ҚҰРМЕТТІ ШАЛҚАРЛЫҚТАР!

Баршаңызды еңбек пен берекенің, бірлік пен татулықтың бастауы тамаша мереке, ұлыстың ұлы күні — Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Бұл мейрам тіршілігі табиғатпен астасып жатқан қазақ қоғамында жаңару мен жасампаздықтың бастауы ретінде бағаланады. Сонау арғы тарихтан бастау алып, кешегі егемендік алған тұста қайта жаңғырған Наурыз мейрамы көпұлтты Қазақстан халқы үшін мерейлі мерекеге айналып, бірлік пен ынтымақтың, саяси тұрақтылықтың нығаюының негізі болды.
Наурыз мейрамы — бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы. Қай кезде де, қай заманда да еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің мерекесі. Әз-Наурыз бізге әлемде орын алып жатқан оқиғаларды ой елегінен өткізе отырып, көптеген ұлттар мен ұлыстардың бейбіт қатар өмір сүріп отырған еліміздегі ауызбіршілік пен үйлесімділікті бағалауға мүмкіндік береді.
Қазақ — қашанда жаңалықтан жақсылық күткен халық. Ендеше, бүгінгі ортамызға келген Жаңа жылымыз еліміз үшін табыс пен молшылыққа толы жыл болсын деп тілейік. Ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын кәсіп еткен ауданымыздың жері нуға, өрісі малға толсын! Ел ішінен бірлік пен береке арылмасын!
Ұлыстың ұлы күні — жаңғыру мен жаңарудың, еңсесі биік елдіктің, татулық пен ынтымақтастықтың, ырыс пен молшылықтың мерекесі.
Құрметті жерлестер!
Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Еліміздің аспаны ашық, жеріміз бейбітшілік мекені болсын! Отанымыздың әрбір шаңырағында амандық, молшылық пен тоқшылық орнап, барлық армандар орындала берсін! Әлем елдерінің басына түскен ахуалдан біздің еліміз де аман-есен өтуін тілейік. Экономикасы қарқынды дамыған егеменді елімізге жыл басы тыныштығы мен жасампаз жақсылығын ала келсін!
Ақ мол, жыл жемісті болсын!

Аудан әкімі Бауыржан ҚАНИЕВ.