ҚАЛА ТӘРТІБІМЕН ЖӘНЕ ТАЗАЛЫҒЫМЕН ШЫРАЙЛЫ

8-11 қаңтар күндері қала әкімі Тұрлан Төлегенов №2 мектеп-гимназиясында және №6 орта мектепте қала тұрғындарымен кездесіп, «Қаланың 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2020 жылға арналған міндеттері туралы» есебін берді. Есепті кездесулерге аудан әкімі Бауыржан Қаниев, оның орынбасарлары, құқық қорғау органдарының, мекеме, кәсіпорын басшылары және еңбек ардагерлері қатысты. Кездесу жиындарын аудандық мәслихат хатшысы Сқақ Бигеев ашып жүргізді.
Тұрлан Төлегенов өткен жылы қаланың әр саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Қалаға қарасты 60 шаруа қожалығы және 4 ауыл шаруашылғы кооперативі бар. Қала бойынша 4959 бас мүйізді ірі қара, 8979 бас қой-ешкі, 1640 бас жылқы, 1123 бас түйе бар. Мәселен, «Сулыкөл» шаруа қожалығы 5,5 млн. теңге несие алып, 163 бас қой және 7 қошқар сатып алыпты. «Бірлік» шаруа қожалығы 9,6 млн. теңге несие алып, 300 бас қой және 10 қошқар сатып алуда екен.
— «Естай» шаруа қожалығының Шалқар қаласында орналасқан базасында түйе сүтін қабылдап, Қарағанды қаласына жіберіп, ол жақтан түйе сүтінен парашок сүт шығару жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Мырзағұл Шыманұлы көшесі бойынан «Бауыржан» шаруа қожалығының төрағасы Б.Дүйіс азық-түлік және ет, сүт өнімдерін сататын дүкен ашып, еттің бағасын 10-15 пайыз арзан бағада сату жоспарлануда.
Қала бойынша биылғы қысқа мал азығын дайындауға 23300 тонна жоспарланып, бұл жоспар 100,7 пайызға артығымен орындалып отыр. Қала бойынша 333 бас бұқашық тапсырылды. 394,5 га жерге бау-бақша егілді. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 9,4 пайызга артық егіліп отыр. 2 бау-бақша кооперативі, 9 бау-бақша егумен айналысатын шаруа қожалығына және бау-бақша егуге ниет білдірген 9 азаматқа уақытша жер учаскелері берілді. Шалқар көліндегі балықтарды құтқару және көбейту мақсатында жеке кәсіпкер Ғанибек Сұлтанов көлге 50,0 мың балық жіберді. Қаланың ауыл шаруашылығы құрылымдарына 15,0 млн. теңге көлемінде республикалық және жергілікті бюджеттен қолдау көрсетіліп, субсидиялар төленді.
Қалада 87 заңды тұлға, 1393 жеке кәсіпкер бар. Аудан әкімінің іс-шаралар жоспарына сәйкес, қала бойынша азық-түлік және көкөніс дүкендеріне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізілді. 5 ірі сауда орны және 1 газ құю бекетімен бағаны тұрақтандыру мақсатында меморандум жасалды.
«Бизнестің жол картасы — 2020» және «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламалар аясында жеке кәсіпкер А.Әлімбаев өз қаражаты есебінен 35,0 млн. теңгеге Желтоқсан көшесінде орналасқан жалпы аумағы 1000 шаршы метрді құрайтын «Тұғыр» азық-түлік дүкені мен қойма ғимаратын салып, 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, жеке кәсіпкер Қ.Болысбаева өз қаражаты есебінен 30,0 млн теңгеге 300 орындық «Әлия» мейрамханасын салып, 8 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, халыққа қызмет көрсетуде. Қала бойынша қазіргі таңда 4 наубайхана, 2 ірі кондитерлік өнім шығаратын цех жұмыс жасайды. Көшелер асфальтталып, жарықтандырылды, — деді Т.Төлегенов.
Өз кезегінде тұрғындар қала әкімінің есебіне қанағаттарлық деген бағаларын беріп, бірқатар мәселелерді алға тартты. Шығып сөйлеген еңбек ардагері Ермек Бекмағанбетов: «74 жылдық тарихы бар №2 мектеп-гимназиясы ғимаратының шатыры жөнделсе, үйлерден шығарылатын күл-қоқыс көшенің кез-келген жеріне қойылмаса екен, кейбір көше атаулары мен үйлердің реттік нөмірлері жазылып, ретке келтірілсе, Кеңес Одағының Батырлары Ідіріс Үргенішбаев, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова көшелері асфальтталып, абаттандырылса, қаланың сәулеттік келбеті де жақсара түспек», — деді. Еңбек ардагері Мәжит Жакупов Орталық базар ауласының аумағы баубақша өнімдерін сатуға тарлық ететінін тілге тиек етті. Қала әкімі бұл мәселенің алдағы уақытта ретке келтірілетінін айтты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуанышбай Князбаев көшелерге тротуарлар салу, аялдамалардың маңына және халық көп шоғырланатын жерлерге қоқыс салатын арнайы контейнерлер қою мәселесін қозғаса, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Нұрлан Майкөпов өлкемізде көптеген игілікті істердің атқарылып жатқанын айтып, Ұлы Жеңістің 75 жылдығын кең көлемде атап өту туралы ой-пікірін білдірді. Сонымен қатар №2 мектеп-гимназиясы мен №8 орта мектеп ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген ұсынысын ортаға салды.
№6 орта мектепте өткен кездесуде қала тұрғындары Заманбек Жұмалин: «Жұмысшылар қалашығынан воркаут спорттық-сауықтыру алаңы салынса…» — десе, Ідіріс Үргенішбаев атындағы орта мектептің қамқоршылық кеңесінің мүшесі Жанымхан Қадыр: «Ідіріс Үргенішбаев атындағы орта мектептің акт залына жөндеу жұмыстары жүргізілсе, тозығы жеткен электр желілері жаңартылса…» — деді. Самат Қорғанбеков өткен жылы №3 орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтып, аталған мектеп ата-аналарының атынан алғысын білдірді. Сонымен қатар аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Әлішер Нағашыбаев аудан еріктілерінің әрдайым қарттарға көмек беретінін, жастарды еріктілер қатарына қабылдауға әзір екендерін айтса, №6 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Асылгүл Темірбаева қала әкімінің есебіне қанағаттанарлық деген баға берді.Тұрғындар тарапынан туындаған сауалдарға қала әкімі, тиісті бөлім басшылары нақты жауап берді.
Жиындарды қорытындылап, сөз сөйлеген аудан әкімі Бауыржан Қаниев жалпы ауданда ел игілігі үшін атқарылған істер мен алдағы жұмыстарға қысқаша шолу жасап, қоғамдық тәртіп, тазалық мәселелері әрдайымбасты назарда болу керектігін қадап айтты.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ.