ӘЛЕУМЕТТІК ПАКЕТТЕР ТАРАТЫЛДЫ

Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің тәртібіне өзгерістер енді. Яғни, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың 1 жастан 3 жасқа дейінгі, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларына ай сайын әлеуметтік кепілдендірілген топтама шеңберінде азық-түлік және тоқсанына бір рет 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға кепілді әлеуметтік топтама шеңберінде тұрмыстық химия тауарларын беру қарастырылған.
Осы орайда аудан бойынша қаңтар айына тиесілі 47 балаға кепілді әлеуметтік топтама шеңберінде кепілдендірілген әлеуметтік пакет таратылды. Аталған пакеттерді үйлестіру барысында аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Нұрлан Майкөпов сөз сөйлеп, елімізде тұрғындарды әлеуметтік қолдау барысында жасалып жатқан жұмыстар жайында айтып, жұртшылықты қатардан қалмай еңбек етуге, балаларының алдында ата-ананың үлгісі мол болып, абыройы асқақ болуына шақырды. Пакеттерді үлестірмес бұрын тиісті орыннан арнайы келген маман оның сапасына көз жүгіртті.
Қажетті әлеуметтік кепілді топтаманың мемлекеттік сатып алу процедурасы бойынша келісім шарт арқылы жеткізіп берген мердігер Абай Ноғаевқа және осы шараны ұйымдастырушыларға ата-аналар алғыстарын айтты.