депутаты болып сайланып, халық сенімін аманат етіп арқалап жүр.

— Кейде биікке көтеріліп, бірде алға шығып жатсақ, осының барлығы ата-анамыздың тәрбиесінің арқасы деп білеміз. Қазір өзіндік ортасы мен тарихы қалыптасқан  Ә.Жангелдин атындағы орта мектебін басқарып отырмын. Ұстаздар қауымына қашанда қойылар талап біреу — ол жас ұрпаққа саналы тәрбие беру. Шәкіртің ілгеріден көрініп жатса, соның өзі ұстаз үшін үлкен ғанибет.  

Негізгі жұмысымыздан бөлек, қоғамдық істерге де белсене араласып, халық мүддесіне қал-қадірімізше қызмет етіп жүрген жайымыз бар. Халық қалаулысы аты айтып тұрғандай билік пен бұқараны жалғайтын алтын көпір болуы қажет. Сондықтан өзіме артылған сенімге мейлінше әділ қарағым келеді. Адалдық, біреудің алдына түспеу — біздің әулеттің әу бастан берік ұстанымы.      

Ата-анамыз бізге ауызбіршіліктің бекемдігінде береке бар деп үнемі айтатын. Қоғамдағы кей жәйттарға куә болғанда сол ақыл-кеңестері ойыма оралып, өзімді ұстамдылыққа шақырамын. Қазір әлемде жаһандану кезеңі. Бұндай жылдам уақыт ағымында кездесетін қыспақтардан тек бірлігіміз арқылы, ұлт болып ұйысқанда ғана ұтарымыз көп. Мұны мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында да шегелеп айтты. Сондықтан майда мәселені тере бермей, ынтымақ пен ізгілікке ұмтылсақ, бағытымыз да баянды болары хақ, — дейді депутат қыз.

«Ұстаз болу—ұлы іс». Осы ұлы іске іңкәрліктің жалыны Оспановтар отбасында әрқашанда лаулай берері анық. Өйткені, ұлағатты жолдағы әке аманатына адалдықтың білтесі бұл әулетте  тұтасынан тұтанған…

Мұхтар МЫРЗАЛИН.