САУ БОЛҒЫҢ КЕЛСЕ, САУМАЛ ІШ

Адам баласы бір қиындықтарға тап болса, абыржып, кейде түймедейді түйедей етіп, көлденеңінен көсемсігендерге еріп, санасы сан саққа кетіп жүреді. Елімізді індет оты өршіген тұстан бастап түрлі ақпараттар теңіздей толқып жұртшылық жадын әбден жалықтырды. Дана халқымыз «Денсаулық — басты байлық », деп текке айтпаған ғой. Жалпы, халқымыздың әрбір қанатты сөздерінің астарында үлкен философия, ұрпақтан ұрпаққа шамшырақ болар мәнді ұғым жатыр. «Ауру — астан…» деудің өзінде де зор мән бар. Шынында да біз қазір не ішіп, не жеп жүрміз? Қызыл-жасылға құмар адамзат баласының ұрпағы да сөредегі көзді алар, таңдайға түскеннен тілді үйірер тағамдар мен сусындарға үйірсектеніп бара жатқаны шындық. Олардың аңсарын қалай өзгертеміз, тәбетін қалайша ұлттық тағамдарға арттырамыз? Үйімізде жандық сойылса, бұрынғыдай қойдың құлағы мен үйітілген сирағын жеуге асығатын қара домалақтар қатары неге соңғы уақытта сиреп кетті? Қойдың миынан ми палау жасап, құйрығын жұдырықтай етіп кесіп, жастарға асатар үлкендеріміздің «мырзалығы» қалайша жойылып барады? Міне, осындай бұрыннан бар жәйіттердің азайғаны мазалайды.

