АУЫЗАШАР ТАРАТЫЛЫП БЕРІЛДІ

Қасиетті Рамазан айы басталысымен ауданымызда Ораза ұстағандарға ауызашар беру жылдан-жылға жетіліп, дәстүр ретінде қалыптасып келеді. Биылғы қасиетті айды асыға күткен ағайынның ауыз бекітуіне елді жайлаған қатерлі індет тоқтау сала алмаса да, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының пәтуәсі бойынша мешіттерде тарауық намазы мен ауыз ашарларға тыйым салынған болатын. Дегенмен пейілі кең ағайын ауыз аштырудың жаңа тәсіліне көшіп, ауыл ақсақалдары мен көп балалы отбасыларына сыбағалық үлесін үйлеріне жеткізіп беруді қолға алды.

Осындай ізгі шараның бастамасы Мәтей Қоқанұлы атындағы орталық мешіттің ұйымдастыруымен басталса, жақын күндері мемлекеттік қызметкерлердің ұйымдастыруымен жалғасын тапты. Бұл ауызашардың өзгешелігі, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты ауызашарға арналған азық-түліктер арнайы дайындалып, 50 үйге таратылып берілді. Аудандық әкімшіліктің бөлім, мекеме басшылары ұйымдастырған бұл шара барысында қаламыздағы ақсақалдарға сыбаға апарылып, қасиетті айда дәм ұсынылды.
Ораза тұтқандардың жағдайын жасап, ауыз аштырудың сауабы мол екені бәрімізге белгілі. Сондықтан да осы айда ауызаштыру сынды игі істер мен жақсылықты қолдан келгенше көптеп жасауға тырысқан адам есепсіз сауаптарға кенелері анық. Осыны санасына сіңірген иманды азаматтар ораза ұстаған жандарға құрмет көрсетуге жарыса кірісіп жатқанын көріп, кеудеде қуаныш ұялайды. Бұл дегеніміз адамдардың сауап алу мақсатында өздерінің дүние-мүліктерімен басқалармен бөлісуді үйренгенінің дәлелі.
Биыл да қасиетті Рамазан айында ауданымыздағы ақсақалдар мен аудан тұрғындарына бірқатар аудан басшылары ауызашар ұйымдастырды.
Игілігі мен сауабы мол бұл шара алдағы уақытта да жалғасын табады.

«Шалқар-ақпарат».