ВОЛОНТЕРЛЫҚ — ХАЛЫҚТЫҢ ШЫНАЙЫ ПЕЙІЛІ

Өткен аптаның жұмасында қаламыздағы №8 орта мектебінің акт залында «Өскелең ұрпақпен ұлы мұраттарға» атты Еріктілер жылының ашылу салтанаты өтті. Оған белсенді де ерікті жастармен бірге аудан әкімі, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бауыржан Қаниев, депутаттар, бөлім, мекеме басшылары, ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Шара Абайдың «Көзімнің қарасы» әнімен ашылды. Әрине, бұл жиынның мәні мен мазмұны ерекше. Себебі, бәрімізге белгілі, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды — Волонтер жылы деп жариялады. Президентіміз — Волонтер жылы баршамызға, әсіресе, жастарға үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты. Жастарымыз мұқтаж жандарға көмек қолын созуға әрдайым дайын болуы керек. Дана хал-қымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Қайырымдылық пен мейірімділік — қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Оның волонтерлікпен үндесетіні сөзсіз. Сондықтан да сол дәстүрді заманға сай қайта жаңғыртуымыз қажет. Осы жалпыұлттық бастаманың негізгі қозғаушы күші — жастар, оларға зор сенім артылады. Елге қызмет ету тек білімді ғана емес, намысты да талап етеді. Жас ұрпақтың ар-намысы жоғары болса, мемлекетіміздің мәртебесі де биік болады. Қазіргі жастар Бауыржан Момышұлының «Отан үшін отқа түс күймейсің» деген сөзін берік ұстануы керек.
Келелі жиында ауданымызда жастар саясатының жүйелі жүруі және Жастар жылында атқарылған жұмыстар туралы өз есебін берген аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы, аудандық «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Жанна Әбденова да өз ойын осы мағынада түйіндеді.
Ақтөбе қаласының сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының атқарушы директоры Гүлмирам Сыражова еріктілер жұмысын жүргізудегі өз тәжірибесін және шет елдердегі ұтымды жұмыстарды мысалға келтіре отырып, волонтерлар ерікті түрде, шынайы, өзінің ынтасымен жұмыс атқару керектігін әңгімеледі. Еріктілер жұмысына орта жастағы, одан да үлкен адамдар қатыса алады. Еріктілер бірігіп клубтар құрып, корпоративтік әдістер арқылы жұмыстар атқарса тиімді болмақ деген ойын айтты. «Көмек, қолдауды қажет ететін адамдарға ғана қолұшын берген дұрыс, үйінде соқталдай балалары бар адамдарға жәрдем берген лайық емес»,— деді. Шалқар ауданындағы атқарылып жатқан волонтерлық жұмыстарға оң бағасын берді. Волонтер болуға ниетті, еңбек ардагері Равиль Туюшев, белсенді жас, кәсіпкер Айбану Қожабаева бұл жыл баршамызға үлкен жауапкершілік жүктейтінін айта келіп, жастарды, ерікті болғысы келетін барлық азаматтарды әрдайым мұқтаж жандарға көмек қолын созуға дайын болуға шақырды.
Аудан әкімі Бауыржан Қаниев ауданымызда атқарылып жатқан игі істерге, қол жеткен табыстарға жастарымыздың қосқан зор үлесінің бар екеніне тоқталды. «Біздің жастарымыз ақылды, жақсы идеяларды ортаға салатын да жастар, қиын жағдайлар орын алғанда бірінші кезекте көмек қолын созатындар да жастар. Облысымызда су тасқыны болған кезде, Арыс оқиғасы кезінде де біздің жастар жиналып көмек берді, көпке үлгі болды. Тек үлкен кісілеріміз, ақсақалдарымыз жастарды жақсы істерге бағыттап отыруы керек»,— деді. Ауданымызда кәсіпкерлік дамыған десек, онда да жастардың үлесі зор екенін және биылғы Волонтерлік жылының қорытындысымен белсенді жастарға демалыс орындарына жолдама берілетінін айтты.
Бұдан соң аудан әкімі ауданымыздағы жұмыстарға белсене қатысып, қиналған тұрғындарға қолұшын созған жас кәсіпкерлер мен белсенді жастарды Алғыс хаттар, сыйлықтармен марапаттады. Олардың қатарында қайырымдылық акцияларына белсене қатысқан Марғұлан Айтуғанұлы, Азамат Оразымбетов, «Үздік белсенді жас» аталымы бойынша Гүлжайнар Әділгереева мен Ерлан Сидақов та бар. Және Қарағанды облыстық «Экоцентр» экология орталығы қоғамдық бірлестігінен кәсібін бастауға қайтарымсыз грант алып, фотостудия ашқан Гүлсана Изимоваға, шағын типография ашқан Бауыржан Жаңабаевқа, тігін шеберханасын ашқан Нұркен Тінәлинге, сұлулық салонын ашқан Бекзат Сматовқа сертификаттар табыстады. Сонымен бірге, аудан көлемінде жыл бойы ұйымдастырылған маңызды іс-шараларға етене араласып, мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асуына елеулі үлес қоса отырып, ауыл және қала жастарының ынтымақтастығын арттыру, жастар арасында азаматтық пен Қазақстандық патриотизмді дамыту бағытындағы ұйымдастыру жұмыстарына белсенділік танытқан «Үздік теміржол жастары» аталымы бойынша «Қамқор-Локомотив депосы» ЖШС Шалқар сервис орталығы филиалы марапатқа ие болды.
Ұлы ақын Абай Құнанбаев «Мейірімділігің, сүйіспеншілік, қайырымдылық, адалдық ақ жүректен шығады. Ал арлы, ақылды адам қиянатты, зорлықты, өзімшілдікті, мақтануды білмейді. Сол үшеуінің басы қосылса адам жақсы өмір сүріп, бір-бірімен тату тұруына сөз жоқ» деген екен. Шара барысында бір топ кәсіпкерлер Волонтерлар жылында алғашқы болып аз қамтылған отбасыларына ақшалай, заттай қолдау көмектерін табыстады.
Ерікті жастардың атынан Үндеу жолдаған «Шалқар еріктілері» тобының мүшесі Динара Алшора «Адал ниетпен бір нәрсе жасап, өзгеге көмектесе білу біздің ұлттық дәстүріміз бен құндылықтарымызға сай келетіні бәрімізге белгілі. Волонтерлық жұмыс — бұл тек бос жұмыс емес, сонымен қатар азаматтардың арқалаған жауапкершілігі мен әлемді жақсы жаққа өзгертудің бірден-бір көрсеткіші. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтқандай, волонтерлық қызметті ұлттық ауқымда ғана емес, сонымен бірге әр қалада, әр ауылда дамыту керек. Сол үшін әрбіріміз туып-өскен, кіндік қанымыз тамған жеріміз үшін жанашыр азамат ретінде кішкене де болса үлес қосуымыз керек. Себебі, ертеңгі елдің болашағы — біздерміз», — деді.
Салтанатты шараның соңында волонтер жастар мен белсенді жастар бірігіп «Мен қазақпын» әнін шырқады.

Қыдыралы ӘЛИН.