Әкімдер есеп берді

МҰҚТАЖ МӘСЕЛЕЛЕР ОРТАҒА САЛЫНДЫ

Аудан әкімі Бауыржан Қаниев ауданымыздың Жаңақоныс, Есет Көтібарұлы, Айшуақ, Бозой, Тоғыз, Кішіқұм, Шалқар, Шетырғыз ауылдық округтерінің орталықтарында болып, тұрғындармен кездесіп, «Шалқар ауданының 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2020 жылға арналған міндеттері туралы» есебін берді.
Ең алдымен халық аталған округтер әкімдерінің есептеріне ден қойды. Бұдан соң тұрғындардың сауалдарына құлақ түрілді. Жалпы қай округте де кездесу еркін әңгіме түрінде өрбіді. Жаңақоныс ауылдық округінің тұрғындары аудандық газеттен аудан әкімінің өткен жылғы атқарылған жұмыстары жөнінде оқып, білгендерін, ауылдық округ әкімінің жүргізген жұмыстарын өздеріне жақсы таныс екенін айтып, көңілдері толатындарын жеткізді.
Жаңақоныстықтар биылғы жылы Айшуақ ауылдық округінің орталығына дейін асфальт жолдың тартылатынына қуанып, сол күре жолдың тұсынан ауылға дейінгі аралықтағы екі шақырым жері де асфальтталса, бүгінгі күні тек іргетасы ғана тұрған Мәдениет үйінің ғимараты аяқталса, мектебімізде ән-би үйірмесі ашылса, ұялы байланыс қондырғысы орнатылса деген тілектерін жеткізді. Және ауыл маңындағы жайлым жерлері кеңейтілсе деген ұсыныстарын да айтты.
Есет Көтібарұлы ауылдық округі тұрғындарының атынан сөйлеген ауыл ақсақалы Жәрдемберген Піралин ауданда, өз елді мекендерінде жасалып жатқан жұмыстардың барлығына риза екенін жеткізді. «Біздің айтқан талап-тілектеріміздің барлығы да орындалуда, жарық бар, газ, судың игілігін көріп отырмыз, еңселі Мәдениет үйіміз ауылдың көркі, Отан үшін қан төккен майдангерлерімізге Аллея жасалып, ескерткіш белгі орнатылды»,— дей келе, осының барлығын ұйымдастырып, жүзеге асырған облыс, аудан басшыларына, басқа да азаматтарға алғысын жаудырды. Және «Алматы-Маңғышлақ» пойызы Байқадам стансасына аялдаса деген тілегін жеткізді.
Айшуақтықтар 40 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген мектеп ғимаратының жағдайын айтып, жөнделуін сұрады, балабақша ғимаратына да жөндеу жұмыстары керектігін тілге тиек етті. Ауыл тұрғындары атынан сөйлеген ақсақал Тиыштықбай Бортаев ауыл жағдайының жақсы екенін айта келіп, округ әкімінің жұмысына оң бағаларын берді.
Аудан әкімі Бауыржан Қаниев кездесуге жиналған тұрғындарға өткен жылдың аудан үшін игілікті болғанын айта келіп, қадам басқан 2020 жыл да ел-халық үшін құтты жыл болғай деген тілегін жеткізді.
Ауданымыз үш жыл қатарынан жарты миллиард теңге көлемінде пайдамен аяқтағанына тоқталды. Осындай табыстарымыздың арқасында көшелеріміз абаттандырылып, елді мекендерде халықтың жағдайын жақсартуға арналған әлеуметтік нысандар жыл сайын ашылуда. Мәдени нысандар мен білім беру мекемелері бой көтеріп, спорттық демалыс орындары салынуда. Шалқар «Үздік ауылшаруашылығы ауданы» атанды. Өлкемізде «Анаға тағзым» орталығының ашылуы барлық нәзік жандарға көрсетілген үлкен сый-құрметтің белгісі болды.«Бұның барлығы — аудандағы 50 мың халықтың еңбегі»,— деді.
Аудан әкімі бірлік пен тәртіп болған жерде қай істің де өз мәнінде атқарылатынын айта келе, қылмыстың, әсіресе, жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтың алдын алу керектігіне, мал ұрлығына, автокөлікті мас күйінде жүргізушілерге қарсы заңның қатайғанына тоқталды. Қоғамдық тәртіпті бұзған, тазалықты сақтамаған, елді мекендерді ластаған адамдарға қоғам болып тосқауыл қоюға шақырды.
