Жастар шаруаға икемделуде

Айшуақ ауылдық округі — аудандағы ірі округтердін бірі. Соңғы 3-4 жылдықта округ тұрғындарының өзге жаққа қоныс аударуы тоқтады. Жастар ауысымдық әдіспен жұмыс жасап, мал шаруашылығымен айналысуды қолға алуда.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен пәрмен беріп отырғаны барлығымызға аян.
Осының аясында округке қарасты шаруа қожалықтарына мемлекеттік бағдарламалар туралы үнемі түсінік жұмыстары жүргізіледі. Жыл басында «Талап» шаруа қожалығының төрайымы Шайзада Төлеуова «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында несие алып, қазіргі таңда асыл тұқымды жылқы әкелді, алдағы уақыттарда басқа да малдар алуды жоспарлауда. Округ бойынша өткен жылдың соңында 40 шаруа қожалығы болса, үстіміздегі жылдың 5 айы ішінде тағы 3 шаруа қожалығы ашылып, қазір барлығы 43 шаруа қожалығы жұмыс жасауда. Жаңадан ашылған екі шаруа қожалық иесі жас жігіттер. Тағы да шаруа қожалығын құруға құжаттарын әзірлеп жатқандар бар. Сонымен қатар төрт түлік малдарының басын көбейту мақсатында жеңілдікпен берілетін мемлекеттік бағдарламамен округ бойынша 23 шаруа қожалығы несие алып, төрт түліктің әр түрін де көбейтуге ниеттеніп отыр.
Округте ұйымдастырылған қайрымдылық шараларға шаруа қожалықтары да өз үлестерін қосып, жалғызбасты, аз қамтылған отбасыларға шөп түсіріп, ірі қара малын сойып, етін тегін таратты. Сонымен қатар ауыл имамы Н.Ауезов, жеке кәсіпкер Б.Көмекбаев, 1990 және 1973 жылғы туыл-ған азаматтар аз қамтылған отбасыларына ұн, май және басқа да азық-түлектерді қайырымдылық ретінде алып беріп, алғыстарына бөленді.
Бегімбет ауылынан заманауи үлгіде кіші футбол алаңы салынды және орталық көшеде «Бегімбет селосы» деген жазуы бар карта жасалып, оның жаны жарықтандырылды. Сонымен қатар ауылымызда көптен күткен клуб үйі салынып, іске қосылып, түрлі мәдени-шаралар өткізілуде. Осы жылдың ақпан айында жастарды татулыққа, ауызбіршілікке шақыру мақсатында ауылға көршілес округтерден жастар шақырылып, спорттық шаралар өткізілді. Және аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен тігінші, бет әрлеуші жас мамандар келіп, шеберлік сабақтарын өткізіп, жастарға тігін тігудің, бет әрлеудің қыр-сырын үйретті.
Округтегі белгіленбеген жерлерге төгілген күл-қоқыстар шығарылып, тазартылып, дезинфекция жұмыстары жасалды. Округ орталығынан темір жол вокзалына қарай тың жерлер тегістеліп, құм төгіліп тұрғындарға қысы жазы автокөліктерімен жүруге ыңғайланды. Ауылдағы орталық көшелер де тегістеліп, қалыпқа келтірілді.
Алда да округтің дамуы мен өркендеуі бойынша жұмыстар жандандырыла береді.

Айшуақ ауылдық округі
әкімінің аппараты.