ЖАЛҒАН АҚПАРАТҚА ЫЛЫҚПАЙЫҚ!

Нұрлан МАЙКӨПОВ, аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы:
— Баршаға мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетіне байланысты халыққа телевизиялық Үндеуін жолдады. Халық денсаулығының қауіпсіздігі үшін арнаған Үндеуінде Қасым-Жомарт Кемелұлы ел Үкіметіне қоғамдық тәртіптің қатаң бақылауға алынатынын, көпшілік қатысатын іс-шаралар тоқтатылатынын, ірі сауда орындарының жұмысы уақытша шектелетінін, бірақ азық-түлік дүкендері және базарлар өз жұмысын жалғастыра беретінін, ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, театрлар, көрмелер және жұртшылық көп баратын басқа да орындар уақытша жабылатынын айтты.
Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты мектеп оқушылары мерзімінен бұрын демалысқа жіберіліп, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Президент бұл қауіпті індетпен күресуге толық мүмкіндіктің бар екенін, ол үшін Үкімет қорынан қосымша қаржы бөлінгенін айтты. Үкімет мүшелері экономикалық жағдайды басты назарда ұстап, оны қатаң қадағалауда.
Президентіміз: «…Бұл — уақытша дүрбелең. Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында бұған қажетті қорымыз қалыптасты. Қаражат бар. Татулық пен тұтастықтың арқасында кез-келген қиындықтан шығуға болады. Сондықтан, бәріміз бір адамдай жұмылып, қауіпті індетпен күресуіміз қажет. Береке мен бірлік бәрін де жеңеді!», — деп осы сәттерде халықты ауызбіршілікке шақырды.
Сондықтан жалған ақпаратқа сенбей, қауіпсіздік шараларын сақтасақ дейміз.

ТОЙ-ТОМАЛАҚТЫ ТОҚТАТА ТҰРҒАН ЖӨН

Бөпей КӨРПЕБАЙ, ардагер-ұстаз:
— Бүкіл әлемді қатты алаңдатып отырған коронавирус індетіне байланысты Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ел аумағында төтенше жағдай енгізіліп, теледидар арқылы халыққа Үндеуі жарияланды. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент жанынан мемлекеттік комиссия құрылып, халық денсаулығының қауіпсіздігі үшін барлық қажетті алдын алу шаралары жүзеге асырылатынын, көпшілік қатысатын қоғамдық іс-шаралар уақытша тоқтатылатынын қадап айтты.
Өзінің халыққа арнаған Үндеуінде Президент: «…Сондай-ақ, азаматтарымыз отбасылық іс-шараларды өткізбегені жөн деп санаймын», — деді. Әрине, бұл қазіргі күрделі ахуалға байланысты жасалған дұрыс шешім. Мен осы жылдың 1 наурызында 90 жасқа толдым. Туған күнімді атап өтуге орай балаларым қаламыздағы мейрамханалардың біріне осыдан бірнеше ай бұрын тапсырыс беріп, қонақтар шақырып қойған еді. Алайда, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты мен тойды кейінге қалдыруды жөн көрдім. Балаларым да шақырылған қонақтар да оған түсіністікпен қарады.
Егеменді еліміз бұған дейін де қаншама қиындықтарды бастан кешіріп, оны еңсере білді. Әрине, бұл — ынтымағы жарасқан дана халқымыздың ауызбіршілігінің арқасы деп білемін. Бұл уақытша қиындықтан да еліміз аман-есен шығады деп ойлаймын. Тек оған сабыр мен қауіпсіздік шараларын сақтасақ болғаны.

САДАҚАЛАРДЫ ШЕКТЕГЕН ДҰРЫС

Қазіргі таңда бүкіл әлемді алаңдатып отырған «2019-nCov» жұқпалы ауруының алдын алу мақсатында еліміздегі мешіттерді сақтық шара ретінде залалсыздандыру (дезинфекция) жұмыстары жүргізіле бастады. Осыған орай алдағы уақытта қалалық және ауылдық мешіттерімізде залалсыздандыру жұмыстары жүреді.
Бұған қоса бүгіннен бастап (20.03.2020) жұма намазының алдындағы 30 минуттық уағыз-насихат айтылмайды. Жұма намазының алғашқы төрт ракағат сүннеті оқылып, артынан екі ракағат жұма намазының парызы оқылады. Парыз намазынан соң қысқа дұға жасалып, жұма намазы тәмамдалады. Соңғы төрт ракағат сүннет намазды әркім өз үйлеріне барып оқуға шақырамыз. Мешітте өткізілетін бес уақыт намазға дәретпен келуді және бетперде (маска) тағып келулерін сұраймыз. Мешітте өтетін дәрістер, ашық дастархандар уақытша тоқтатылады.
Ескерту: Қала әкімінің арнайы хаты негізінде мешіт асханасында өтетін садақалар тоқтатылатынын мәлімдеймін. Бұл елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты болып отыр. Садақаларды әркім өз шаңырағында өткізуге болады. Сұрақтарыңыз бойынша біздің 23-2-92 телефон нөміріне хабарласуларыңызға болады.

Бақыт Абдиисламұлы,
Мәтей Қоқанұлы атындағы мешітінің бас имамы.