Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру — ветеринария саласындағы атқарылатын міндетті және жауапты жұмыстардың бір бөлігі. Бұл жұмыстар — мал төлдегеннен бастап атқарылатын науқанды шаралардың бірі. ҚР АШМ-нің 2019 жылғы 24 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген «Ауылшаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидасын бекіту туралы» ҚР АШМ-нің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №7-1/68 бұйрығына толықтырулар енгізіліп, жұмыстар жүргізілуде.
Елімізде алғаш рет 2010 жылдан бастап мүйізді ірі қара малдарын бірдейлендіру жұмыстары жүргізіле бастады. 2012-2013 жылдардан бастап қалған төрт түлік малдарды бірдейлендіру жұмыстары жүргізілді. Бірдейлендіру Ережесі бойынша Қазақстан аумағындағы ауыл шаруашылығы жануарлары міндетті түрде бірдейлендірілуге жатады. Ауыл шаруашылығы жануарларының төлі мынадай жасқа жеткен күннен бастап он төрт жұмыс күнінен кешіктірмей бірдейлендіріледі:
Бұзаулар, қозылар, лақтар, боталалар туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін;
Құлындар төрт айлық жасынан бастап;
Ауыл шаруашылығы жануарларын белгілеу түріне байланысты мынадай тәсілдердің бірімен жүзеге асырылады:
1) Жапсырмалау (ірі қара мал, ұсақ мал, түйелер);
2) Таңбалау (жылқы);
3) чиптау (электрондық бірдейлендіру түрі) (ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлері).
Жапсырмалау жануардың құлағына жапсырма бекіту және оны құлақтың ішкі жағынан ортасына қарай мүмкіндігінше оның түбіне жақын орналастыру жолымен жүзеге асырылады. Жануарлардың оң құлағына бір жапсырма бекітіледі. Жапсырма жануарлардың бүкіл тіршілік етуі бойынша шешілмейді. Таңбалау ыстық немесе суық тәсілмен жүзеге асырылады. Таңба дененің сол жағына: республиканың, облыстың және мал түрінің литерлік кодтары жауырынға, жеке нөмір жамбасқа қойылады. Бірдейлендірілген мал туралы мәліметтер «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» жөніндегі деректер базасына енгізіледі. Деректер базасында бірдейленген малдың жасы, жынысы, жүргізілген ветеринариялық іс-шаралардың, диагностикалық зерттеулердің түрі, нәтижесі, жүргізілген күні, малдың кепілдікке қойылғандығы және мал иесі туралы мәліметтер толық көлемде қамтылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіре отырып үш жұмыс күні ішінде жануардың иесіне ветеринариялық паспорт беріледі. Ветеринариялық паспортта жануардың жеке нөмірі, мал иесінің аты жөні, тұрғылықты жері және малға әр жылдарда жүргізілген ветеринариялық іс-шаралары жазылады. Осы жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған ветеринариялық ұйымдар атқарады, яғни аудандық ветеринариялық стансасының мамандары мен ауылдық округтердегі бөлімшелері. Көрсетілетін қызмет ақысыз түрде жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы жануаларына бірдейлендіруді жүргізудегі басты мақсат — жануарларға жеке номер беру арқылы түрлі ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың, диагностикалық тексерулердің жүргізілгендігіне, қозғалысына, сойылғанына, сатылғанына, ауырғанына бақылау жасау және мал есебін жүргізу болып табылады. Мал басын бірдейлендіру арқылы қажетті ветпрепараттарға тапсырыстар жасалады.
2018 жылы аудан бойынша жоспарлы түрде 10500 бас МІҚ, 36700 бас ұсақ мал, 1450 бас түйе малы, 6480 бас жылқы малы бірдейленіп, АЖБ (ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру) деректер қорына енгізілді. Сонымен қатар сойылған, өлген, сатылып кеткен малдар мал иесінің берген мәліметі бойынша уақытылы есептен шығарылуға тиіс. Сондай-ақ, шаруа қожалықтарындағы, жеке тұлғалардағы есепке алынбаған малдар уақытылы тіркеуге алынып, АЖБ деректер қорына енгізілуге тиісті. Бұл үшін әрбір мал иесі тұрғылықты жерінен округтің мал дәрігеріне барып өтініш беріп, малын бірдейлендіріп немесе таңбаландыру керек. Атқарылатын жұмыстар тікелей мал иесінің қатысуымен жүргізіледі. Егерде малы бірдейлендірілмесе немесе таңбаланбаса, яғни есепке алынып, АЖБ деректер қорына енгізілмесе, қажетті ветеринариялық іс-шаралардан өткізіл-месе мал иесіне малды сатуға, союға рұқсат етілетін ветеринариялық анықтама құжаты берілмейді. Сонымен қатар малдың саулығына ветеринариялық анықтама тұрғылықты жердегі мал дәрігері арқылы беріледі. Қазіргі таңда жылқы малының еркін жайылымынан ұрлану фактілері көп кездесуде. Осыған байланысты қожалық басшыларына GPS-трекер қондырғысын пайдалану, яғни жайылымда жүрген малды спутниктік бақылау тәжірибелері ұсынылуда.
Үстіміздегі жылдың 23 қаңтарында облыс әкімі Б.Сапарбаевтың 2019 жылға арналған Ақтөбе облысы бойынша бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алудың ведомствоаралық жоспарына сәйкес ауданда мал ұрлығына қарсы жұмысшы тобы құрылды. Жұмысшы топтың басты мақсаты — аудандағы мал ұрлығының алдын алу бойынша бірлескен рейдттер жүргізіп, мал ұрлығына тосқауыл қою. Жүргізілетін іс-шаралар барысында мал сою пункітіне, мал базарларына келетін малдардың құжаттары, мал таңбаларының құжатымен сәйкестігі, малдың осы адамға тиесілігі туралы тексеру жұмыстары жүргі-зіледі. Ағымдағы жылдың басында мал сою пунктіне Бозой ауылдық округінен ешқандай құжатсыз 5 бас сиыр малын тасымалдап келе жатқан Шалқар қаласының тұрғыны Е.Тұрғанбаевқа аудандық ІІБ қызметкерлерімен бірлесіп тексеру жүргізілді. Тексеру барысында сиыр малдарында ветеринариялық ілеспе құжаттар, малдың құлақ жапсырмалары, ветеринариялық паспорттары болмағандығы анықталды. Тексеру барысында Е.Тұрғанбаевқа әкімшілік шара алу жөнінде акт жасалып, аудандық ветеринариялық инспекция тарапынан ӘҚБтК-нің 406-бабы бойынша құжатсыз мал тасымалдағаны үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Осыған байланысты тасымалданатын ауыл шаруашылығы жануарларының және одан алынатын өнімдердің ветеринариялық талаптарға сай ілеспе құжаттары болуға тиісті. Алдағы уақытта осындай жағдайлар орын алмау үшін ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабына сәйкес төрт түлік мал ұстайтын заңды және жеке тұлғалар қолдағы бар малын уақытылы тіркеуге қойып, ветеринариялық-профилактикалық шаралардан өткізуге міндетті.
Бердімұрат Бекжанов, аудандық ветеринария бөлімінің басшысы.