Өткен аптада Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен шалқарлық ақын, журналист, Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспір-імдер кітапханасының директоры Гүлжайнар Нәренқызы Қалдинаның «Ақынның үйі Боздала» атты рухани әдеби-сазды кеші өтті. Әрине, оған барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, ән мен жыр сүйер оқырмандар, ақынның ауылдастары, ұстаздары, бірге оқыған достары қатысты.
Әдеби кеш Гүлжайнардың сөзіне жазылған «Отаным — отбасым» өлеңімен ашылды. Көрермендерге бас кейіпкерді өзі сомдаған «Ақ пен қара» қойылымы да жақсы әсер қалдырды. Мәнерлеп оқуға машықтанып жүрген жеткіншектер ақынның «Сенім», «Ақтөбемен сырласу», «Әй, менің Аққайтымым» өлеңдерін тыңдарман қауымға әсерлі жеткізді.
Жүргізушілер залда отырған қауымды Гүлжайнар Қалдинаның өмір, еңбек жолы және жетістіктерімен таныстырды. 1981 жылы Шал-қар ауданының Аққайтым ауылында дүниеге келген ол өзінің еңбекқорлығы мен талантының арқасында бірқатар биіктерді бағындырған. Жыр сүйер шалқарлықтар ақын қыздың жетістіктерін естіп, біліп едәуір марқайып қалды.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған ол еңбек жолын облыстық «Ақтөбе» газетінде бастаған. 2003 жылы С.Томанов атындағы жүлде үшін Алматы қаласында өткен республикалық ақындар мүшайрасының үшінші орын иегері, 2007 жылы Қ.Яссауи атындағы жүлде үшін Түркістан қаласында болған республикалық жыр бәйгесінің екінші орын жеңімпазы, 2011 жылғы республикалық жас қаламгерлер фестивалінің лауреаты. Қазақстан Жазушылар Одағы тағайындаған Т.Молдағалиев атындағы арнайы сыйлықтың иегері, М.Жұмабаевқа арналған жазба ақындар бәйгесінің екінші орын иегері, Орал қаласында «Ардақтысы Алаштың» атты Жаһанша Досмұхамедов атындағы ақындар мүшайрасының бірінші орын жеңімпазы, 2012 жылы өткен Астана қаласындағы мәдениет министрлігі ұйымдастыр-ған драматургтер байқауында «Қырсық балапан» пьесасы бірінші орын иеленген, «Тәуелсіздік толғауы» республикалық конкурсының драматургия номинациясы бойынша екі дүркін жеңімпазы атан-ған.
Г.Қалдинаның Қазақстан Жазушылар Одағының ұсынысы бойынша әке рухына деген құрметпен «Жалын» баспасынан мемлекеттік тапсырыс бойынша «Әке әлдиі» деген жыр жинағы жарық көрсе, 2017 жылы облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен «Үн» атты өлеңдер жинағы басылып шықты. Бұл күн-дері Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасын басқарып отырған ақын қызымыз оқырмандарын рухани қазына — түрлі кітаптарды оқуға тартып, ақын-жазушылардың жан жадыратар жыр кештерін ұйымдастырып, өнегелі әдеби бағдарламаларды өткізуден жалыққан емес.
Кездесу кешінде Гүл-жайнардың мектептегі ұстаздары, сыныптастары, әке-шешесінің көзін көрген ауылдастары сахнаға шығып естеліктерімен бөлісті. Үлкен сахнаға ақын ретінде шығып, бірқатар белестерді бағындырып, жетістіктерге жеткен Гүлжайнардың бала кезіндегі ән-жырға құмарлығын, өмірге құштар болғанын әңгімеледі.
Белгілі қоғам қайраткері, ақын, ағартушы Ахмет Байтұрсынов «Балам дейтін елі болмаса, елім дейтін балаң қайдан болсын» деген екен. Жинал-ған жұртшылықтың алдына мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қамбар Бұхарбаев шығып, шалқарлықтардың мерейін көтеріп, жырсүйер қауымды өзіндік өрнегі бар өлеңдерімен сусындатып жүрген ақын қызға аудан әкімі Жанболат Жидехановтың атынан Алғыс хат тапсырып, иығына камзол жапты және сый-сияпаттар табыс етті. Қазақ поэзиясына сара жол салып, айшықты ерекшеліктерімен таныла беруіне, өлең, жыр атты рухани құндылықпен егемен еліміздің нұрлы болашағына үн қоса беруіне тілектестігін білдірді.
Сондай-ақ, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Гүлсара Сейілова музей басшылығының атынан Алғыс хат пен сыйлықтар тапсырды. Гүлжайнардың алғашқы өлеңдері жарияланып, поэзия әлеміне енуіне сәт-сапар тілеген аудандық «Шалқар» газетінің ардагер-журналисі Өрік Наурызғалиева талантты да талапты ақын сіңілісіне ақ тілегін ақтарып, алдағы уақытта да шығармашылық табыстар тіледі.
Әрине, ақынның жыр кешін аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары әуезді әндер шырқап, көрікті қылды.
Қалам — досым. Қағаз — серік. Мұң — жаным, Тәтті мұңды қалай құрбан қыламын, — деп бір сәтте өлең жолдарын ақ қағазға түсіруден жалықпаған ақын қыз өзін қошеметпен қаумалаған жыр сүйер қауымға алғысын білдіріп, өзі өрнектеген өлең жолдарына жазылған әнін шырқады.
Жалпы, ақындық өнер — сөз өнерінің аса қадірлі саласы, ақын бойындағы шығармашылық қуат пен шынайы таланттың биік өлшемі. Әдебиеттегі сезім мен сырға толы поэтик, дәстүр мен ақын шабытының ұштаса келіп, өлең құдіретінің жарқырап көрінер әсемдік әлемі. Осындай өрнегі өзгеше әлемде ақындық талантымен танылып жүрген Гүлжайнар Нәрен-қызына алдағы уақытта да биіктен көріне бер демекпіз.
Кеш соңында еңбек ардагері Өмірзақ Жұмабаев ақын қызға ақ батасын берді.
Қыдыралы ӘЛИН,
«Шалқар».