ПРЕЗИДЕНТ МӘЛІМДЕМЕСІН ҚОЛДАЙМЫЗ!

Төзім тілекке жеткізеді

Бүгінгі таңда барлық дүние жүзі халықтары сын сағаттарды бастан өткеріп жатыр. Әлемнің бір бөлшегі болғандықтан қатерлі індет біздің елімізді де айналып өтпеді. Президентіміздің дер кезінде қабылдаған шешімінің арқасында жұқпалы дерт қазақ еліне дендеп кіре алмады. Бұл шешімге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымдары өте жоғары баға беріп отырғандығын Президент өз мәлімдемесінде атап өтті.
Осы қиын кезеңнен қажымай өту үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы ауылшаруашылығы, бизнес, денсаулық сақтау салаларына айтарлықтай қолдаулар жасағанын айтты. Бұл көмектер абыржыған жұртшылықтың білегінен демеп, биікке көтергендей әсер қалдыруда. Ең бастысы, халықтың келер күндерге деген сенімі артып, үміті оянды.
Елдің басшысы осындай қолдаулар жасап жатқанда, бұқара жұртшылық ол кісінің бастамасына үн қосып, демей білулері керек. Ол үшін белгіленген төтенше жағдай мерзімін асқан сабырлылықпен қабылдап, шектеулерді бұлжытпай орындап, қай іске де төзімділік танытқан дұрыс. Президент мәлімдемесіндегі «Төзім тілекке жеткізеді» деген қанатты сөздің мағынасы осында жатыр. Көп ұзамай еліміз осы қауіпті кезеңді де артта қалдырып, тілегіміз бен арманымызға қол жетеріне сенім мол.

Қалмақан Төлеуов,
еңбек ардагері, Шалқар
ауданының Құрметті азаматы.

Сын сағатта қолдау білдірді

Барша әлемді дүрбелеңге салған індет өршіп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде індеттің алдын алуда нақты шаралар қабылданған. Дер кезінде қабылдан-ған шаралардың негізінде індеттің таралу қаупі сейілді. Әрине, індетті толық жою мүмкін болмай отыр. Бірақ соған қарамастан мемлекет тарапынан үлкен қолдаулар көрсетілуде. Рас қазіргі таңда елдегі көптеген азаматтардың өз жұмыстарын тоқтатуларына тура келді. Осындай қиын тұста ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халқымызға ерекше қолдау білдірді.
Бүгінгі мәлімдеме де елімізге тағы бір серпіліс бергендей болды. Онда бірқатар мәселелер қозғалды. Індеттің алдын алып, ел экономикасын тіктеуде өте қажетті шешімдер қолға алынған. Мәлімдемеде айтылған карантиндік режимнің жеңілдетілуі көңілді қуантады. Әрине, ол үлкен жауапкершілікті қажет ететін қадам. Сондықтан сол жауапкершілікті сезінуіміз қажет.
Мамыр айы еліміз үшін мерекелі ай екені баршамызға белгілі. Барлық мерекелік шаралар отбасымызбен аталып өтіледі. Мәлімдемеде Мемлекет басшысы Ұлы Отан соғысы ардагерлерін де назардан тыс қалдырмай, қолдау көрсетуді тапсырды. Осындай етене ықыластың арқасында халықтың еңсесі тіктеліп, алдағы күндерге деген сенім артады деп ойлаймын.
Дана халқымызда «Береке көзі — бірлікте» деген ұлағатты сөз бар. Баршаңызды еліміздің қиындықты еңсеруіне бірлесе атсалысуға шақырамын.

Аманғали Төлебаев,
спорт ардагері, Шалқар ауданының

Құрметті азаматы.


ЖҰМЫЛА КӨТЕРГЕН ЖҮК ЖЕҢІЛ БОЛМАҚ

Біз сонау тоқсаныншы жылдардағы оңтайландыру тұсында тиыннан теңге құраудың қамымен бауырларымызбен бірігіп кәсіпке бет бұрып, содан бері осы жолда келеміз. Әрине, оңай келетіне іс жоқ, маңдайыңды терлетіп, тік тұрып қимылдамасаң сүбелі нәтижелерге қол жеткізе алмайсың. Қиындықсыз, кедергісіз адам баласы шираған ба, сірә?! Елімізге биылғы көктеммен үзеңгі қағыса келіп, әлем жұртшылығын алаңдатқан індет сарсаңы барша адамзат баласын қиын сәттерге душар етті. Алайда ел қамымен тығыз санасатын елдер бұндай жаппай келген кеселмен тіресіп, індет төндірген ахуалды еңсеруге ерекше ұмтылуда. Осылардың қатарында біздің қазақ елі де бар деп айтар едім.
Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық пен ашық диалог жасап, бірқатар мәлімдемелер жасады. Елбасы Н.Назарбаевтың да бағдарлы мақаласы көптің үмітін үкіледі. Енді, міне, 27 сәуір күні Мемлекет басшысының кезекті мәлімдесімен танысып қуанып қалдық. Онда Мемлекет басшысы сөзін еліміздегі қандайда жәйттерді адами тұрғыдан түсіністікпен қараймын деп бастап, дүниежүзін дүрбелеңге салған пандемия ауыртпашылықтарына қарсы тұрған халқына зор ықыласын білдіріпті.
Қазір ақпараттың дамыған заманы. Халық осы шектеулі тұстарда көмексіз қалмады деуге негіз бар. Әлеуметтік көмекті былай қойғанда, қайырымдылық шараларында да есеп болмады. «Бес саусақ бірдей емес» дегендей, шын мұқтаждарға бұл көмектер осы сәттерде ауадай қажет те еді. Бұны бәріңізде көріп, көңілге түйіп отырғанда боларсыздар.
Мемлекет басшысы осы мәлімдемесінде: «Жергілікті билік органдары әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын бақылауда ұстап отыр. Азық түліктің жеткілікті болуына және оның сапасына қатысты жүргізілді», — деді. Бұлай деуі де орынды. Бізде халық көп тұтынатын негізгі тағамдарға белгіленген шекті бағаларға тұрақтылық орнатуға жұмыс істедік. Жергілікті билік жанынан құрылған арнайы штаб мүшелерімен әрдайым тығыз байланыстамыз. Қазір дүкенімізде жалпы тағам түрлерінен қор жеткілікті.
Мәлімдемеде мәлім болғандай, төтенше жағдай режимі алдағы мамыражай мамырдың 11-де аяқталатын болды. Міне, сабырлық пен төзім-діліктің арқасында пандемия тұсауынан да таяуда босайтын болдық. «Басты байлық — денсаулық», деп халқымыз бекер айтпаған. Ендеше, баға жетпес байлықтың бүтіндігі жолында жұдырықтай жұмылып ауызбіршілік таныта берейік. Елдік осындай бірлігімізбен көрінері талассыз.

Бекберген Орынбасаров,
кәсіпкер, «Бек-Асылан»
азық-түлік дүкенінің иесі.