ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

13 шілде күні аудандық мәслихаттың кезекті алпысыншы сессиясы болды. Сессия басталар алдында оған төрағалық етіп отырған аудандық мәслихат депутаты Ж.Шамбалаев бүгін республика бойынша жалпыұлттық аза тұту күні екенін айтып, депутаттар індеттен құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Сессияда күн тәртібінде негізінен Шалқар ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерін орындау жөніндегі есебі қаралды. Бұл мәселе бойынша аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Жанболат Жидеханов ауданның 2020 жылдың алты айындағы әлеуметтік-экономикалық даму жайын баяндады. Ж.Жидеханов өткен жылдың қорытындысымен ауданда белгіленген негізгі экономикалық көрсеткіштер мен бағдарламалар бойынша негізінен тұрақты даму қалыптастырылғанын айтты. Жыл соңында бастау алған дерттің өршуіне байланысты көптеген елдердегі шектеулер жағдайы ел экономикасына өз әсерін тигізбей қоймады. Оның ішінде Қазақстан Республикасында да дерттің алдын алу, дағдарыс жағдайынан шығу жағдайлары сараланып, кешендік шаралар жоспарлары әзірленіп, жұмыстар жүргізілуде. Дей тұрғанмен, елдер арасындағы, еліміздің ішіндегі шекаралардың жабылып, жүріс тұрысқа шектеу қойылуы көптеген кәсіпорындардың, әсіресе сауда орындарының жұмыстарына үлкен кедергісін келтіріп отыр. Ауданда осындай жағдайдағы ҚР Үкіметінің, облыс әкімдігінің тапсырмалары қатаң басшылыққа алынып, тиісті шаралар қабылданып, жұмыстар жүргізілуде. Осы жағдайларды айта келген аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ж.Жидеханов ауданның 2020 жылдың 6 айындағы әлеуметтік-экономикалық дамуын төмендегідей баяндады:
— 2020 жылдың 1 шілдесіне аудан бюджетіне1 млрд. 657,2 млн. теңге салықтар мен төлемдер түсіп, жоспар 114,2%-ға немесе 206,9 млн. теңгеге артық орындалды. Өткен жылмен салыстырғанда 98,0% (жоспар 1450,3 млн. теңге).
Салық салу базасын кеңейтудің іс-шаралар жоспары бойынша ауданға 2020 жылдың 1 маусымына жоспар 8,1 млн. теңге болып белгіленіп, 9,0 млн. теңгеге немесе 112,9 пайызға орындалды. (Жылдық жоспар -93,0 млн. теңге, орындалуы 9,6 пайыз).
Аудан бюджетінің шығыстары 7934,9 млн. теңгені құрап, 100,0% орындалды.
Есепті мерзімде өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі 6 млрд 847,0 млн. теңгені құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 93,5 %.
Тау-кен өнеркәсібінде жалпы өнеркәсіп өнімінің 55,2 пайызын құрайтын 3 млрд. 782,0 млн. теңгенің өнімі өндірілді, нақты көлем индексі 84,0%. Өңдеу өнеркәсібінде 2 млрд. 547,8 млн. теңгенің өнімі өндірілді, нақты көлем индексі 117,2 %.
Биылғы жылы көптен бос тұрған бұрынғы «Көктас» минералды су құю цехының ғимараты жеке кәсіпкердің қаржысына минералды су құю және тәтті сусындар шығаратын цехқа қайта жарақталып,іске қосылды.
Бұл өз кезегінде өңдеу өнеркәсібінің көбеюіне үлес қосатын болады.
Ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 5 млрд 421,4 млн. теңгеге жетті, нақты көлем индексі 104,8 %.
Сала бойынша есепті кезеңде 340,0 млн.теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 172,9 пайыз.
Биылғы жылы сала бойынша 3 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтар болсақ, жалпы құны 880,0 млн. теңгені құрайтын Е.Көтібарұлы а/о қарасты «Нұралы» шаруа қожалығының 5000 басқа арналған мал бордақылау алаңы, инвестиция көлемі 3,0 млрд. теңгені құрайтын осы шаруашылықтың базасында құрылатын репродукторлы қой шаруашылығы және инвестиция көлемі 70,0 млн. теңгені құрайтын қуаттылығы күніне 0,5 тн сүт өңдейтін «Ақтөбе-Саумал» ЖШС-нің түйе сүтін өңдеу цехы. Аталған жобалар іске қосылып, толық қуаттылықта жұмыс жасағанда 60-қа жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп күтіледі.
