12 тамыз – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы күні екені барша қазақстандықтарға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы белгілі. Аталған күнгі болатын қоғамдық-саяси шарада халықтың ықпалымен, жергілікті мәслихат депутаттарының таңдауымен Ақтөбе облысы бойынша Сенат депутаттығына 3 кандидат тіркелген.
3 тамыз күні Қазақстан Республикасының Парламенті Сенаты депутаттығына кандидат Бауыржан Қаниев аудан әкімінің мәжіліс залында сайлаушылармен кездесу өткізді. Жиынды Шалқар аудандық мәслихатының хатшысы Сқақ Бигеев жүргізді.
Кандидаттың сенімді өкілі, мәдениет саласының ардагері Ғанибет Төлегенов Б.Қаниевтің өмірбаянымен таныстырып, халық сенімін ақтап еңбек етіп жүрген азамат екенін айтты. Облысымыздың аудандарын аралап, сайлаушылармен кездескенде Бауыржан Нұралыұлының бұрын өзі жұмыс атқарған аудандардың азаматтары бұл кісінің еңбекқорлығын, іскерлігін айтып, қолдау білдіретіндігін әңгімеледі. Және өзі басқарып келе жатқан 4 жылдың ішінде Шалқар ауданында да халық көңілінен шығар игі істердің атқарылғанына тоқтады. Сайлаушыларды 12 тамыз күнгі сайлауда Б.Қаниевтің кандидатурасын бір ауыздан қолдап, дауыс беруге шақырды.
Аудандық мәслихат депутаты М.Ержанов Бауыржан Нұралыұлының Шалқар ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына аянбай тер төккенін, оған барлық аудан халқының куә екенін жеткізді. Сонымен бірге көңілде жүрген ұсыныс тілектерін де жеткізді. Аудандық мәслихат депутаты Серік Жоламанов Б.Қаниевтің аудан әкімі ретінде өлкеміздегі спорт саласының дамуына сіңірген еңбегін жоғары бағалады. Екінші спорт мектебі ашылды, республикалық, облыстық айтулы спорт додалары біздің ауданымызда өтті. Соның арқасында жастар мен жасөспірімдердің спортқа деген қызығушылықтары артқанын айтты. Шығып сөйлеген екі депутат да алдағы болатын сайлауда сайлаушыларды Бауыржан Нұралыұлының кандидатурасын қолдап, дауыс беруге шақырды.
Бауыржан Қаниев сайлаушыларды өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырып, егер ҚР Парламенті Сенатының Депутаттығына сайланған жағдайда елдің дамуы үшін барлық күш жігерін салып, аянбай еңбек ететінін жеткізді.
Сайлауалды кездесуге аудандық мәслихат депутаттары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Өз тілшімізден.