ЕЛ МЕРЕЙІ — БІРЛІКТЕ
Құрметті шалқарлықтар!
Сіздерді 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймын! Тәуелсіз мемлекетімізде тұрып жатқан 130-дан астам ұлт өкілдерінің бірлігі мен татулығын, олардың арасындағы жалпыұлттық келісімді ұлықтайтын осы бір шуақты мереке әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі болып есептеледі. Қандай сын сағаттарда да, ел басына күн туған ауыр кезеңдерде де Отандастарымыз барлық ауыртпалықты осындай ауызбіршілігі мен бірлігінің арқасында жеңе білді. Біздің негізгі күшіміз бен қуатымыз да бірлікте екендігін бүгінгі күн дәлелдеп беріп отыр.
Әлем елдерінің барлығына қауіп төндіріп, дүрбелеңге салған қатерлі індеттің кезеңінде де біздің халқымыз тұтастық пен бірліктің жарқын келбетін көрсетуде. «Біз біргеміз!» деген ұранды ту еткен қазақстандықтар барлық қиыншылықты тек бірліктің арқасында жеңетіндігін дәлелдей білді.
Құрметті жерлестер!
Сіздерді осы шуақты мерекемен тағы да баршаңызды құттықтай отырып, әр отбасына бақыт пен қуаныш, әрбір азаматқа ырыс пен несібе тілеймін. Еліміздің өркендеуі мен дамуы жолында бірлікпен еңбек етіп, межелі асуларды бағындыра берулеріңізге тілектеспін.
Мереке құтты болсын!
Шалқар ауданының әкімі Бауыржан Қаниев.