АУЫЛ КІТАПХАНАСЫ ОҚЫРМАНДАРЫМЕН МЕРЕЙЛІ

Білім көкжиегін кеңейтер кітапханаға білімді жастар мен көзі қарақты оқырмандар жиі бас сұқса кітапханашыға мұнан асқан құрметтің қажеті жоқ. Себебі, кітапхана — ата-бабаларымыздың ақыл-ойын, өсиетнамаларын, небір ғасырлардың куәгеріне айналған туған әдебиетін аманаттап, ел-жұртқа жеткізетін киелі орта . Осы бір он бес жылға жуық ауыл мәдениетін көтеруге ерекше атсалысып, фестивальдар мен әдеби кештер, байқаулар мен конкурстар тіптен аймақтық ақындар айтысын өткізіп, халықтың ерекше ықыласына бөленген Тоғыз ауылдық кітапханасы соңғы екі ай шамасында еліміздегі қазіргі карантинге байланысты қойылған тәртіптерге бағынып, өз іс-шараларын жүйелі түрде үздіксіз жалғастыруда.
«Көппен көрген ұлы той» демекші, өзге әріптестерімен бірге соңғы уақыттарда онлайн жүйесінде өткізіп жатқан мәдени жұмыстары оқырмандар назарын өзіне аудартуда.
Мәселен, 9 мамыр — Жеңістің 75 жылдық мерекесіне орай дайындаған «Ерлікке тағзым» атты онлайн жүйесінде өткізілген кітаптар көрмесімен қатар шағын мерекелік кеш. Аталмыш көрмеде Ұлы Отан соғысы дәуірін суреттейтін әдебиеттермен қатар жауынгер жазушылар, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы мен Қасым Қайсеновтің шығармаларынан библиографиялық шолу жұмыстары жүргізілді.Ал шара соңында оқырмандар назарына шағын мерекелік әндер мен монологтар ұсынылды.
Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған ақын өлеңдерінің инста байқауы болды.
Ұлы ойшыл, философ, әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл Фарабидің 1150 жылдық мерекесіне орай арнайы кітапхана бұрышынан стенд жасалып, кітаптар көрмесі жасақталып, онлайн жүйесі арқылы оқырмандарға тарту етілді. Көрмеге ұлы ойшылдың еңбектері жинақталған кітаптарымен қатар Шығыс Европа елдеріндегі ғұлама ғалымдардың баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары орын алды.
31 мамыр — Саяси-қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Алаш зиялылары» тақырыбындағы кітаптар көрмесінің жұмысы өз жемісін берді. Көрмеден елі үшін жандарын пида еткен репрессия құрбандарының еңбектері мен олар туралы жазылған баспасөз беттеріндегі пікірлер мен ой толғаулар орын алды.
1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Балаларға базарлық» атты шағын мерекелік кеш ұйымдастырылды. Аталмыш мерекеге ауыл кітапханасының биылғы тіркелген жаңа оқырман бүлдіршіндері шақырылып, кітапхана атынан тәттілер үлестірілді. Сондай-ақ, төл мереке иелерінің құрметіне мерекелік әндер мен әсем билер тарту етілді.
Кеш барысында сөз алған ауыл әкімі Бекболат Ідірісов бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтай келе ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
4 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Рәміздері күні мерекесі қарсаңына екі бірдей мәдени бағыттағы шара өз үйлесімін таба білді. «Рәміздер — ел мақтанышы» атты фотосюжетті әрі баспасөз беттерінде жарияланған мерекелік мақалалармен қоса Елбасы кітаптарымен Қазақстан Республикасының Конституциясы қойылды. Аталмыш көрмеге мектебіміздің биылғы «Алтын белгі» және «Үздік аттестат» иегерлері шақырылды. Сондай-ақ, Мемлекеттік туымыздың асқақ құрметіне арнап онлайн бағытында челендж жұмысы өз нәтижесін берді.
Және де 23 маусым — Мемлекттік қызметкерлер күніне орай «Мемлекеттік қызмет — жауапты міндет» тақырыбында ауыл әкімі Бекболат Ідірісовпен сұхбаттасу сағаты өткізілді. Аталмыш сұхбат ауыл кітапханасының оқу залында еркін форматта өтті.
Сонымен қатар 1 шілде — Ұлттық домбыра күніне орай ауылдық кітапхана мен клубтың бірігіп ұйымдастыруымен «Қазағымның қазынасы — домбыра» атты шағын мерекелік сазды кеш өткізілді. Шара ауыл кітапханасының оқу залында өтті. Кеш барысында қазақ халқының ұлттық билері биленіп, әндері айтылып, ең бастысы қос ішекті қара домбыраның шанағынан әсем әуенді күйлер төгілді.

Ж.ӘБІШЕВ,Тоғыз ауылдық округінің
кітапханашысы.