Ақтоғай ауылдық округіне Қотыртас, Ақтан батыр, Қорғанжар елді мекендері қарайды. Жалпы халық саны — 915. Елімізде індеттің өршуі көптеген шаруаларға өз әсерін тигізуде. Шектеу шараларына байланысты округ тұрғындары арасында түсінік жұмыстары жүргізіліп, сақтық шараларын орындау басты назарға алынды. Округ бойынша арнайы топ құрылыс, көпшілік, сауда орындарында карантиндік шараларды сақтауды қамтамасыз ететін кең ауқымды ақпараттық түсіндіру жұмыстары және алдын алу шаралары жүзеге асырылып келеді. Әр адамға карантиндік режим талаптарын бұзған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартыландығы түсіндірілді.
Округте қоғамдық-саяси жағдай және діни ахуал тұрақты. Округ бойынша биылғы жылдың І жарты жылдығында жоспарланған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ауыл шаруашылығы бойынша МІҚ 1200 бас, қой-ешкі — 3500 бас, жылқы — 430 бас, түйе — 15 бас тіркеліп, өсу көрсеткіштері байқалады.
«Береке» шаруа қожалығы 7 млн. теңгеге «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша 20 бас жылқы алды. «Серік Н» өндірістік кооперативі құрылып, жұмыстарын бастады.
Алыс жайылымдарда ұңғымалар қазу, қажетті қондырғылар орнату 2 шаруа қожалығында жүргізілді. Қыс мезгілінде мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында 9400 тонна шөп дайындау жоспарланып, қазіргі таңда 7050 тонна шөп әзірленіп отыр. Шөп шабу науқанына 8 МТЗ-80 тракторы, 4 шөп буу, 4 шөп көтеретін техникалар тартылуда.
Шағын кәсіпкерлік саласында 23 кәсіпкерлік тіркелген. Оның ішінде 1 шаруа қожалығы, 4 азық-түлік дүкені, 1 тойхана, 1 монша, 1 шаштараз.
Округ бойынша мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті 3 отбасы алады.
Жыл басынан бері тұрақты жұмысқа 3 адам, уақытша жұмысқа 11 адам және қоғамдық жұмыспен 14 адам қамтылды. Округ бойынша 1 орта, 2 бастауыш мектеп бар. Қотыртас ауылындағы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен Ақтоғай орта мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 89 млн. теңге. «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасы да бірге жөндеуден өтуде.
Денсаулық саласы бойынша 1 фельдшерлік пункт жұмыс жасайды. «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында Қотыртас фельдшерлік пунктіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу басталды, қосымша бөлмелер қосылып жөнделуде. Мәдениет мекемелерінде әр мейрам күндерге байланысты және жоспарлы шаралар тұрақты онлайн режимінде өткізіліп отырады.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында 2000 жылғы түлектеріміз ауылдың саябақ жанына «Жүрегім — Ақтоғай» белгісін орнатты. Жоба құны — 700 мың теңге. Сонымен бірге ауыл жастары ауылдың кіреберіс жолына құны 650 мың теңге тұратын «Қош келдіңіздер!» белгісін орнатты. Қоғамдық тәртіп бойынша округтегі құрылған топ кешкілік рейдтер жүргізіп отырады. Осы уақыт аралығында қылмыстар және мал ұрлығы тіркелген жоқ.
Ерік Құрмаш,
Ақтоғай ауылдық округінің әкімі.