Жыл сайын ауылшаруашылық құрылымдары мал басын көбейту мақсатындағы мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысып келеді.
Өткен жылы «Етті мал шаруашылығын дамыту» бағдарламасы шеңберінде аудан шаруашылықтары 291 бас МІҚ, 8158 бас асыл тұқымды қой сатып алды. «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы шеңберінде 10 жоба қатыстыру тапсырмасы берілсе, жыл бойы 14 жоба ұсынылып, 12-сі мақұлданды.
Биылғы жылы да «Сыбаға» бағдарлама аясында Шалқар қаласы, Е.Көтібарұлы, Шалқар, Бершүгір а/о бойынша 8 шаруа қожалығы 150 бас МІҚ және Айшуақ а/о бойынша 160 бас қой сатып алынды.
«Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша 8 шаруашылықтың жобалық құжаттары дайындалып, 5 шаруашылықтың 283,2 млн.теңгеге тапсырған өтінімдері мақұлданып, Айшуақ а/о қарасты «Талап» шаруа қожалығы 350 бас жылқы, 300 бас МІҚ, 500 бас қой, Е.Көтібарұлы а/о қарасты «Мұрагер» шаруа қожалығы 11 бас жылқы, Кішіқұм а/о қарасты «Бедер» шаруа қожалығы 34 бас жылқы, Шалқар қаласына қарасты «Мейрамбек» шаруа қожалығы 20 бас жылқы және «Баубек» шаруа қожалығы 35 бас жылқы, 25 бас түйе сатып алды. 3 шаруашылық 1009,5 млн.теңгеге несие қаражатын алуға құжаттарын тапсырды.
Бұдан басқа мал бордақылау алаңдарына бұқашықтар тапсыру, асыл тұқымды мал алу, алыс жайылымдарда ұңғымалар қазу, жаңадан шаруашылықтар құру сияқты тапсырмалармен жұмыстар жүргізілуде.
Жыл аяғына дейін берілген тапсырмалар толық орындалады деп жоспарланып отыр.
Ауданда бүгінгі таңға 8 асыл тұқымды мал шаруашылығы жұмыс жасайды.
2019 жылы 505 га. жерге картоп, көкөніс, бақша дақылдары егілсе, биылғы жылы 533 га жерге ұлғайтылды, бұл өткен жылдан 28 га жерге немесе 5,5 пайызға артық.
Қыс мезгілінде мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында 266,7 мың тонна шөп дайындау жоспарланып, қазіргі таңға 134,2 мың тоннасы дайындалды немесе 50,3%.-ға орындалды. Бұл бағытта шаруа қожалықтары 7 трактор, 3 шөп тайлағыш, 2 жүк көтергіш техникаларын сатып алды.
Аудандағы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2019 жылдың 1 маусымына 2123 бірлікті құрайды, оның 2075-і жұмыс жасайды немесе жұмыс жасайтын субъектілердің үлесі 97,7% құрайды. Өткен жылмен салыстырғанда сәйкесінше 102,9%; 106,1%.
Жыл басынан бері барлық қаржыландыру көздерінен аудан кәсіпкерлері 405,4 млн. теңге несие алып, қызмет көлемдерін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуда.
Оның ішінде, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 41 адам кәсібін кеңейтуге және жаңадан кәсібін ашуға шағын несие алуға жолдама алса, бүгінгі күнге 19 адам 77,5 млн.теңге несие алды.
«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 3 кәсіпкердің айналым қаражатын толықтыру мақсатында ұсынған жобалары мақұлданып, банктерде қаралуда.
Сонымен қатар, БҰҰ Даму бағдарламасы қолдауымен «Ecocenter» Қарағанды қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған конкурсына қатысып, отбасылық «Жібек жолы» тігін шеберханасы 1,7 млн. теңге, ЖК Г. Изимова фотосалонға қажетті құрал алу үшін 1,7 млн. теңге және А. Сағымбай 1,5 млн. теңге грант ұтып алып, жұмыстарын жүргізуде.
Ауданда халық тұтынатын азық-түліктің жәнедәрі-дәрмектің бағалары облыс бойынша орташа деңгейде. Бағаны тұрақтандыру мақсатында бөлшек сауда кәсіпорындарымен меморандумдар жасалды. Жыл басынан бері 17 рет ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, 26,0 млн. теңгенің өнімдері халыққа базар бағасынан төмен ұсынылды.
Қаладағы «Гаухартас», «Бек-Аслан». «Сұңқар», «Тұғыр» т.б. көтерме сауда дүкендері жанында халыққа қажетті азық түлік өнімдерінің жеткілікті қоры бар.
