ШӨП ШАБУ НАУҚАНЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Ауыл шаруашылығы құрылымдары, шөп шабатын бригадалар шабындықтағы жұмысқа кірісіп жатыр. Жеке тракторымен шабындыққа шыққан бірлі-жарым тұрғындар да мал азығын дайындаудың қамымен жүр. Қазіргі таңда күннің ашық-жарығында қыстақтарға, аулаларға шөп тасымалдау жұмыстары жүріп жатыр. Ауа-райы қолайлы болып, техникалар да ақаусыз жұмыс істеп тұр. Шаруа баққан орақшылар жоспардың үдесінен шығуды ойлап, аптап ыстыққа дейін қарқынды жұмыс істеуге ынталануда.
Қазіргі таңда аудан бойынша қолда бар мал басы: МІҚ — 44935 бас, қой-ешкі —132070 бас, жылқы — 29739 бас, түйе — 11445 бас.
Ауданға көрсетілген көлемдегі мал басын қысқы шөппен қамтамасыз ету үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан 15 маусымнан 9 тамыз аралығында екі айлық 266700 тонна шөп дайындау міндеті қойылған болатын. Жеке тұлғаларға мал азығын дайындауға ауылдық әкімшілік жерлері мен босалқы жерлерден жер ұсынылып, шөп шабуға мүмкіндік берілуде және шаруашылықтар өздерінің шабындық жерлерінен және әр округте шөп дайындайтын бригадалар құрылып, шөп шабуда.
Қала және барлық ауылдық округтерге мал санына қарай мал азығын дайындау көлемі берілді.
Бүгінгі таңда аудан бойынша екпінді екі айлық мал азығын дайындау науқаны, дайындалған шөпті қыстақтарға және орталық басына ұйымшылдықпен тасу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан бойынша мал азығын дайындау жұмыстарына 97 трактор, 157 шалғы, 90 тырма, 45 шөп буғыш, 24 шөп көтергіш, 78 тіркеме қатыстырылуда.
Шөп дайындау науқанын қарқынды жүргізудің бір жолы — жаңадан техникалар алу. Ағымдағы жылы Мөңке би ауылдық округінен «Досжан» ш/қ 1 трактор, 1 шөп буғыш, 1 шөп көтергіш, «Бақытжан-С» ш/қ 1 шөп буғышын, Есет Көтібарұлы а/о-нен «Жомарт» ш/қ 2 трактор, Шетырғыз ауылдық окруігінен «Қуаныш» ш/қ 1 трактор, «Құлтас» ш/қ 1 трактор, Шалқар қаласынан «Баубек» ш/қ 1 трактор, 1 шөп буғыш, 1 шөп көтергішін лизингке сатып алды.
Аудан бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдарынан Есет Көтібарұлы ауылдық округінен «Жомарт», «Бағдат», «Мойынқұм» шаруа қожалықтарында, Шалқар ауылдық округінен «Айнұр», «Ебес» шаруа қожалықтарында, Мөңке би ауылдық округінен «Досжан», «Азамат», Жаңақоныс ауылдық округінен «Тұрар», «Жаңбыр», «Дархан», Шетырғыз ауылдық округінен «Елеукен» шаруа қожалығында, «МТС Қаратоғай» ӨК, Қауылжыр ауылдық округінен «Әділ-Жан-Би Әлібек» ш/қ, Ақтоғай ауылдық округінен «Қызылсаз» ш/қ, Айшуақ ауылдық округінен «Дархан» ш/қ, Бозой ауылдық округінде «Ақжол», «Наурыз-М» шаруа қожалықтарында мал азығын дайындау жұмыстары жақсы жолға қойылған. Аталған шаруашылықтар жыл сайын ауылдық округ және басқа ауылдық округ тұрғындарын да қысқы мал азығымен қамтамасыз етіп отырады.
Орақ науқаны басталып, мал азығын дайындау барысында басты қаперге алатыны — қауіпсіздік. Соған орай, биыл дала өртінің алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, техникалардың жай-күйін білу мақсатында ауданда арнайы топ құрылды. Аталмыш топ мүшелері ауылдық округтердегі шабындыққа шығатын техникаларды байқау өткізу үшін ауылдарды аралап қайтты. Тракторшыларға өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында өрт сөндіргіш құрал, киіз, сапалақ, күрек секілді керек-жарақтарын өздерімен бірге алып жүру жөнінде қатаң ескертіліп, болмаған жағдайда шара қолданылатыны жөнінде қатаң ескертілді.

Марғұлан ДОСЖАНОВ,
аудандық ауыл шаруашылығы
бөлімі басшысының орынбасары.