ЦЕХ ӨНІМ КӨЛЕМІН ҰЛҒАЙТТЫ

Қаламыздағы «Талап» сервистік дайындау орталығының жанынан ашылған мал сою және ет өңдеу цехы ғимараты 138 шаршы метрге кеңейіп, өзінің өндірістік әлеуетін ұлғайтты. Бұл күнде жалпы көлемі 800 шаршы метрге дейінгі жерді алып жатқан цехтың тәулігіне 20 ірі қараға дейін қабылдап, союға мүмкіндігі бар.

Жұмысын жандандыра бастаған мал сою цехына арнайы барған аудан әкімі Жанболат Жидеханов цехтың өндірістік көлемін ұлғайтып, өнім сапасын арттырып, оның халық сұранысына ие болуы қуантарлық жағдай екенін жеткізді. Мемлекет басшысының алға қойып отырған басты міндеттерінің бірі — ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін жоғарылату, етті мал шаруашылығын дамыту және басқа да тиімді жобалар арқылы халықтың әл-ауқатын нығайту болса, осындай шағын өндіріс орындарының осы міндетті атқаруда септігі мол екеніне тоқталды. Және аудан әкімі өлкеміздегі төрт түлік мал өсірумен айналысатын 500-ге тарта қожалықтың бар екенін, бұл мал сою цехының жұмыс көлемі әлде де молайып, халыққа қызметінің артатынына сенім білдірді. Сонымен бірге, осы жұмысты ұйымдастырып, жүргізіп отырған «Талап» сервистік дайындау орталығының директоры Шыңғыс Мусинге алғысын айтты.

Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Ермек Бекмағанбетов аудан орталығында орын тепкен бұл мал сою цехының шаруаларға да, халыққа да қызмет істеп келе жатқанын, жалпы тұрғындарға қажет өнім дайындап, оның түрін көбейтіп отырғаны өте құптарлық екеніне тоқталды. Ал цех көлемінің ұлғайып, оның өнімдерінің халық сұранысына ие болуы бүгінгі күні цех көлемінің ұлғайғанынан-ақ көрінетінін жеткізді және кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
Осы игі шараны ұйымдастырып жүрген азамат, «Талап» сервистік дайындау орталығының директоры Шыңғыс Мусин несие алмай, өз қаржысына 138 шаршы метрге дейін цех ғимаратын ұлғайтып, оған жаңа заман талабына сай құрал-жабдықтар қойғанымен бөлісті. Мәселен, қымбат бағаға сатып алынған -40 градусқа дейін бірден қатыратын тоңазытқыштың өзі жұмыстарын тиімді атқаруға үлкен септігін тигізіп тұр екен. Жалпы цехта толық дайындауды қажет ететін азық-түліктер — жартылай фабрикаттар дайындалады.
— Бізден шығарылатын жартылай фабрикаттар өнімдері: тұшпара, манты, фрикаделькилер, колтлеттер, т.б. қаладағы барлық азық-түлік дүкендеріне салынады, халықтың тұтынуы жақсы. Тоңазытқышы бар «Газель» көлігін сатып алдық, енді өнімдерімізді сыртқа шығаруға мүмкіндік бар. Бүгінгі күні 11 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Енді, міне, цехымыздың ұлғаюына байланысты тағы да қосымша 15 адамға дейін жұмысшы алуды ойластырудамыз, — деді Шыңғыс Мұратұлы.
Сонымен бірге Ш.Мусин ет өнімдерін дайындау цехында шаруа қожалықтарынан, тұрғындардан барлық талаптарға сай тексеріліп, мал қабылдап сойылатынын, семіздігіне қарай әр ет келісіне 1500-1600 теңгеге дейін төленетінін айтты.

Қыдыралы ӘЛИН, «Шалқар».