Күні бүгінге дейін өзге жерлерді айтпағанда, ауданымызда ұлттық сусындарға сұраныстың көп бола қоймағандығы бәрімізге де аян. Десек те табиғи жолмен әзірленген тағамға ешқандай жарнама мен мақтаудың аса қажеті де жоқ. Індет ылаңы елімізде өршіген күннен бастап, халқымыздың ежелден шөлін басып, ауқаты болған ерекше сусындары — қымыз бен шұбатқа сұраныстың артқанын көріп отырмыз. Қазір алдын ала тапсырыс бермесең, өзіміздің Шалқардың кез келген дүкенінен шұбат пен қымыз ішуге мүмкіндік болмай тұр. Бұл нені білдіреді? Демек, біздің иммунитетімізді төл асымыз ғана көтеретініне осы тұста тағыда көзің жете түседі.
Біз де бала болдық, үлкендердің асқа деген құрметін көріп, санамызға ұғынып есейдік. Адал жолмен табылған астың барлығы да құнарлы һәм денсаулыққа пайдалы. Сондықтан өскелең буын, әсіресе, жар жағалаған кішкентай сәбилерімізге ұлттық тағамдарымыздың дәмін көбірек таттырып, дені сау ұрпақ тәрбиелеуге зейін қоюымыз қажет-ақ.
Әлемді шарпыған мына тажал індеттің кесірі бізге осыны меңзеп тұрғандай. Өйткені індет ілмегіне ілініп, о дүниелік болғандар хақында жауапты мамандар олардың иммунитетінің нашарлығын айтып, өз болжамдарымен дәлелдеуде. Ол да дұрыс шығар.
Өзім шәкірттерге дене шынықтыру пәнінен ұзақ жылдар дәріс берген тәжірибеме сүйене отырып, жастарға әрдайым ширақ қимылда болып, дене жаттығуларын күнделікті сүйікті ісіне айналдыруға кеңес беремін. Қара жұмыстың қазанында жиі қайнау— спортпен шыңдалуға апаратын бірден-бір төте жол деуге болар. Өйткені, денеміз үздіксіз қимылда болып, уақытымыздың денін тыста өткізсек, адамның асқа деген тәбеті де жақсы болары дәлелденген мысал емес пе?!
Қандай да кеселге иілмейтін бойымызда түзу иммунитет қалыптастыру үшін салауаттылықты ұстанып, ұлттық тағамдарымызға мейлінше жақын болу артық болмасы бәрімізге де ұғынықты.
Осы ретте төрт түлікті тең өргізіп қана қоймай одан өнім алуды көздеген шаруаларды көбірек насихаттаған жөн сияқты. Малының санын айтып қана емес, қорасында екі-үш қарасы болса да оны таңмен таласа тұрып сауып, жұртшылыққа өнімін ұсынып жүрген еңбекқор азаматтарды жиі айтып, өзгелерге үлгі еткеніміз жарасымды. Еңбек еткенге мүмкіндік жолдары өздігінен ашылады.
Шалқар қаласында тұрып-ақ, түйе, бие ұстап, сауып, тұрғындарға шұбат, саумалын ұсынып жүрген талапты жастарымыз бар. Солардың бірі — көп балалы жас ата-ана Ғалия Сабанқызы мен Нұрболат Мұқанбетжанұлы.
Олар 2018 жылдан бастап осы тірлікпен айналысып, халық алғысына бөленіп келеді. Өзім де сол үйден уақытылы барып, саумал ішетіндердің бірімін. Үй иелерінің қолынан бір кесе саумал ішіп, көлдей алғысын жаудырып жатқан тұрғындарды көргенде адам мен адамның риясыз нық байланысына осындай берекелі кәсіптерде сеп болатына сенесің.
— Саумалға сұраныс болмай қалған күн бізде жоқтың қасы. Алда осы ісімізді үлкен кәсіпке ұластыру үшін Үкіметтен берілетін несиелерді де алып көргіміз келеді. Айдын Шалқар көлінің жағасы қымыз бен шұбат ұсынатын орынға сұранып-ақ тұр. Сол жағалаудан қазақтың алты қанат киіз үйін тігіп, ұлттық сусындарымызды сапырып отырсақ, жұрттың назары да сонда ауары сөзсіз ғой, — деп бізбен елге пайдалы ойымен бөлісті Ғалия.
Шынында да саумалдан нәпақа тапқан қос жұптың айтып отырған жоспарларының болашағы зор. Осындай ілгеріні ойлайтын жастарды қолдап, еңбек майданына демеп жіберсек, оладың қоғамымызға тигізер пайдасы да мол.
Несиелер берер жемісі айқын кәсіп иелеріне үлестіріліп, уақытпен санаспайтын талапты азаматтардың қолдарына тисе екен деген ой келеді осындайда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізді індеті жайлаған кезден бастап, халқына бірнеше мәрте Үндеулер мен Мәлімдемелер жолдады. Сондағы менің бір байқағаным — әлем елдерінің даму процесінде алдағы уақытта үлкен өзгерістер болатындығы. Ол кезде нағыз еңбек торыларының дәурені алға жылжитын сияқты.
Иә, еңбектің берер берекесі бұрыннан да айтылып келе жатыр, алайда болашақта оның жөні бөлектеніп, еңбек еткендерге құрмет те артатын болды. Мемлекет басшысының: «Біз қоғамның еңбеккерлерге деген көзқарасын түпкілікті өзгертуіміз керек. Әрбір еңбек құрметке лайық болуы қажет… Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» деген сөзі осыған дәлел. Осы тұста ұлттық руханиятымызды ұмытпай қазақы қанымызбен қабысатын кәсіптерге көбірек көңіл бөлген жөн. Бұл жерде біздің ұлттық тағамдарымыздың жарнамасы жер жаһанға жетіп тұрса деген жүрек түкпірімізде үміт оты маздайды.
Бойымыздағы таза қанымызды сақтап, денсаулығымыздың кез келген кеселдерге төтеп беруіне осы өзіміздің тағамдарымыз шипа болары айқын.

         * * *

Қандай қиын сәттерде де біздің ауызбіршілігіміз бен сабырлылығымыз алдыңғы орыннан түспеуі қажет. Әлем елдерін уысында ұстаған індет қарқыны да таяу уақыттарда бәсеңдер. Ықылымнан қиындық пен қуаныш ерлі-зайыптылардай егіз емес пе еді? Бүгінгі көрген ауыртпалықтарымыз алда келместің кемесіне мініп кетіп, жүзімізді нұрландырар, әр қазақтың төрінен той-думанның күмбірі шалықтар қуанышты, жемісті күндер де келер.
Алла баршамызға сондай жақсылықтарды көруге нәсіп етсін!

Бағжан ЖОЛАМАНОВ,
ардагер-ұстаз.
Шалқар қаласы.