Жыл басынан бері 3 дүкен, минералды су құю цехы іске қосылды.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс және инвестиция саласында жыл басынан бері жеке тұрғындар есебінен 13775 шаршы метр 85 тұрғын үй салынды.
Қазір ауданда қала бойынша үй салу мақсатында жер алуға 1660 адам кезекте тұрса, биылғы жылы 70 жер учаскесін беру жоспарланып отыр.
Аудандық бюджет қаржысына Шалқар қаласынан 2 қабатты 8 пәтерлік жалдамалы коммуналдық тұрғын үй құрылысын салуға мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, СМП қалашығындағы 5 қабаттытұрғын үйді қайтажарақтауға, Биекенов көшесінен 16 пәтерлік 3 үйдің құрылысына, 8 пәтерлік 3 үйдің құрылысына жобалық- сметалық құжаттары дайындалуда.
2020 жылы республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен «Ауыл — Ел бесігі» жобасы, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы және аумақтық даму бағдарламасына сәйкес бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде, Шалқар қаласы, Бозой, Мөңке би ауылдарында су, газ, электр, кәріз желілерінің құрылысы және қайта жарақтау бойынша 10 жоба жүргізілуде.
Қазіргі таңға су желілерінің құрылысы және қайта жарақтау бойынша 9 елді мекенді қамтыған 3 жоба (жалпы құны 2570,2 млн. теңге), кәріз желілеріне қатысты 1 жоба (жалпы құны 136,3 млн. теңге) бойынша тиісті басқармаларға бюджеттік өтінімдер беріліп, Тоғыз, Шағыр, Шілікті елді мекендерінің су желілерін қайта жарақтау бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстарын бастауға облыстық бюджеттен 100,0 мың теңге қаржы бөлінді.
Есепті кезеңде негізгі капиталға 6 млрд. 016,3 млн. теңге инвестиция тартылса, 3 млрд. 941,1 млн. теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Өткен жылдары салынған газ құбыры нысандары құрылыстарының аяқталуына байланысты инвестиция және құрылыс жұмыстары бойынша төмендеу орын алып отыр.
Ауданда ірі құрылыс жұмыстары жүрмегенмен жоғарыда аталған бюджеттік инвестициялардан басқа бюджеттен тыс инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда.
Ауданда биылғы жылға «Туған жерге тағзым» акциясы аясында бюджеттен тыс қаржыға 108,7 млн. теңгенің 22 ірі жобасы және кіші жобалар жоспарланып, қазіргі таңдағы жағдайға 19,7 млн. теңгенің 9 ірі және 13 кіші жобалары жүзеге асырылды.
Қала және ауылдық округтер бойынша жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың қаржысына елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру, тазалық жұмыстары жоспарланып жүргізілуде.
Жалпы ауданда құрылыс, қайта жарақтау, күрделі жөндеу, орташа жөндеу, ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша барлығы 4 млрд. 854 млн. 400 мың теңгенің 32 жобасы жүзеге асырылуда, оның ішінде аудандық бюджет есебінен 9 жоба, 608 млн. 800 мың теңге.
Жолдар. Ауданаралық және ауданішілік жолдардың жағдайы бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі болып саналады.
Соңғы жылдары қала көшелерін кезең-кезеңмен жөндеу жұмыстары жолға қойылып келеді. Өткен жылы аудандық бюджет қаржысына қаланың бес көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, облыстық бюджет есебінен оңтүстік өткелден Шалқар-Ырғыз трассасына дейінгі айналма жолды және Шалқар-Бозой бағытындағы жолды орташа жөндеу жұмыстары жалғастырылды. Биылғы жылы да Шалқар-Бозой бағытындағы жолды жөндеу жұмыстары жалғастырылуда және айналма жолдың жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы аясында» Шалқар қаласында күрделі жөндеу бойынша 4 жоба, орташа жөндеу бойынша 2 жоба, ағымдағы жөндеу бойынша 2 жоба және Мөңке би ауылында орташа жөндеу бойынша 1 жоба, «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында Бозой ауылындағы 1 көшені орташа жөндеу жүзеге асырылуда.
Жер қатынастары бойынша қазіргі таңда қаладан және елді мекендер аумағынан жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскелерін алып, 3 жылға дейін пайдаланбай отырған жер иелеріне анықтау жұмыстары жүргізіліп, жер учаскелерінқайтарып алу жұмыстары жүргізілуде. 2016-2018 жылдар аралағында табыс етілген 839 жер учаскесіне түгендеу жүргізіліп, 135 жер учаскесі пайдаланбағаны үшін қайтарылып алынып, кезекте тұрған азаматтарға берілді.
Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы 9 жер учаскесінің 49,9 мың га. жер мемлекет меншігіне кері қайтарылды. Босалқы жер қорындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін қайта айналымға енгізу үшін 3 конкурс өткізіліп, 95 жер учаскесінің 1994,4 мың га. жері ұсынылып, нәтижесінде 40 учаске 75,5 мың га. жер бойынша жеңімпаз анықталды.
Кәсіпкерлік мақсаттағы жер телімдері бойынша 17 жер пайдаланушыға көлемі 247,8 мың шаршы метр болатын 17 жер учаскесіне келісім-шарт жасалып, 18,1 млн. теңге қаржы бюджетке түсірілді. Уақытша өтеулі жер пайдалану жалға алу құқығымен 369,6 мың шаршы метр болатын 51 жер учаскесі жалға берілді. Жыл басынан бері жер учаскелерін беруден 1,4 млн. теңге қаржы түсірілді.
Есепті мерзімде ауданда жұмыспен қамтуға көмектесу жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асырудың нәтижесінде 725 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. 499 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жол картасы аясында жүзеге асырылып жатқан 14 жоба бойынша жұмыспен қамту орталығы арқылы 209 адамға жолдама беріліп, жоспар толық орындалды. Бағдарлама аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 100 адам жіберу жоспарланып, шілде айынан бастап 15 адам жіберу жоспарлануда.
Әлеуметтік жұмысқа 180 адам, жастар практикасына 211 адам, қоғамдық жұмысқа 456 адам, оның ішінде 52-і «Жасыл ел» бойынша жіберілді.
«Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 80 адам кәсіпкерлік негізде оқуға жіберілді. Шағын несие алу үшін құжат тапсыруға 41 адам жолдама алып, құжаттарын тапсыруда. Қазіргі таңға 19 адам 77,5 млн. теңге несие алды.
Бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттар бойынша республикалық және жергілікті бюджеттен 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 56 адамға 29,8 млн. теңге бөлініп, бүгінгі күнге 7 адамға қайтарымсыз грант берілді.
Ресми жұмыссыздық деңгейі 3,3% құрады (745 адам).
152 отбасына 144,7 млн. теңге атаулы әлеуметтік жәрдемақы тағайындалып, 168 отбасына 2,1 млн. теңге тұрғын үй жәрдемі төленді. Сонымен қатар, 123 отбасына 189 балаға 6000 теңгеге кепілдендірілген пакет берілді.
Аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамту мақсатында жыл басынан бері республикалық бюджеттің 33,6 млн. теңге қаржысына 13 тұрғын үй сатып алынды.
Соныменқатар, мекемелердің, жеке кәсіпкерлердің қолдауымен 2250 адамға 17,1 млн. теңгенің қайырымдылық көмегі көрсетілді.
Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес, 89 мүгедекке гигиеналық құралдар, 35 мүгедекке сүйемел таяқтар мен балдақтар, 8 адамға кресло арбалар, 4 адамға сурдотехникалық құралдар, 37 адамға тифлотехникалық құралдар берілді.
Білім саласы туралы айтар болсақ, биылғы жылы қаладағы №5 орта мектебінің құрылысы және Қарашоқат ауылынан 120 орындық мектеп құрылыстары басталды.
«Жұмыспен қамту Жол картасы» аясында қаладағы №6 орта мектебі интернаты мен Қауылжыр ауылындағы ГКС-12 орта мектебі, Жылтыр ауылындағы Т.Шанов атындағы орта мектеп, Қотыртас ауылындағы Ақтоғай орта мектебінің ғимараттары күрделі жөндеуден өткізілуде, сонымен қатар, аудандық бюджет қаржысына Аққайтым ауылындағы Жаңақоныс орта мектебі және Қаңбақты аулындағы Аяққұм негізгі мектебінің ғимараттары да жөнделетін болады.
Сонымен қатар, Бегімбет ауылындағы Б.Сүлейменов атындағы орта мектебін аталған бағдарлама аясында күрделі жөндеуге қажетті бюджеттік өтінім ұсынылды.
Жалпы ауданда 23 орта, 7 негізгі, 5 бастауыш, барлығы 35 мектепте 8421 оқушы білім алды, 4 қосымша білім беру ұйымдары, 3 мектеп жанындағы интернаттар жұмыс жасады. (№6, №7 және Бозой орта мектептері).
