Әлемді індет шарпып тұр. Соңғы уақытта елімізде де пандемия торына түсушілер саны еселеніп, статистикалар да опық жегізер көрсеткіштерді көрсете бастады. Сағат сайын жаңарған ақпарат адам баласының санасын сан-саққа жүгіртіп, әлекке салуда. Бүгінгі кезең сапырылысқан ақпараттарды талқылап, бойымызды бейқамдыққа билететін уақыт емес. Халқымыз қашаннан да басына түскен қиындықтың артынан бір қайырын күткен. Алдымызда ондай оңды сәттер де туар, бірақ қазірден сақтық шараларына ерекше көңіл бөлген дұрыс болып тұр. Үкімет тарапынан осы індетті тойтару тұрғысында бірқатар шаралар алынып жатқанына баршамыз куәміз. Алайда бекіткен талаптардан аттап, індеттің өрісін кеңейтуге көбіне өзіміз себепші болып жүрміз.
Өткен аптаның аяғында аудан орталығындағы көп қабатты үйдің кіре берістеріне (подъезд), адамдардың көп шоғырланатын орындары, теміржол вокзалы ғимаратының іші сыртына, халыққа қызмет көрсететін мекеме ғимараттарының алдына, сондай-ақ асфальт жабындысы бар көшелерге залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Қала әкімінің орынбасары Найманбай Садықовтың сөзінше,бұндай жұмыстар алда да жалғасын табады. Осының барлығы жергілікті тұрғындардың, яғни өзіміздің амандығымыз, денсаулығымыздың бүтіндігі үшін жасалып жатқан қадамдар екенін білейік.
Әлемнің алпауыт елдерінің өзі — бұл індеттің алдында әлі де қауқарсыз болып тұр. Осыны ескерсек, әрбір есті азамат сақтық шараларына салғыртсынбай, ортақ қойылған талаптарды орындыға санап, бір-бірімізге жанашыр болғанымыз дұрыс. Қазір түрлі отырыстар мен той, садақаларға да шектеулер белгіленді.
Иә, өмір болғасын қуаныш пен өлім қатар жүреді. Осындайда, оның ішінде халқымыздың етене араласуға негізделген ырым жоралғылары бар… Елімізде төтенше жағдай талаптары толық күшін жоймаған кезеңде бұндай отбасылық шараларды мейлінше қысқартып, жасаған жағдайда да басты талаптарды жадыда сақтаған абзал. Уақытша бір- бірімізден алшақ болуды ағайындықтан ажыраудың белгісі десек — қателесеміз. Сондықтан еліміздің амандығы үшін, деніміздің саулығы үшін бір-бірімізге жанашыр болайық.
М.КӘДІРБЕРДІҰЛЫ, «Шалқар».