ТӨРТ ОТБАСЫ ҮЙЛІ БОЛДЫ

  Аудан әкімі Жанболат Жидеханов Шалқар қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 4 отбасыға жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен сатып алынған коммуналдық тұрғын үйлердің кілтін табыстады. 

   Салтанатты рәсімде жаңа қоныс иелерімен жеке-жеке тілдесіп, қуаныштарымен құттықтады. 

 —Баспана қай кезеңде де өзекті мәселе. Елбасы, Мемлекет басшысының ұстанған саясаттарында баспана мәселесін шешу жайы алдыңғы лектен айтылып, үнемі жаңашыл бағдарламалар жасалып келеді. Бұл ретте өзіміздің ауданымыз бойынша да баспана кезегін күтіп жүргендер бар. Біз осы мәселені кезең-кезеңімен шешіп келеміз. Жыл басынан бері 20 отбасыға пәтер кілтін табыстадық. Алда да осы бағытта жұмысты жандандыра береміз. Баршаңызға жаңа баспаналарыңыз құтты болсын, — деп тілегін білдірді аудан басшысы.

    Аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Маржанкүл Бекетова үйлі болған отбасыларды қуаныштарымен құттықтап, бұның барлығы— Тәуелсіздігіміздің жемісі деп, жиналған қауымды ауызбіршілікпен еңбек етуге шақырды. 

    3 бөлмелі пәтерге ие болған  Жұлдыз Нұрадинова көптен күткен мәселесінің шешілгеніне ризашылығын білдіріп, осы іске ұйытқы болған барша азаматтарға аналық алғысын айтты.

Мұхтар МЫРЗАЛИН, Шалқар қаласы.