Елдегі қазіргі санитарлық-эпидемиологиялық күрделі жағдайға қарамастан ауданымызда да білім беру нысандарын салу, жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Солардың бірі — қаламыздағы ғасырдан астам тарихы бар №5 мектеп-лицейі жаңа ғимаратының құрылысы.
Аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, жалпы ауданы 5358,1 шаршы метрді құрайтын жаңа мектеп ғимараты 3 қабатқа, 320 орынға шақталған. Бас мердігер — «Атамекен» ЖШС-і.
Біз осы құрылыстың басы-қасында жүрген аталған ЖШС бас директоры Жаңабай Мусахановқа жолығып, жұмыс барысы жөнінде сұраған едік.
— Білім ордасының бастауыш сынып оқушылары оқыған бұрынғы оқу ғимараты бұзылды. Оның орнына жаңа типтегі, заманауи, зәулім мектеп ғимаратының құрылысы басталды. Қазір іргетасын салу жұмыстары жүргізілуде. Оған қажетті материалдар толық жеткізілді.
Құрылыс басында 25 жұмысшы-қызметкер еңбек етеді. Олардың басым көпшілігі— жергілікті тұрғындар. Сонымен қатар қажетті арнайы техникалар жұмылдырылуда. Жаңадан бой көтеретін білім ұясының жобасында спорт зал мен асхана қарастырылған, — дейді Жаңабай Мусабайұлы.
Сонымен қатар Кішіқұм ауылдық округі Қарашоқат стансасында Қарашоқат орта мектебі жаңа ғимаратының құрылысы басталды.
Жалпы ауданы 2471,3 шаршы метрді құрайтын мектеп — 120 орындық. Бас мердігер — «SCS Инжиниринг» ЖШС-і.
Шалғайда орналасқан елді мекен — Бозой ауылының электр желілерін қайта жарақтау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, жалпы электр желісінің ұзындығы 19,577 шақырымды құрайды. Мердігер — «Нұр-Талап и К» ЖШС-і.
Өткен жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп басталған құрылыс жұмысы биыл «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасына енгізіліп, оған республикалық бюджеттен 154 002,0 теңге, облыстық бюджеттен 17 112,0 қаржы бөлінген. Қазір объекті бойынша жобаланған электр желілері толығымен жүргізіліп, ескі желіден ажыратып, жаңа желіге қосу (демонтаж) жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, биыл қаладағы Әйтеке би көшесінің (Ахмет Жұбанов көшесінен Шалқар көлі жағалауына дейін) автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мердігер «Жалаугер-НС» ЖШС-мен 33014,016 мың теңгеге және Есет Көтібарұлы көшесінің (Ахмет Жұбанов көшесінен Шалқар көлі жағалауына дейін) автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мердігер «АқтөбеСтройРемонт» ЖШС-мен 31999,555 мың теңгеге келісім-шарт жасалды. Яғни бүгінгі таңда аталған көшелерге асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.
С.ҰЛЫҚПАНОВ.