«Жас Ұлан» ұйымына оқушылар онлайн режимінде қабылданды

Тәуелсіздігіміздің әр жылы ғасырға бергісіз тарихи кезеңдер. Себебі, өткен кезеңнің әр жылында, әр күнінде еліміз үшін, оның болашағы үшін аса маңызды шешімдер қабылданып, қаншама айтулы оқиғалар жүзеге асты.
Бабалардан мұраға қалған жердің иесі, егеменді елдің ертеңі — жастар осы қол жеткізген табыстар мен жетістіктерімізді, әрине, тек мақтан тұтамыз. Жастар қазақстандықтардың азаттық рухында тәрбиеленген, болашағына нық сеніммен қарайтын жаңа буынын құрайды. Қазіргі таңда және болашақта еліміз бағындыратын талай асулар бар. Міне, осындай биік мақсаттар бізді тек алға жетелеуде. Мұны халқымыздың сан ғасырлар аңсаған арманының орындалғаны деп білемін. Бүгінде әлемнің озық елдерінің үлгілеріне, тәжірибелеріне сүйене отырып, өзіндік жолын таба білген Қазақстан қоғамының қарыштап дамуының басты ерекшелігі де осында.
Жас ұрпақтың тәрбие мәселесі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ерекше назарында. 2011 жылғы 11 ақпанда өткен «Nur Otan» партиясының XIII съезінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның жас азаматтарының басын біріктіретін «Жас ұлан» бірыңғай қозғалысы «Жас қыран» балалар ұйымдарының жаңа жүйесін құру керектігін атап өткен болатын. Айтылған сөзі араға жыл салмай бес ай ішінде іске асырылды. 2011 жылдың 6 шілдесінде, яғни Елорда күнінде «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы құрылды. «Жас ұлан» ұйымының мақсаты — өскелең жас ұрпақтың бойында патриоттық, білім мен өзін-өзі жетілдіруге деген құштарлық, беріктік. Отан тарихына, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі мен болашағына деген жауапкершілікті қалыптастыру.
Қазақстан халқының тілін, мәдениетін, тарихын білу негізінде өскелең жас ұрпақтың бойында рухани адамгершілік әлеуетті қалыптастыру, балалар мен жасөспірімдердің зияткерлік, шығармашылық және әлеуметтік дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасау, жауапкершілік пен еңбексүйгіштікті қалыптастыруға, көшбасшылық және ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытуға бағытталған баланың жеке тұлғалық қасиеттерін дамыту.
Әр өңірде «Жас ұлан» ұйымының бөлімдері құрылып, жұмыстары жандана бастады. Жоспар біреу, ой ортақ болғандықтан, іс нәтижесін бере бастады. 2011 жылдың желтоқсан айында сол кезде енді ғана ашылып жатқан №8 орта мектепте аудан әкімінің, ел ағаларының қатысуымен алғашқы «Жас Ұлан» ұйымына оқушыларды қабылдау рәсімі өткізілді. Осы сәттен кейін ұйым қатарына білім беру ұйымдарының үздік оқушылары қабылдануда.
2020 жылдың 14 желтоқсанында 16 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес зум платформасы арқылы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымына қабылдау салтанатты жиыны өткізілді. Еліміздегі қазіргі орын алған жағдайға байланысты икемделіп, қабылдау рәсімі онлайн режимде өткізілді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев, «Жас ұлан» ұйымына қабылданушы оқушылар, аға тәлімгерлер және ата-аналар қатысты. Шара барысында оқушыларға ұйымның мақсат-міндеттері таныстырылып, анты қабылданды. Сонымен бірге аудан әкімінің орынбасары А.Қонақбаев, ата-аналар құттықтау сөз сөйлеп, ұйымға қабылданушы оқушыларға жылы лебіздерін білдірді. Сол сәтте 399 оқушы «Жас ұланға», 587 оқушы «Жас қыранға» қабылданды.
Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы білім беру ұйымдарында танымдық, зияткерлік, шығармашылық, еңбексүйгіштік бағытта өз жұмыстарын жоспарлы түрде үздіксіз жүргізіп келеді.
Ел ертеңі өскелең ұрпақ осылайша мақсат қойып, алға ұмтылады. Жас ұландар болашағын құруды бүгіннен бастап кетті.

Абзал АБДЫКОВ,
Шалқар ауданының білім
бөлімінің басшысы.