ЕЛ — ҚАРТТАРЫМЕН ҚАЗЫНАЛЫ

1 ҚАЗАН — ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРТТАР КҮНІ

«Қартың болса ауылыңда жазып қойған хатпен тең» дегендей, ел қарттарымен қазыналы. Қашаннан бері қанатты сөзге айналған осы ұғым өмірде ақиқатқа айналды. Әсіресе, имандылық қасиетіне жас күнінен ұйыған біздің қазақ баласы үлкеннің алдын кеспей, ардақтап, басы жерге жеткенше сыйлап өткен. Көненің көзіндей абыз ақсақалдардың ақыл ойы, кемеңгерлік сөздері береке бірлігімізді арттырып, қашан да ой-өрісімізді ұлғайтып келеді. Сондықтан да қазыналы қарттарымызға қандай құрмет көрсетсек те лайық.
Ардагерлер мемлекеттің тікелей қамқорлығында. Олар да өз кезегінде еліміздегі ауызбіршілік, тыныштық, халықты, елді барлық басшылықтың төңірегіне топтастыру, алда тұрған міндеттерді орындауға жұмылдыру ісіне шама-шарқынша өз үлестерін қосуда.
Ауданымызда төрт мыңдай ардагер-зейнеткерлер тұрады, 26 бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Әкімдермен бірлесе отырып халық арасында береке бірлікті насихаттап, дәстүрлі әдет-ғұрыпты сақтап, халықтық мерекелерді өткізуге өздерінің біліктілігі мен қажырлылығын көрсетіп жүрген бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары аз емес. Атап айтсақ, Кішіқұм бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Аққайыр Оразбаев, Жаңақоныс бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Құлмырза Кемал, т.б. Биылғы жыл елімізге көп қиындықтар әкелді. Әлемді жайлаған індеттің кесірінен жоспарлы жұмыстардың орындалуына кедергілер болды, жол жүру, қарым-қатынас азайды. Жеңістің 75 жылдығына орай марапаттау секілді игілікті істер алдағы уақытта өзінің жалғасын табады деп ойлаймын. Ауданда бір ғана Ұлы Отан соғысының ардагері қалды, ол Шудабай Тақаев. Тыл ардагерлерінің өзі бүгінгі күні 80-90 жас аралығында. Осы ардагерлерге құрмет кешіктірілмеу керек.
Еңбек ардагерлерінен басқа да жәрдемді, қамқорлықты қажет ететін жандар аз емес. Осыларды ескерген аудан басшылығы биыл тұрмысы төмен көпбалалы жеке басты аналарға бюджеттен 13 үй сатып алып берді. Алтын, күміс алқалы аналарға демалыс орындарына 20 жолдама берілді. Бұндай қамқорлық алдағы уақытта да көрсетіле беретініне сенемін.
Ардагер деген қасиетті ұғым, ақсақал деген киелі сөз. Бұл ұғым, сөз халықтың, тарихтың, уақыттың жарлығымен берілген. Біз — үлкенді құрметтеп, сыйлап, тыңдап, көктеп, көгерген халықпыз. Кейінгілер ақсақалдарға қарап бой түзейді, ой түйеді.
1 қазан — Халықаралық қарттар күні бәрімізге құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, береке бірлігіміз арта берсін.

Қуанышбай КНЯЗБАЕВ,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.