ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ПЕН ІЗГІЛІКТІҢ МЕРЕКЕСІ

Құрметті жерлестер! Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Осы жылы Құрбан айт мерекесі 31 шілдеге тура келіп тұр. 30 шілде — Арапа (иіс шығару) күні. Індетке байланысты Айт намазы еліміз бойынша оқылмайды. Құрбандықты 31 шілде күні таңғы жетіден бастап шала беруіңізге болады.
«Құрбан» сөзі — Алла Тағалаға жақындау мақсатында орындалатын құлшылық деген сөз. Құрбандық шалу үшін адам ақылды, азат, тұрғылықты және жағдайы бар болуы тиіс. Құрбандыққа қой-ешкі (бір жасар), сиыр (екі жасар) және түйе малы (бес жасар) жарамды. Қой-ешкі малын бір адам шала алатын болса, қалған сиыр мен түйе малын жеті адам бірігіп шалуына болады. Құрбандықтың еті үшке бөлінеді. Бір бөлігі өз отбасына, екіншісі ағайын-туысқа, ал үшінші бөлігі мұқтаж жандарға беріледі. Жанаман ахун Сейітімұлы мешітіне хабарласу арқылы құрбандық еттерін мұқтаждарға жеткізе аласыздар.
Айт мерекесі — үлкендердің кішілерге, кішілердің үлкендерге сыйлық жасайтын күні. Әсіресе, жасы кіші балаларымызға, немерелерімізге осы мерекенің мән-жайын түсіндіруіміз қажет. Өйткені олар — біздің діліміз бен дініміздің болашағы. Құрбандық шалу бұл — мұсылманның мұсылман екендігін көрсететін мүмкіндігі. Сіздерді құлшылығымызды орындап, мұқтаждардың мұңымен бөлісуге шақырамын.
Алла Тағала шалатын құрбандықтарыңызды қабыл алсын! Отбасыларыңыз бен ағайын-тумаларыңызбен бірге көрген жақсы күндеріңізді Жаратқан көп қылсын!

Бақыт Абдиисламұлы,
Мәтей Қоқанұлы атындағы
мешіттің бас имамы.