АРДАГЕРЛЕР ҮЙІ АШЫЛДЫ

Жақында қаладағы Есет Көтібарұлы көшесі №80 үй мекен-жайында ардагерлер үйі ашылды. Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Бауыржан Қаниев қатысып, аудан ардагерлерін қуанышты сәттерімен құттықтады.

— Ортамызда жүрген қарияларымыз бір кездері елі, халқы, келешек ұрпағы үшін жанқиярлық еңбектер атқарды. Қазіргі кезде де мемлекет тарапынан ардагерлерге үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Елім деп тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан алдыңғы буын аға-апаларымыздың өмір жолдары бүгінгі ұрпаққа үлгі, баға жетпес қазына. Біз — қашан да үлкеннің сөзіне құлақ түріп, олардың байламына тоқтаған халықтың ұрпағымыз.

Шалқардай үлкен ауданда ардагерлердің басын қосатын жайлы орынның болуы кезек күттірмейтін мәселе еді. Соның сәті бүгін түсіп, қаланың орталығынан жайлы ғимарат пайдалануға беріліп отыр. Баршаңызды осы ғимаратқа қол жеткізулеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, әрдайым ақылшы ардагерлеріміз аман болып, арамызда жүре беріңіздер! — деп тілегін білдірді аудан басшысы.

Ғимараттың ашылу лентасын ауданның еңбек ардагерлері Оразбай Әділбаев пен Дәулетжан Елеусізов қиды. Сөз алған ардагерлер Оразбай Әділбаев, Қуанышбай Мұздақов, Дәулетжан Елеусізов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермекбай Тұрғанбаев аудан басшысының қолдауына шынайы ризашылықтарын білдіріп, ақсақалдық баталарын берді.

Бірнеше кең де жарық бөлмелерді қамтыған бұл үйдің бір қапталына аудандық дін істері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығы жайғасты.

«Бұл орталықтың да қазіргі уақытта қоғамымызда алар орыны ерекше. Ондағы мамандардың дені жастар екен. Алда ардагерлеріміз сол жастармен бірігіп ел игілігі жолында жақсы бастамалардың басынан табылады», — дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермекбай Тұрғанбаев.

Жаңа қонысқа жайғасқан ардагерлер үйіне шалқарлықтар бүгінде байғазы ретінде шахмат, дойбы, сынды т.б. керек-жарақтарды әкеліп беруде.

М. БОҚАН.