Жаңақоныстықтарға күре жол бойынан ауылға қарай бұрылатын жолдардың асфальттанатынын, Мәдениет үйі ғимаратының жобалық-сметалық құны дайындалса, құрылысының басталатынын, мектепте маманы табылса, ән-би үйірмесі ашылатынын, биыл Шетырғыз ауылдық округіне ұялы байланыс қондырғысы орнатылатынын, ендігі кезек сондай қондырғыны Аққайтым ауылына орнату үшін жұмыстар жүргізілетінін айтты. Және ауыл маңындағы жайылымдық жерлерді кеңейтуге тиісті адамдарға тапсырмалар берді.
Байқадам ауылының тұрғындарына ауыл маңындағы стансаға пойыздың аялдау үшін теміржол басшыларымен жұмыстар жүргізіліп жатқанын, бұл мәселе жөнінде облыс әкімі де хабардар екенін жеткізді.
Бегімбет ауылы тұрғындары сауалдарына жауап берген аудан әкімі, салынғанына 40 жыл болған мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу үшін тиісті адамдарға тиімді қаражат жұмсалатын сараптама құжаттарын дайындауды тапсырды, сонымен қатар 1982 жылы салынған балабақша ғимаратын ағымдағы жөндеуден өткізу жолын қарастыруын міндеттеді.
Үйлеріне дейін кәріз су құбырларын жүргізгісі келетін тұрғындарға ақылы қызмет көрсетуге мүмкіндік бар екені мәлім болды. Сыртқа мал, ет сатуға анықтама алудың қиындап кеткенін айтқан тұрғындарға, аудан әкімі жалпы ауданның малын басқа жерге сатудың тиімсіз жақтарына да тоқталды. «Сырттан келген көлік бір малды сатып алып тиесе, екінші малды ұрлап тиейді»,— деді. Ауданда ет комбинаты бар, апта сайын жәрмеңке өткізіледі, мал етін сатуға жағдай жасалған, керек десеңіздер, Ақтөбедегі «Табыс» базарынан да орын алып береміз, сондықтан өзіміз өсірген малдың өнімдерін өзіміз өткізгеніміз дұрыс, алып сатарларға жем болмайық деген ұсынысын айтты.
Бозойлықтар ауылдағы «Қазпошта» АҚ бөлімшесінің қызмет көрсету аясын кеңейтуді, интернет орнатуды, округ орталығына жылжымалы рентген аппаратын әкелуді сұрады. Әрине, ауылдағы мекемелердің еңбекақысы, зейнетақысы, т.б. қызметтер көрсетіп тұрған пошта бөлімшесінде жұмыстың күрделеніп тұрғаны белгілі болды. Осы жұмыстарды жеңілдету үшін пошта бөлімшесіне төлем қабылдау терминалын орнату жағы қарастырылатын болды. Аудан әкімі «Ел Президентінің тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін интернет барлық жерге жету керек, соның аясында Бозой елді мекенінде де интернет мәселесі шешіледі»,— деді. Аудандық аурухананың бас дәрігері Асқар Есмағанбетов: «жылжымалы рентген аппаратының 55 млн. теңге тұратынын, оны сатып алуға аудандық аурухананың, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қаржысы жетпейтінін, бірақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2020-2021 жылғы жоспарында оны сатып алу бар екенін, ауданға «Жәрдем», «Денсаулық» пойыздары келгенде теміржол бойындағы барлық елді мекен тұрғындары мүмкіндігінше рентгенмен қамтылып жатқанын айтты.
Аудан әкімі ынта болса бітпейтін іс болмайтынын еске салды. Өзбекстанмен шекарада кеден бекеті ашылуы үшін жолдың тартылуы шарт екенін айта келіп, биыл Шалқардан-Бегімбет елді мекеніне дейін асфальттанған жолдың жететініне тоқталды. Бозойдан шығатын 25 шақырым ойдым жолға қиыршық тас төселіп, тегістелмек. Көптен бері күрделі жөндеу күтіп тұрған Бозой орта мектебі ғимаратының да шешілу жағы қарастырылмақ. Аудан басшысы басталған жылы да ауданда көптеген игі істердің жүзеге асатынын әңгімеледі.
Қаламыздағы №5 мектеп-лицейіне және Қарашоқатта аудандық бюджет есебінен мектептің жаңа ғимараттары бой көтермек. Шұбат, қымыз өндіретін цехтар ашылмақ. Бозой, Мөңке би ауылдық округтерінде көшелер асфальттанбақ.

Қалааралық және №33-34 пойыздарына қосымша вагондар қосылып, сол кезде Ақтөбе қаласына қатынайтын жолаушылар үшін билет тапшылығы азаймақ.
