ЖАНСЕРІК 175 шақырымды бағындырды

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, шартарапта түрлі мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылуда. Олардың арасында спорт сүйер қауымның делебесін қоздырар түрлі сайыстар да бар.

Павлодар облысындағы «Ertis runners» клубы қолға алған 175 шақырымдық онлайн-марафоны сондай тартысты додалардың бірі болатын. Үстіміздегі жылдың маусым айының 29-ы мен 9 тамыз күндері аралығын қамтыған шара, еліміздегі спортты жанына жақын тартқан жандардың назарын өзіне ерекше аудартқан. Аталған клуб басшысы Дихан Аманжоловтың сөзінше, бұл сайысқа қатысуға аз ғана уақыттың ішінде еліміз бойынша 500-дің үстінде адам өтінім жасаған.
—175 шақырымды жүгіру бір қарағанға биік меже көрінуі мүмкін. Алайда, оны алты аптаға бөлсеңіз, әр сайыскерге күніне кем дегенде 4 шақырымнан келеді. Бұл спортқа қызығушылығы бар әр адамның қолынан келетін іс. Сайыскерлер ұялы телефондарына арнайы «Strava» қосымшасын жүктеп алып, күнделікті қанша шақырым жүгіргендігін орталыққа нақтылап отырады, — дейді клуб басшысы еліміздегі іргелі басылым «Казахстанская правда»-ға берген сұхбатында.
Осы онлайн-марафонға Шалқар қаласының тұрғыны, кәсіпкер Жансерік Исмайлов та қатысып, бағын сынап көрді. Нәтижесінде, жерлесіміз жүлдегерлердің қатарына ілігіп, жеңімпаз атанды. Оған Абай күні мерекесі қарсаңында алыстан ақжолтай хабар жетіп, Павлодар облыстық мәдениет басқармасы тарапынан тағайындалған арнайы сыйлықтар бар екендігі ескертілген.
—Таңдаған мамандығымның бағыты өзге болғанымен, жастайымнан спортқа бейім болдым. Бұған дейін де түрлі спорттық додаларда бақ сынап, жақсы нәтижелерге қол жеткіздім. Өткен жылдың қарашасында Өзбекстан республикасының астанасы Ташкентте ардагерлер арасында дзюдодан өткен сайыста бағымды сынап, ІІІ орынды иелендім. Ал Ұлы ақын Абайдың мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған бұл шараға қатысуды өзіме азаматтық борыш санадым. Сөйтіп, желіде жасақталған арнайы топқа алғашқылардың қатарында болып еніп, қатысуға өтінім жасадым. Өйткені, ақынның ұлылығын ардақтап, оның жолында өнегелі іспен айналысу өз ортаң мен отбасың үшін де үлгілі іс, — дейді Жансерік Тәңірбергенұлы.
Жансерік күнделікті онлайн-марафонын аудан орталығындағы «Алау» стадионында ертеңгілік уақытта өткізіп, «Strava» қосымшасы арқылы орталыққа есебін беріп, 29 күнде аяқтаған.
Ол күнделікті кәсібінде Абайдың масылдықтан арылу, еңбекқорлыққа жақын жүру жолындағы өсиеттерін басты ұстаным етіп, ойлы өлеңдердегі шумақтарды жатқа айтып жүреді. Таяуда өзінің әскери достары арасында Абай өлеңдерін жатқа оқу челленджінде де жақсы нәтижеге қол жеткізгенін бір жетістігіне санайды.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.