12 қараша күні С.Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде «Nur Otan» партиясы Шалқар аудандық филиалының кезектен тыс ХХХІ конференциясы өтті. Оған аудан әкімі Жанболат Жидеханов, партия филиалының саяси кеңес мүшелері, бастауыш партия ұйымдарынан сайланған делегаттар, арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Конференцияны «Nur Otan» партиясы Шалқар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жарылғасын Шамбалаев ашып, ауданда 2661 партия мүшелері араларынан 56 делегат сайланғанын, олардың барлығы осы конференцияға түгел қатысып отырғанын жеткізді. Бұдан соң әрбір делегаттың қолдарына беріліп қойылған тізім бойынша мандат және есеп комиссияларының құрамдары бекітілді және конференцияның төмендегідей күн тәртібі ұсынылды: «Nur Otan» партиясы Шалқар аудандық филиалының төрағасын тағайындау туралы, «Nur Otan» партиясының Шалқар ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасын бекіту туралы, пікірсайыстардың қорытындылары бойынша кандидаттар үшін дауыс беру, «Nur Otan» партиясынан Шал-қар ауданы мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімді бекіту туралы және «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының кезектен тыс ХХХ конференциясына делегаттарды сайлау туралы мәселелер қаралды.
Конференцияға қатысушы делегаттардың өкілеттілігін растау үшін мандат комиссиясының төрағасы Алтынбай Беркімбаевтың баяндамасы тыңдалды. Баяндамашы аудандық конференцияға 56 делегат сайланғанын, олардың ішінде ауылдық округтерден 24 делегат, Шалқар қаласынан 32 делегат қатысып отырғанын, барлық делегаттар бастауыш партия ұйымдары жиналыстарының хаттамасымен ұсынылғанын, өкілдік нормасы бойынша 50 партия мүшелерінен бір делегат сақталғанын, делегаттар саны кворумға сәйкес екенін жеткізді. Және «Nur Otan» партиясы Шалқар аудандық филиалының кезектен тыс ХХХІ конференциясының мандат комиссиясы конференцияға қатысып отырған делегаттардың өкілеттілігін растайтынын айтты. Мандат комиссиясының хабарламасы бекітілгеннен кейін, делегаттардың өкілеттілігі күшіне енді.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша желі арқылы «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облысы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов сөз сөйлеп, 17 өңірдің ішінде Ақтөбе облысы праймеризді жоғары деңгейде өткізгенін, соның ішінде Шалқар ауданы саяси мәні зор үлкен оқиғаны өте жақсы ұйымдастырғанын, партияның берген тапсырмасын мүлтіксіз орындап отырғанын айтты. Алдағы келе жатқан сайлау науқанына тас-түйін дайын болу керек екеніне тоқталды және «Nur Otan» партиясы Шалқар аудандық филиалы төрағалығына партияның орталық аппаратының келісімімен, Ақтөбе облысының әкімі, партияның облыстық филиалы төрағасы Оңдасын Оразалиннің шешімімен аудан әкімі Жанболат Жидехановтың тағайындалғанын мәлімдеп, құттықтау лебізін жеткізді, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Елбасының, ел Президентінің берілген тапсырмаларын жоғары деңгейде орындауға шақырды.
Бұдан соң «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Жанболат Жидеханов конференцияны жүргізу тізгінін қолға алып, күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша делегаттардан өздеріне танысу үшін ұсынылған «Nur Otan» партиясы Шалқар ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасына ұсыныстарын сұрады. Делегаттар дауыс беріп, бағдарламаны бірауыздан бекітті.
Бұдан кейін «Nur Otan» партиясы Шалқар аудандық филиалы Саяси кеңесінің Бюросы бекіткен тізімге сәйкес, пікірсайысқа қатысушылар №5 мектеп-лицейінің мұғалімі Динара Алшора, Алабас негізгі мектебінің директоры Асылбек Тілеужанов, «Қазақстан теміржолы» жүк тасымалы» акционерлік қоғамы Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінің директоры Бурихан Беркимбаев, «Қазақстан минералды сулары» ЖШС директорының кеңесшісі Бердібек Шәкірбекұлы, аудан әкімінің орынбасары Қайрат Ақшолақ, «Тетис Арал Газ» ЖШС Бозой мұнай-газ өндірістік басқармасының басшысы Қабылжан Оразалиев ортаға шығып, өздерінің бағдарламаларын делегаттарға түсіндірді. Бағдарламаларында жастар мәселесі, елді мекендердің жағдайларын жақсарту, ауыл шаруашылығын дамыту, Шалқар көлінің жағдайын жақсарту, т.б. мәселелер айтылды. Барлық пікірсайысқа қатысушылардың басты мақсаты — жалпы халықтың әл-ауқатын арттыру, жастарға қолайлы орта қалыптастыру болды.
Бұдан соң делегаттар пікірсайысқа қатысушыларға «Праймериз» ақпараттық жүйесі бойынша дауыс беріп, нәтижесінде Бурихан Беркимбаев 55 дауыспен 98 пайыз, Бердібек Шәкірбекұлы 41 дауыспен 73 пайыз, Динара Алшора 28 дауыспен 50 пайыз, Қайрат Ақшолақ 18 дауыспен 32 пайыз, Қабылжан Оразалиев 11 дауыспен 19 пайыз, Асылбек Тілеужанов 10 дауыспен 18 пайыз жинады.
Ең жоғары дауыс жинаған Бурихан Беркимбаев «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының кезектен тыс ХХХ конференциясына делегат, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісіне партиялық тізімге пікірсайысқа қатысушы ретінде ұсынылды және дауыс беру нәтижесінде жоғары дауыс жинаған үш үміткер: Бурихан Беркимбаев, Бердібек Шәкірбекұлы, Динара Алшора Ақтөбе облыстық мәслихатына депутаттыққа сайлау үшін партиялық тізімге енгізуге ұсынылды.
Төртінші мәселе, аумақтық сайлау округі бойынша Шалқар ауданының мәслихатына депутаттыққа сайлау үшін «Nur Otan» партиясынан Шал-қар аудандық филиалының партиялық тізімі делегаттарға дауыс беру үшін ұсынылды. Мандатпен дауыс беру нәтижесінде құрамы 26 адамнан тұратын партиялық тізім бекітіліп, аудандық сайлау комиссиясына тіркеу үшін жолданды.
Бесінші мәселе бойынша, делегаттарға дауыс беру үшін «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалының кезектен тыс ХХХ конференциясына қатысу үшін делегат ретінде сегіз адамнан тұратын тізім ұсынылды. Мандат бойынша дауыс беру нәтижесінде тізімдегі партия мүшелері бірауыздан сайланды.
«Nur Otan» партиясы Шалқар аудандық филиалының төрағасы Ж.Жидеханов конференцияның өз мәнінде өтуіне біркісідей атсалысқан делегаттарға алғысын білдіріп, алдағы жылдың қаңтар айында елімізде болатын үлкен саяси сайлау науқанын да бірлікпен, ынтымақпен өткізуге шақырды.
«Nur Otan» партиясы Шалқар аудандық филиалы.