Тоғыз ауылдық округі тұрғындарымен кездесуде жаңадан бой көтерген ауыл мектебінің салқындығын байқаған аудан әкімі оны тез арада реттеуді тиісті адамдарға тапсырды. Тоғыз, Шілікті елді мекендеріне сыйымдылығы 60 тонналық 4-5 арнайы ыдыстар қойып, оған теміржол арқылы тасымалмен сұйық (жиженный) көгілдір отын толтырып, округтердегі газ мәселесін шешуге болатынын айтты. «Біз ауыл ішіндегі газ желілерін жүргізуге ғана ақша бөлеміз, бұл газ тартудан 10 есе арзанға түседі. Бұл бағытта тартылатын ауыз су мәселесі де қозғалды, құны—980 млн.теңге»,— деді. Ауыл тұрғындары атынан сөйлеген еңбек ардагері Әбдуәли Жақанов ауданда, өздері тұрып жатқан ауылдық округте атқарылған істерге қанағаттанатындарын айтып, алғысын жеткізді.
Шілікті ауылының тұрғындары алдында сөз сөйлеген аудан әкімі Қарашоқат орта мектебінің жаңа ғимаратын салу мәселесі шешімін тапқанын, биыл жобалық-сметалық құжаттары дайындалса, келесі жылы Шоқысу мектебіне жаңа ғимарат салу жоспарланып отырғанына тоқталды. Учаскелік полицияға тұрғын үй керектігін, ауылдағы Мәдениет үйінің материалдық-техникалық базасының нашарлығын білген аудан әкімі тиісті адамдарға оларды шешу жолдарын қарап, орындауды тапсырды. Шілікті тұрғындары атынан сөйлеген ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Аққайыр Оразбаев та ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға көңілдері толатынын жеткізді.
Ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Жаңбырбай Қаратаев бастаған Шалқар ауылдық округінің тұрғындары ауданда атқарылып жатқан істерге ризашылықтарын білдіріп, іргелерінен өтіп жатқан жолдан ауылға бұрылатын жолды асфальттауды, ауыл маңындағы құм тоқтату үшін егілген сексеуіл өсімділерінің аймағы қоршалса, жалпы құм көшкіні баспау үшін екпе ағаштары отырғызылса, боран соғып, төтенше жағдайлар болған кезде көмек беретін техникалар болса, ауыл медпункті салқын, жылытылса, деген сауалдар қойды. Аудан басшысы іргеден өтетін жолдан ауылға дейінгі жолды асфальттау жоспарда бар екенін, әр округ орталығында төтенше жағдайлар болған кезде қар тазартып, жол аршитын техникалары бар адамдармен келісім шарттар бар екенін, ондай жағдай үшін жанар-жағармай да бөлінетінін айтты. Облыстан келген өкіл Нұржан Аққұл Жылтыр іргесіндегі құм көшкіні болатын 20 гектар жерге талдар отырғызу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар екенін жеткізді. Ал медпункттің салқындығына байланысты жауап берген аудандық аурухананың бас дәрігері А. Есмағанбетов осы жылы Жылтырда медпукттің жаңа ғимаратын салу жоспарда бар екеніне тоқталып, тұрғындарды бір қуантып тастады.
Шетырғыз ауылдық округі тұрғындарымен кездесуде аудан әкімі Б.Қаниев соңғы жылдары Қаратоғай елді мекенінде халық үшін игілікті істердің жасалғанын: газ, ауыз су тартылғанын, жаңа мектеп ғимаратының бой көтергенін, енді ұялы байланыс орнатылғалы жатқанын айтты. Жаңа клуб ғимаратын салу жайы жоспарда бар екеніне тоқталды. Шалқар-Ырғыз трассасына дейінгі жол да қалыпты ұсталып тұрғанын тілге тиек етті. Басқа да ауданда атқарылып жатқан істерді әңгімеледі. Өз кезегінде ауыл ақсақалдары, ұстаздар ауыл әкімінің жұмысына қанағаттанатындарын айтып, Қаратоғай ауылының халқы үшін істеліп жатқан игі істерге бастамашы болып, басы-қасында жүрген аудан әкіміне алғыстарын білдірді.
Аудан әкімі кездесулерде қай мәселенің де назардан тыс қалмайтынын айтып, ауылдық округ әкімдеріне заман талабынан қалмай, Ел Президентінің тапсырмалары мен міндеттерін орындап, ел-халықпен бірлесіп, еңбек ету керектігін тапсырды.
Бірқатар есепті кездесулерге қатысқан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты қорғауды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл шалқарлықтарды басталған 2020 жылмен құттықтап, табыстар тіледі және өткен жылғы облысымыздың жетістіктеріне тоқталды.
Ауыл тұрғындарымен кездесулерде аудандық мәслихат хатшысы Сқақ Бигеев және халыққа қызмет көрсететін мекеме, бөлім басшылары қатысып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жеке қабылдап, залдан түскен сауалдарға жауап берді.

Қыдыралы ӘЛИН,
«Шалқар».