«ШАЛҚАР PREMIUM-2» МИНЕРАЛДЫ СУ ҚҰЮ ЗАУЫТЫ АШЫЛДЫ

ИГІЛІГІН ЕЛ КӨРМЕК

Шалқар қаласында «Минеральные воды Казахстана» ЖШС «Шалқар PREMIUM-2» минералды су құю зауытының ашылу салтанаты болды. Ғимараттың жалпы ауданы — 9959,1 шаршы метр, кірме теміржол ұзындығы — 816 метр, зауыттың өндірістік қуаты — 1,5 литрлік «Шалқар» емдік-асханалық минералды суын айына 2 400 000 бөтелкеге дейін өндіруге, 0,25-05 литрлік «Шалқар» минералды суын айына 1 500 000 бөтелкеге дейін өндіруге қауқары бар. Зауытты іске қосу үшін тартылған инвестиция көлемі 580 000 000 теңгені құраған. Аталған зауытқа 90 адамды жұмысқа тарту көзделіп отыр екен.
Зауыттың салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген аудан әкімі Бауыржан Қаниев Елбасының, Ел Президентінің жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында еліміз өркендеу мен жаңару жолына түсіп, еңсеміз жылдан-жылға биіктеп, халық мүддесіне сай жаңа экономика, тың идеяларға бай қоғам қалыптасқанын айтты. Елбасының «Мәңгілік ел» ұлттық идеясының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын орындауға бағытталған іс-шаралар төңірегінде елімізде, оның ішінде ауданымызда бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Соның бір айғағы — бүгінгі күні ауданымызда ерекше жаңалық болып отырған Шалқар минералды су зауытын қайта құрудың екінші кезеңінің аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріліп отырған «Шалқар РREMIUM-2» минералды су құю зауытының ашылуы болып отыр.
Аудан басшысы облыстық мәслихат депутаты, ауданымыздың белді кәсіпкері Бердібек Шәкірбекұлының қолдауымен ашылғалы отырған бұл зауыттың өңірімізге, өлкемізге пайдасының зор екенін ерекше атап өтті. 90 адам жұмысқа тартылатын кәсіпорыннан қаншама отбасына кіріс кіріп, әлеуметтік жағдайлары түзелетініне тоқталды.
Зауыттың салтанатты ашылу шарасына жиналған жұртшылықты ұлттық мереке — Наурыз мейрамымен құттықтап, отбастарына бақ, береке тіледі.

ПӘТЕР СЕРТИФИКАТТАРЫ МЕН ШИПАЖАЙҒА ЖОЛДАМАЛАР БЕРІЛДІ

Осы қуанышты шара барысында жиналған қауым тағы да жақсы жаңалықтардың куәсі болды. Соның алғашқысы — аудан әкімі Бауыржан Қаниев облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан көп балалы және толық емес, сонымен қатар аз қамтылған отбасыларға пәтер сертификаттарын табыс етті. Мұндай қуанышқа 15 отбасы бөленіп, мереке қарсаңында өздеріне үлкен сыйлық жасаған облыс және аудан басшыларына алғыстарын жаудырды. Олардың қатарында бірінші топ мүгедегі Азат Махамбетов, толық емес отбасылары Нора Сәрсенбаева, Венера Абдижамилова, Ақбасар Құрмантаева және көпбалалы аналар Дәмелі Жылқаманова, Бақыткүл Күншібаева, Жаңагүл Көшеновалар, т.б. бар.
Сонымен қатар, денсаулығын түзеуге мұқтаж 20 адамға санаториялық шипажайға жолдамалар табыс етті. Олардың қатарында «Алтын алқа» иегері Күләш Байсейітова, Ұлы Отан соғысы мүгедегінің жесірлері Айман Көбеева, Кәбира Қуанова, «Күміс алқа» иегерлері Күлпан Көшербаева, Жаңылған Уәлиева, т.б. бар.
Қала тұрғыны, еңбек ардагері Боранбай Дәменов зауыт жұмысының алда оң жүруіне, елге пайдасының тиюіне ақ тілегін арнап, батасын берді.
Бұдан соң аудан әкімі Бауыржан Қаниев аталған минералды су зауытының лентасын қиып, салтанатты шараға қатысқан қонақтар кәсіпорынды аралап, жұмыс барысымен танысты.

