ҚР Үкіметінің 2004 жылғы 31 желтоқсандағы №1458 қаулысымен бекітілген еліміздің территориясында аңшылық жасау тәртібіне ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы №1364 қаулысына сәйкес аңшылық шаруашылықтарында үш айға жуық, яғни осы жылдың 5 қыркүйегі мен 30 қарашасы аралығында күзгі аңшылық жасауға рұқсат берілді.
Біздің ауданда аңшылық құратын әуесқойлардың негізгі аңшылық құру объектісі — құстар. Осыған орай 5 қыркүйек мен 30 қараша аралығында әуесқой аңшыларға құс ату үшін маусымдық жолдамалар берілуде. Осыған байланысты ауданымызда тұратын аңшылар аудандық әуесқой аңшылар қоғамына келіп, мүшелік жарналарын төлеп, тиісті мағлұматтар, жолдама алулары керек. Өз еркімен тиісті құжатсыз, жолдамасыз құс атуға болмайды. Бұл жөнінде тәртіптің сақталуын аудандық аңшылар қоғамы, басқа да құзырлы органдар тәртіп сақшылары жәрдем беріп, атсалысулары керек. Аңшылық жасауға аудан көлемінде аңшылар қоғамына бекітіліп берілген мына көлдер жатады: Балғасын, Сулыкөл, Дәрібай, Қопасор, Жомарт, Лақалы, көне Шалқар және жаңа Шалқар көлдері.
Міне, осы көлдер тиісті мерзім уақытында аңшылық құру үшін аудандық әуесқой аңшылар қоғамына аудан әкімдігінің қаулысымен бекітіліп берілген.
Аңшылар мынаны есте сақтаулары керек. Құстың ұрғашысына, топ болып ұшып келе жатқан құстарға мылтық атуға болмайды және түнгі уақытта құс атуға тиым салынады. Сонымен қатар, қасқыр, қарға, сауысқан, қаңғы иттер мен мысықтарды және басқа жабайы жануарларды атуға болмайды. Сонымен бірге биылдан бастап елді мекеннен үш шақырымнан жақын қашықтықта аңшылық жасауға болмайды деген тәртіп алынып тасталды, ара қашықтық егерьлердің көрсетуімен болады.
Ескерту: аңшылар 15 қазанға дейін сейсенбі, сәрсенбі тыныштық күндері екенін ұмытпаулары керек. Тағы да айтарымыз аудан көлемінде тұратын аңшылар аудандық әуесқой аңшылар қоғамына келіп, өзін ойландырып жүрген сұрақтарына тиісті ақпараттар алуларына болады.
Қоғамның мекен-жайы: Шалқар қаласы, О. Құлетов көшесі, №19 үй, телефоны: 27-1-17, 8-702-132-0424.
З.ШЕРИПОВ,
аудандық әуесқой аңшылар қоғамының төрағасы.