Ауданның төтенше жағдайлар бөлімімен №7 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Шалқар көлінің суға шомылуға тыйым салынған жерлеріне рейдтік іс-шаралар жүргізді. Бірер күннен кейін жаздың алғашқы айы басталады. Күн әлден ысып тұр. Бөлім қызметкерлері осы маусымдық кезеңде қауіпсіздік ережелерін сақтау мақсатындағы арнайы ескерту белгілерінің жәй-күйін тексерді. Көл жағалауына демалуға шыққандармен кездесіп, суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік талаптарын сақтау барысында нұсқаулықтар жүргізіп, олардың тұрғылықты жерлеріне қайту керек екендігін ескертті.
— Судан келетін қауіп те қатерлі. Шомылатын аумақтарды жалғыз біздің бөлім ғана емес аудандық полиция бөлімінің өкілдері де назарда ұстап, сақтық шаралары үшін адамдардың қауіпті қадамдарға бармауын ескертіп отырады. Суға түсу науқаны жақындап қалды. Жылда бірінші маусымнан бастап рұқсат берілетін, биыл карантин талаптарына байланысты шомылу маусымына байланысты нақты шешім енді белгілі болады. Шалқар көлінде «Солдат жағажайы» деп аталатын орын ғана суға түсуге белгіленген жер. Қалған жерлерге рұқсат етілмеген. Ескертуді елемей, белгіленбеген жерде суға шомылса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің талаптарымен қатаң шара алынады.
Суға түсу көңілге сая болғанымен одан опық жейтін жәйіттер де жыл сайын орын алуда. Мәселен, 2015-2019 жылдар аралығында еліміз бойынша 86 адам осыдан келетін қауіптен қайтыс болса, соның ішінде Шалқар ауданы бойынша тіркелген төрт адамның қазасы бар. Сақтанғанның артықшылығы жоқ. Әсіресе, ата-аналар балаларын қараусыз жібермей, отбасында шомылу маусымынан келетін қауіптің жоғары екендігін айтқандары жөн, — дейді ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Әліби Мекебаев.
М.КӘДІРБЕРДІҰЛЫ.