Қаламыздағы Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінде осы мектептің түлегі, ұзақ жылдар алғашқы әскери дайындық жетекшісі қызметін үлкен абыроймен атқарған, марқұм Өмірсай Жақсылықұлы Әлібековтың отбасына қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалі табыс етілді. Медаль «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығы кеңесінің шешімімен берілген. Награданы еңбегі көпке үлгі болған ұстаздың зайыбы Салтанатқа табыстаған ауданның білім бөлімінің әдістемелік-құрылымдық бөлімшесінің меңгерушісі Жанайдар Құдайбергенов, Өмірсай Жақсылықұлының көзі тірі кезіндегі өскелең ұрпаққа әскери-патриоттық тәрбие берудегі ерен еңбектерін атап өтті.
Шындығында ол осы білім ордасындағы өзінің 22 жыл бойғы тынымсыз еңбегінде үлкен табыстарға қол жеткізді. Мектеп — аудан көлемінде алғашқы әскери дайындық пәні бойынша тірек мектебі атанды. «Мың бала» клубын құрып, өз пәнін әдебиет, тарих, география, эстетика пәндерімен интеграциялап, шеберлігін танытты. Өзі дайындаған оқушылары аудандық, облыстық «Жас сарбаз», «Мерген ару» секілді әскери-патриоттық сайыстарда алғашқы орындардан көрінді. Шәкірттері сан мәрте мерекелік және әскери шерулерде мемлекеттік Туды ұстау мәртебесіне ие болды. Мектепте шахмат үйірмесін жүргізіп, оқушылары облыс, республика чемпиондары атанды. Өзі де дүбірлі дода, республикалық турнирлерде топ жарған жүлдегер атанып жүрді. Әрине, ізденімпаз болған ұстаздың еңбектері де елеусіз қалмапты. 2016 жылы республикалық «Үздік алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі» төсбелгісімен, республикалық «Қазбат» жауынгерлік ардагерлер одағының медалімен, 2019 жылы ҚР білім және ғылым министрлігінің Құрмет Грамотасымен, т.б. марапатталыпты. Отанасымен бірге үш бала тәрбиелеп, өсіріп барлығының жоғарғы білім алуына жағдай жасаған.
Мектеп директоры Әлия Оспанова 51 жасында өмірден өткен білікті де қайсар ұстаз көзі тірісінде ауданның білім саласының мақтанышы болғанын, ұстаздық жолдағы зор еңбегін атап өтті. Кезінде өзі баулып, тәрбиелеп, үлкен өмірге қанат қақтырған, бұл күнде ұлағатты ұстазының орнында қызмет атқарып жүрген шәкірті Мұхтар Дәрібаев та ағайын тебірене еске алды.
Шара барысында Өмірсай Жақсылықұлының басқа да ізбасарлары және әріптесі Мақсат Қанатбай өздерінің ыстық ықыластарын білдірді. Әлібековтер әулетінің атынан сөз алған Байсан Әлібеков өзі өмірден өтсе де кезіндегі ат-қарған еңбегін дәріптеп жатқан мектеп ұжымына, басқа да азаматтарға шын жүректен алғысын айтты. Шараға жиналған қауым ерен еңбек иесі болған Өмірсай Әлібековты бір минут үнсіздікпен еске алды.
Қ. ӘЛИН.