Биылғы оқу жылын 51 оқушы «Алтын белгімен» бітіріп шықты. Әлемде болып жатқан жағдайға байланысты 4 тоқсан бойына оқушылар қашықтықтан білім алды. Қашықтықтан оқыту процесіне қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылып, еш кедергісіз оқу жылы аяқталды. 80,0 млн. теңгеге 500 дана ноутбук алып берілді. 2019-2020 оқу жылында оқу сапасы 62,3 пайызды құрады.
Аудандағы 27 балабақшада 1846 бала, мектеп жанынан ашылған 27 шағын орталықтарда 846 бала, барлығы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына 2692 бала тәрбиеленді. Мектепке дейінгі тәрбиемен 1-6 жас аралығындағы балаларды қамту 86,0 пайызды, 3-6 жас аралығындағы балаларды қамту 100 пайызды құрады.
Оқушылардың 19,4 пайызы, яғни 1386 бала аз қамтылғандар қатарына жатады, олар толығымен ыстық тамақпен қамтылды.
Мектептерді оқулықпен қамтуға 86,0 млн. теңгеге келісім-шартқа отырылды.
Денсаулық сақтау саласында аудан тұрғындарына аудандық орталық аурухана 75 керует орнымен, тәулігіне 250 адам қабылдайтын аудандық емханасымен, 7 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт, 19 медициналық пункт қызмет көрсетеді.
Денсаулық сақтаудың салалық бағдарламасы бойынша тиісті іс-шаралар жүзеге асырылуда. Скринингтік тексерулер жоспарға сәйкес жүргізіліп отыр. Жыл басынан бері квота арқылы медициналық ем алуға Астана қаласына 22 адам жолданса, телемедицина арқылы 7 кеңес алынды.
«Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде» 40,0 млн. теңгенің дәрі-дәрмегі тегін берілді.
Есепті кезеңде 1000 адамға шаққанда бала туу 3,4 %-ға, жалпы өлім көрсеткіші 5,8%-ға көбейіп, нәтижесінде табиғи өсім 2,4 %-ға көбейді.
1 жасқа дейінгі балалар өлімі 6 бірлікті құрады (2019 ж. 5 бірлік), туберкулезбен науқастану 11 адам (2019 жылы 3 адам).
«Жұмыспен қамту жол картасы» аясында Қотыртас ауылындағы ФАП-қа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Жылтыр ДА амбулаториясының құрылысына, Байқадам ФАП-ін күрделі жөндеуге жобалық құжаттары дайындалып, облыстық денсаулық басқармасы арқылы бюджеттік өтінімдер ұсынылды.
Спорт саласында ауданда 150 әртүрлі спорттық нысандарда тұрғындардың дене шынықтыру және спортпен айналысуына мүмкіндіктер жасалған. Жыл басынан бері 3 мыңға жуық адамды қамтыған 150 спорттық-бұқаралық шаралар өткізілді.
Бұқаралық спортпен айналысушы тұрғындардың үлесі 36,2 пайызды құрайды.
Аудан бюджеті есебінен Бозой және Жылтыр ауылдарына ашық спорт алаңдарын орналастыруға 10,0 млн. теңге қаржы бөлінді.
Аудан спортшылары тарапынан облыс деңгейінде де жақсы жетістіктерге қол жеткізілуде. Атап айтқанда, ұлттық спорт түрлері чемпионатында Шалқар ауданы облыста көш басында тұр. Гір көтеру және қол күрестері бойынша да облыста алдыңғы үштіктер қатарында. Жалпы аудан бұқаралық спортпен шұғылдану бойынша облыста алдыңғы орында тұр, яғни аудан халқының 16501 адамы спортпен шұғылдануда. Бұл көрсеткіш бойынша өткен жылмен салыстырғанда 1,0 пайызға өсіп отыр.
Мәдениет саласында ауданда 34 мәдениет мекемелері, яғни 13 мәдениет үйлері мен клубтар және 21 кітапханалар жұмыс жасайды.
Мәдениет мекемелерінде даталы күндерге арналған және жоспарлы мәдени шаралар тұрақты өткізіліп отыр. Аудан өнерпаздары облыс деңгейінде өткізіліп жатқан шараларға да белсене қатысуда. Жазғы каникул кезінде балалардың сауықтыру демалысының тиімділігін және іспен шұғылдануын ұйымдастыру мақсатында балалардың бос уақыттарын ұйымдастыруға бағытталған жоспары жасалып, балаларға арналған ертеңгіліктер, кітапханаларға саяхат, мектеп жанындағы лагерьлерде кітап шолулары, көрмелер, концерттік бағдарламалар онлайн түрінде ұйымдастырылуда. Мәдениет мекемелері жанында 647 адамды қамтыған 56 үйірмелер жұмыс жасайды.
