ҮЛКЕНДІ ҚҰРМЕТТЕУ — ПАРЫЗЫМЫЗ

Үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Қариялар халқымыздың өткені мен бүгіні, тұнып тұрған тарихымыз. «Қарттары бар елдің қазынасы бар» деп текке айтылмаған. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеуде үлкендердің берер тәлімі көп.
Қарттар күні мерекесіне орай аудандық жастар ресурстық орталығы және аудандық аналар кеңесінің бірлесе ұйымдастыруымен «Мейірім керек адамға» атты мерекелік іс-шара өткізді. Шара барысында ауданымыздың белсенді волонтерлары қарттармен бірге орталық саябақта серуендеп, әңгімелесті.
Бекзада Таженова, қарт ана: — Бізге көп нәрсенің керегі жоқ, осындай жылы сөз, сіздердің құрметтеріңіз болса жеткілікті. Біздер бала сияқтымыз жылы сөзге мәз боп немесе кішкене ауыр сөзге ренжіп қаламыз. Ата-аналарыңа рахмет, сендердей балаларды тәрбиелеп өсірген. Қызметтерің жоғарылай берсін, халықтың алғысына бөлене беріңдер. Біздің жасымызды берсін, — деп батасын берді.
Одан соң аудандық тарихи-өлкетану мұражай қызметкерлері қарттарымызды ерекше ілтипатпен күтіп алып, жәдігерлермен таныстырды. Шара Анаға тағзым орталығында жалғасын тапты. Қарттарымызбен бірге аналар кеңесінің мүшелері волонтерлар арасында топтық жұмыстар ұйымдастырды. Топтық жұмыс барысында қатысушылар белсенділік танытты, ән де шырқалды, би де биленді. Ең бастысы, ардагерлер қауымы дән риза болып, алғыстарын білдірді.
Біздің де тілегіміз, еңбегінің зейнетін көріп отырған қазыналы қарттарымыздың қатары ортаймасын. Көрер қызықтары көп болғай.

Аудандық жастар ресурстық орталығы.