ЕСЕТ АТА ЕСКЕРТКІШІ ЕЛ РУХЫН БИІКТЕТПЕК

Ақтөбе қаласының орталығынан Ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері, батыр әрі би Есет батыр Көтібарұлына ескерткіш қою көзделуде. Қазіргі таңда бұл мәселе оң шешімін тауып, ескерткіш жобасы республикалық «Қазақстанда орнатылатын монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның» талқылауынан өтіп, мүсінші конкурстық жобаны ұтып, комиссия шешімімен бекітілді. Ақтөбе қалалық әкімшілік шешімімен ескерткіш орнатылатын жер телімі де белгіленді. Енді жас ұрпаққа тағылымдық мәні зор игілікті шараны халық болып қолдап, жүзеге асыру ғана қалып тұр.
Осы ортақ шаруаға орай батыр баба атында арнайы қоғамдық қор ашылып, қазіргі таңда қызу жұмыс істеуде. Қор төрағасы Аманғали Мұхамбетулин бастаған ынталы топ таяуда аудан әкімі Бауыржан Қаниевпен кездесіп, алға қойған жұмыс жоспарларымен бөлісті. Өз кезегінде аудан басшысы Шалқар топырағында туып, жерленген Есет-Дәрібай батырлардың халық ұғымында орыны айырықша екендігін сөз етті. Бабалар қашан да халыққа ортақ, өйткені олар елдің Тәуелсіздігін аңсап, қазақ халқының амандығы үшін жандарын пида етті. Ерлігі ерен осындай тұлғаларға қандай құрмет жасалса да жарасымды деген аудан әкімі Б.Қаниев шалқарлықтардың бұл істі бірауыздан қолдайтындығына сенім білдірді.
«Есет батыр Көтібарұлы атындағы» қоғамдық қор төрағасының қатысуымен қалалық әкімшілік ғимаратында да ардагерлермен кездесу өтті. Онда ардагерлер жас ұрпаққа үлгісі мол жақсы бастаманы қолдап, сөз сөйледі, көпшілік осыған біркісідей атсалысуы қажет деген ортақ тоқтамға келді. Осындай кеңесуге құрылған басқосу қаламыздағы «Ақ отау» мейрамханасында да болды. Оған қатысқан ардагерлерге баба ұрпақтары ақ дастархан жайып, игі бастамаға сәттілік тілеп, үлкендердің батасын алды.
Өз кезегінде сөз алған қор төрағасы А.Мұхамбетулин ескерткішті орнату жөніндегі бастамалар мен оның жүзеге асыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарын баяндап, көптің пікірін тыңдады. Сөз алған Оразбай Әділбаев бастаған ардагерлер Есет батыр жөнінде тарихи тың деректер айтып, оңды іске ақсақалдық баталарын берді. «Әрбір зейнеткер бір айлық зейнетақысын берсе үлкендігіміздің бірегей үлгісі болар еді», деген қарттарымыздың арасынан сол дастархан басында-ақ қорға қолма-қол қаржысын бергендер де болды. Бұндай ыждағаттылықты 100 мың теңгесімен еңбек ардагерлері Қалмақан Төлеуов пен 50 мың теңгесімен Таласбай Мәмбетов көрсетті.
Осы ретте батыр баба атындағы қорға алғашқылардың бірі болып қаржы салғандардың есімдерін де айта кетуді жөн көрдік. Олар: Оразбай Әділбаев 100 мың теңге, Аманкелді Қалыбаев 100 мың теңге, Орынбасар Өтегенов 500 мың теңге, Елубай Төлепберген 100 мың теңге, Әбілахим Шаншаров 70 мың теңге, Аманғали Мұхамбетулин 100 мың теңге, Аманғос Бекбергенов 25 мың теңге, Бекнұр Мұқанов 200 мың теңге, Есенбай Махамбет 50 мың теңге, Серікбай Сүлейменов 100 мың теңге, Мырзабай Төреханов 100 мың теңге, Әкімжан Мұхамбетулин 25 мың теңге, Мұхтар Қазбекұлы 25 мың теңге, Жақсылық Кененов 100 мың теңге, Жанар Төлепберген 50 мың теңге.

«Есет батыр Көтібарұлы атындағы» қоғамдық қоры:
АО «Народный банк Казахстана»
БИК Банка: НSBKKZKX,
ИИК: КZ586010121000119231
БСН: 191040007775.
Байланыс телефондары: Ақтөбе 21-56-52, 8-777-158-8977, 8-778-361-8516, 8-776-840-9269, 8-701-522-5285.