«ТҰЗ-ЕМ» ШАХТАСЫ АШЫЛДЫ

Шалқар қаласындағы Мектеп көшесі, 43 «а» мекен-жайында «Tuz-Em» тұзды шахтасының ашылу салтанаты болды. Бұл ерекше кәсіпті қала тұрғыны, жеке кәсіпкер Айымгүл Өтешова өткен жылы «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы шеңберіндегі мемлекеттік грантқа аталмыш жобасын ұсынып, 3 млн. теңгеге қайтарымсыз несиеге қол жеткізген. Халық денсаулығына септігін тигізетін шипалы шахтаның экологиялық аймақта орналасқан аудан жұртшылығы үшін пайдасы зор екен. Түрлі ауруларға шалдығып, антибиотиктермен уланып, иммунитеті әлсіреген жандарға көмегі көп. Ешқандай дәрі-дәрмексіз табиғи ем-домды осы жерден алуға болады. Аталмыш ғимаратта тұз үңгірі, гимнастика, балалар ойын алаңы, кедр бөшкесі бөлмелері бар.
Ашылуында қала әкімі Тұрлан Төлегенов сөз сөйлеп, шипалы ем жасайтын ортаның халыққа қажеттілігін айтып, осы істі қолға алған азаматтардың кәсіптеріне сәттілік тіледі. Ұлы Отан соғысының ардагері Шудабай Тақаев пен еңбек ардагері Құрманғали Басмағанбетов салтанатты лентаны қиып, кәсіп иелеріне тілегін айтып, баталарын берді. Шараға жиналған қауым «Tuz-Em» тұзды үңгірі ғимаратының ішін аралап, онда қызмет көрсететін орындармен танысты. Қазіргі күні тұз шахтасында 1 медицина қызметкері мен 1 педагог маман жұмыспен қамтылған.
Отбасымен де бірге келіп, ем алуға болатын тұзды үңгірде созылмалы бронхит, тұмау, жөтел (ОРВИ), демалу жолдарының аллергиясы, өкпені никотин мен шайырдан тазарту, т.б. емдер жасалады. Емдік тұз бұл орталыққа Ресейдің Соль-Илецк қаласынан әкелінген. Бұл жерден ем алу бағасы халыққа қолайлы. Мамандардың айтуынша, дәрігерлердің кеңесімен тұзбен емдеуде 7 жасқа дейінгі балаларға жеңілдіктер де қарастырылған.

М.БОҚАН.