Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында, ұлттық құндылықтарымыз, еліміздің тарихи мұралары туралы, инновациялық жаңашылдықты жүзеге асыру, қор құндылықтарын жарнамалау, аудан тұрғындарын экспонат тапсырып, музей қорын толықтыруға шақыру мақсатында аудандық тарихи-өлкетану музейінде өткен акция осылай аталды. Музей директоры Нағима Тлембаеваның ұйымдастыруымен өткен шараға музей жанындағы «Тарих — халық зердесі» атты ғылыми кеңесінің, «Өлкетанушылар» секциясының мүшелері қатысты.
Шара барысында музей директоры Нағима Тлембаева жалпы музейде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша және т.б. атқарылған жүйелі жұмыстарға тоқталды. Мәтей Қоқанұлы атындағы мешіттің бас имамы Бақыт Тойшыбаев Жанаман ахун Сейітімұлының өнегелі өмір жолы туралы айтып, музей қорына оның шапанын, жидесін, Құран кітабының көшірмесін, пайдаланған ерін тапсырды. Жанаман атадан бүгінгі күнге дейін жеткен құнды жәдігерлер музейдің негізгі кітабына 12 мыңыншы жәдігер болып тіркелгенін айта кеткен жөн.
Сонымен қатар тау өңірінде өмір сүрген Құжыр есімді найзагер батырдан қалған қылышты оның тікелей ұрпағы, қауылжырлық Серік Сарманов тапсырса, Шалқар аграрлық-техникалық колледжінің директоры Жеткерген Елемес, еңбек ардагерлері Бағжан Жоламанов, Мәдина Әуелбаева ата-әжелерінің кезінде қолданған заттарын, №5 мектеп-лицейінің мұғалімі Наталья Кузнецова аталған білім ордасының тағылымды тарихы баяндалған және суреттері жазылған компакт-дискі мен Ұлы Отан соғысы жылдарындағы мектеп журналын, ардагер-ұстаз Равиль Туюшев 1976 жылы ресейлік академик Павел Флоренскийдің жетекшілігімен ұйымдастырылған кешенді экспедицияның көрші Ырғыз ауданынан тапқан Жаманшын кратерын табыстап, биыл жаз айында академиктің басшылығымен Ырғыз өлкесінде ұйымдастырылған экспедицияға қатысқанын айтты. Сондай-ақ, музей қорына генерал-лейтенант, жерлесіміз Болат Жанасаевтың арнайы әскери киімі мен Елбасымен бірге түскен тарихи суреттері табысталды.
Шара аясында «Байлық — қанағат пен еңбекте» атты еңбек ардагерлері Қалабай Нұрмашов, Мәдина Әуелбаева, Жәмила Алдашовалармен сыр-сұхбат жүргізілді. Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінің мұғалімі Жанар Насанбаева жүргізген сұхбатта сексеннің сеңгірігіне шыққан, еңбекпен есейген жандар өздерінің өнегелі өмір жолдары, отбасы тәрбиесі туралы сыр шертіп, жастарды ерінбей еңбек етуге шақырды және оларға ақыл-кеңестерін айтты. Шалқар ауданының Құрметті азаматтары Мақсат Қосымов, Жеткерген Елемес, ардагер-ұстаздар Күләй Жұмағалиева, Аққайыр Оразбаев шараның құрметті қонақтарына алғыстарын айтып, көпке үлгі болып жүрген осындай жандармен мектеп оқушылары арасында тәрбиелік мәні зор шаралар жиі өткізілсе деген тілектерін білдірді.
Нағима Тлембаева ардагерлерге сый-сияпаттар табыстады және музей қорын толықтыруға өз үлестерін қосып, ұйымшылдық танытқан мектеп директорларын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаевтың атынан Алғыс хаттармен марапаттады.
Музей қоры 2019 жылдың сандық көрсеткіші бойынша 12 мың жәдігерге жеткен.
Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ,
«Шалқар».