ҚУАНЫШ ИЕЛЕРІНІҢ ТІЛЕГІ
Ақбасар ҚҰРМАНТАЕВА, жалғызбасты ана:

— 2007 жылдан бері үй кезегінде едім. 10 жылдан бері қаламыздағы Қарттар жатақханасында тұрамын. Оған дейін балаларыммен Шалқарда пәтер жалдап тұрдық. Екі балам бар. Қызым Гүлназ 2-курс студенті. Көп жылдан бері қоғамдық жұмыстарды да атқарып келемін.
Міне, биыл Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі қарсаңында облыс әкімі Оңдасын Сейілұлының атынан, аудан әкімі Бауыржан Нұралыұлының қолынан екі бөлмелі пәтердің сертификатын алып, отбасымызбен үлкен қуанышқа кенеліп тұрмыз. Ерекше толқып, көтеріңкі көңіл-күйдеміз. Көптен күткен баспаналы болу арманымыздың орындалғанына, жағдайымызды ескеріп, бізге тосын сый жасаған облыс, аудан әкімдеріне шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Отбастарына амандық, дендеріне саулық, еңбектеріне табыс тілейміз.

Күләш БАЙСЕЙІТОВА «Алтын алқа» иегері:


— Аллаға шүкір, 9 балам бар. №8 орта мектепте кіші қызметкер болып еңбек етіп, осыдан екі жыл бұрын зейнеткерлікке шықтым. Жолдасым 2012 жылы өмірден өтті.
Осы наурыз айында мерейлі 60 жасқа толдым. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында шипажайға демалуға сертификат табыстаған аудан басшысы Бауыржан Нұралыұлына алғысымды білдіремін.

Нора СӘРСЕНБАЕВА:


— Мен Наурыз мерекесі қарсаңында аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің қолынан екі бөлмелі пәтердің сертификатын алдым. Әрине, бұл мен үшін үлкен қуаныш болды. Бұған дейін нағашы апамның қолында тұрдым, дегенмен өз үйің болғанға не жетсін?! Екі бөпем бар, үлкені 10 жаста, кішісі 2 жаста, әлеуметтік көмек аламын. Енді, міне, толық емес отбасы есебінде пәтер беріп отыр. Мүмкіндік болса алдағы уақытта жұмыс істегім келеді. Ақтөбе теміржол колледжін токарь мамандығы бойынша бітіргенмін. Сұлулық салондарында маникюр болып жұмыс істеген тәжірибем бар, мен еңбек етуден ешқашан қашпаймын. Мереке қарсаңында пәтер сыйлаған облыс, аудан әкімдеріне алғысым шексіз. Мен үшін бұл күтпеген қуаныш болды. Маған жақсылық жасаған азаматтардың дендеріне саулық, еңбектеріне табыстар тілеймін.

Базар БЕКІШОВА:


— Әлі кәмелеттік жасқа толмаған төрт балам бар, бес жылдай қарттар жатақханасында тұрып келдім, толық емес отбасымын. Аудан басшысы Бауыржан Қаниевтің қабылдауында болып, жағдайымды айтып, үй сұраған едім, көп уақыт болған жоқ, бұл тілегім тез орындалды. Наурыз мерекесі қарсаңында екі бөлмелі пәтердің сертификаты қолыма тигенде сенер-сенбесімді білмедім, бұл мен үшін үлкен қуаныш болды. Жағдайымды түсініп, үйлі қылған облыс, аудан басшыларына алғыстан басқа айтарым жоқ, бала-шағаларының қызығын көрсін. Жалпы, Үкіметтің біз сияқты әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына беріп жатқан көмегіне ризамын, төрт балама 42500 теңге жәрдемақы аламын және қоғамдық жұмыс берді. Шалқар аграрлық-техникалық колледжін фермер мамандығы бойынша бітірдім, ешқандай жұмыстан қашпаймын. Өзім көпбалалы отбасынан шыққанмын. Жалпы біздің әулет Үкіметтен, қайырымды жандардан қамқорлықты көріп келеді. Мәселен, өткен жылы менің ата-анам Бибігүл Иманғазина басқаратын «Бибі-Ана» қорынан тегін алты бөлмелі үлкен үй алды. Түйіндеп айтқанда, еңбектенсең көппен бірге болатынымызға көзіміз жетті.


Қыдыралы ӘЛИН.