ШӘКІРТТЕРІН ШЕБЕРЛІККЕ ШЫҢДАҒАН

Ауыл мұғалімдерінің еңбегі де айрықша. Әрбір дәрісін қарапайым мысал мен санаңа сыналайтын тәжірибелі ұстаздарымыздың өмір жолы да біле білгенге құнды дерек. Осындай ұстаздардың өткен жолына үңіліп, оның жүрген ортасының жұмыс деңгейін де аңғару қиын емес. Бек Сүлейменов атындағы орта мектеп талай таланттарды ұшырған білімнің алтын ұясы. Бүгінде осындағы педагогикалық ұжым еңбек өтілі көп Мұхарам Қоқашовты өздеріне үлгі тұтады. Жас мамандардың қызмет барысында жиі кеңесетіні де осы кісі.
— Осы ауылда туып өстім. 1980 жылдан бастап табан аудармастан Айшуақ орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істеп келемін. Бердалы Алдашев деген ұстазым болды, өте шебер еді. Кез келген бұйымды әдемі етіп жасайтын. Сол ағаларға еліктеп мен де мұғалім болғым келді. Дегенмен мектептегі еңбегім елеусіз қалған жоқ. Бірнеше мәрте аудандық білім бөлімінің, облыстық білім басқармасы, БҒМ-нің салалық кәсіподағының Құрмет грамоталарымен марапатталдым. Осы мектеп 1980 жылы типтік жобамен 3 қабатты етіп салынып, 1981 жылы толық пайдалануға берілді. Мектепте аралас шеберхана бар. Шеберханада 2 ағаш жонуға арналған, 1 темір жонуға арналған, 1 бұрғылау, 2 қайрау станоктары бар. Мұқият күтіп ұстап, уақытылы техникалық күтім жасап тұрудың арқасында сол станоктар әлі күнге дейін толық жұмыс істеп тұр. Оқушылар күнтізбелік жоспарға сай сол құрылғыларда жұмыс істеп үйреніп, түрлі бұйымдар жасайды. Сонымен қатар ағашты көркемдеп ою, жұмырлап ою және бедерлеп ою арқылы бұйымдар жасауды, жұқа металдан зергерлік бұйымдарды шекімелеп жасауды үйренеді. Оқушылардың еңбек пәніне деген қызығушылығы өте жоғары. Теориялық та, практикалық та бөлімдер бар, бәрін де ынтасымен орындайды. Станоктарда жұмыс істеп үйренудің арқасында ешқандай курстан өтпей-ақ біздің шәкірттер Ақтөбе, Шалқар қалаларында жиhаз жасаумен айналысатын кәсіптер ашып алды.
Осы мектепте жұмыс істегелі он екі мектеп директорымен жұмыстас болыппын. Мектепке алғаш жұмысқа келгенде өзіме ақылшы ағалар болды, ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері де бар еді. Марқұм Бердалы Алдашев, Ғалымжан Низамутдинов ағайларды өзіме жақын үлгі тұттым, — дейді Мұхарам аға.
Бүгінде ауылдық округте қоғамдық кеңестің төрағасы болып қоғамдық жұмыстарға да белсенділік танытатын ағамыз отбасында бір әулеттің асқар таудай тірегі. Зайыбы Жанила апа екеуі өмірге екі қыз, екі ұл бала әкеліп, олардың жоғары білім алуына жағдай жасаған үлгілі ата-аналар.