Қоғамдық тәртіп бойынша 2020 жылдың 1 шілдесіне барлық тіркелген қылмыстың саны 88, өткен жылмен салыстырғанда 4,3 пайызға азайды.
Оның ішінде бұрын сотталғандармен жасалғаны 12 бірлікке (2019-20), ішімдік ішкен күйде жасалғаны 13 бірлікке (2019-29), көшеде жасалғаны 8 бірлікке (2019-18), қоғамдық орындарда жасалғаны 4 бірлікке (2019+19), топпен жасалғаны 4 бірлікке (2019-5) азайып отыр.
Қылмыс түрлері бойынша ауыр қылмыс 3 бірлікке (2019-3), орташа ауырлықтағы қылмыс 2 бірлікке (2019-50), бұзақылық 2 бірлікке (2019-5) көбейсе, ауыр емес қылмыстар 2 бірлікке (2019-14), ұрлық 18 бірлікке (2019-43), оның ішінде мал ұрлығы 2 бірлікке (2019-14), пәтер ұрлығы 3 бірлікке (2019-9) азайған. Жалпы қылмыстың ашылу пайызы 80 пайыз шамасында.
Діни ахуал. Қазіргі таңда ауданда қоғамдық саяси және діни ахуал тұрақты. Әлеуметтік желілер мен баспасөз ақпарат құралдарында мамандар тарапынан үнемі бақыланып, мониторинг жүргізілуде.
Шалқар ауданы бойынша 8 діни бірлестік жұмыс жасайды. Оның ішінде 3-і қалада, 5-і ауылдық округтерде орналасқан. «Дін мәселелері және қоғаммен байланыс жөніндегі орталығының» теолог мамандары мешіт жамағатымен байланыс жасап, жұмыстарын жүргізуде.
Мамандармен түрлі форматтағы 23 жалпы кездесулер, 12 тікелей эфирлер ұйымдастырылды. Діни тақырыптарда тұрғындарға 1350 жадынамалар таратылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында барлығы 630 мақала жарияланды.
Сессия барысында баяндамашыға аудандық мәслихаттың депутаты Марат Ержанов екі сауал қойды. Біріншісі, СМП қалашығындағы бес қабатты үш үйдің қай уақытта жөнделетінін сұраса, екіншісі, Шалқар ауданында орын тепкен жиырмаға тарта мейрамхананың жұмысшы-қызметкерлері карантин шектеулерге байланысты жұмыссыз қалып отыр, олардың жағдайларының қалай шешілетіні болды. Бұл сұрақтарға жауап берген Ж.Жидеханов бес қабатты үш үйдің біреуі ғана жөндеуге жататынын, екеуі бұзылатынын айтты. Қазіргі күні жөнделетін көп қабатты бір үйдің жобалық-сметалық құнын шығаруға 18 миллион теңге бөлініп, жұмыстарының жүріп жатқанын жеткізді. Ал мейрамханалардың жұмысшы-қызметкерлеріне келетін болсақ, әлеуметтік көмек алу үшін оның тәртіптері бар. Мәселен, олар жұмыссыз есебінде еңбек биржасына тіркелу керек, бірақ, ол үшін бұрынғы жұмысынан шығулары қажет деді. 42500 теңге төлеу мәселесі республикалық деңгейде шешіледі, оған «Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан ұсыныстар келіп жатыр.
Сонымен бірге Ж.Жидеханов пневмания, коронавирус індеттерінің таралуы жөніндегі аудандағы бүгінгі ахуалға тоқталды. Әрине бұл дерттер халыққа оңай тиіп жатқан жоқ. Дегенмен, елдің азаматтары, кәсіпкерлер бірігіп есепшот ашып, қаражат жинап аурухананы оттегілер, дәрі-дәрмектер, дем алатын аппараттармен қамтуда. Аудан азаматтарының қолдан келген көмектерін беріп жатқандарын айтып, алғысын білдірді.
Сессияда қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Осы шешімдерге орай аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ж.Жидеханов сөз сөйлеп, қала әкімдеріне, бөлім басшыларына тапсырмалар беріп, нақты міндеттер жүктеді.

Өз тілшімізден