ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНГІ САЛТАНАТ

Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде 16 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне арналған салтанатты жиналыс өтті. Оған ауданымыздың ардагерлері, депутаттар, мекеме, бөлім басшылары, ауылдық округтерден арнайы келген өкілдер, жалпы қала тұрғындары қатысты. Сонымен бірге облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов келіп, мерекелік шараның ортасында болды.
Салтанатты жиын А.Жұбанов атындағы халық аспаптар оркестрінің орындауындағы Құрманғазының күйі «Саранжаппен» ашылды, Н.Тілендиевтің «Өз елім» әні әуеледі.
Аудан әкімі Бауыржан Қаниев жиналған жұртшылықты еліміздің Тәуелсіздік күнімен құттықтады: — Бұл күнде Қазақ елі ата-бабаларымыз арман еткен дербес ел атанып, әлем елдері арасында таныла білді. Азаттық пен егемендіктің шырағын жаққан осы қасиетті күннен бастап еліміз әлем картасында орнын айқындады. Осы қасиетті ұғыммен бірге қазақ елінің шаңырағы көтеріліп, іргесі нығайды. Осы жылдар ішінде Отанымыз дамудың даңғыл жолына түсіп, экономикасы дамыған, саясаты мығым, таңдаулы ел атанып қана қоймай, баршаға үлгі боларлықтай, басқаға бағыт сілтейтіндей дәрежеге көтерілді. Тәуелсіздігіміздің арқасында біз көптеген игіліктер мен ізгі істерге қол жеткіздік. Осы қасиетті ұғымға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Барымыз да, бағымыз да — Тәуелсіздік», — деп жоғары баға берді.
Тәуелсіз еліміздің өркендеуімен қатар ауданымызда да оңды істер жүзеге асуда. Қала көшелері абаттандырылып, елді мекендерде халықтың жағдайын жақсартуға арналған әлеуметтік нысандар жыл сайын көптеп ашылуда. Мәдени нысандар мен білім беру мекемелері бой көтеріп, спорттық және демалыс орындары салынуда. Осының барлығы Тәуелсіздіктің жемісі мен жетістіктері деп білемін.
Осынау мерейлі мерекемен аудан халқын шын жүректен құттықтай отырып, еліміздің аспаны ашық, жұртымыздың ырыс-несібесі мол болсын деп тілеймін. Егемен еліміздегі мамыражай тыныштық пен берекелі тірліктің дәуірі мәңгілік болғай! Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын! — деді аудан әкімі.
Бұдан кейін аудан басшысы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында еліміздің өркендеуіне өз үлестерін аямай қосып жүрген бірқатар еңбеккер азаматтарды марапаттады. Шалқар ауданының Құрмет грамотасымен аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Марат Ержанов, «Қамқор Вагон» ЖШС-нің «Шалқар вагон жөндеу депосының» цех шебері Шолпан Садақбаева, Сарықамыс негізгі мектебінің директоры Ұлан Нияз, «Жолаушылар тасымалы» АҚ Батыс жолаушылар тасымалы жөніндегі Ақтөбе аймақтық филиалының жолсерігі Мұрат Төребеков марапатталды. Аудан әкімінің Алғыс хатын әр салада еңбек ететін 28 жұмысшы-қызметкер, «Nur Otan» партиясы Шалқар аудандық филиалы төрағасының Алғыс хатын 11 адам алды. «Шалқар саясы» мүгедектерді қолдау орталығының төрағасы Ерлан Алдашов, ғалым-ұстаз Советбай Елубаев, ардагер-дәрігер Сембай Ділманов «Шалқар ауданының Құрметті азаматы» атағына ие болды, 17 адам «Шалқар ауданының «Жыл адамы — 2019» атағын (газеттің осы нөмірінде жарияланып отыр) алды.
Сахна төріне облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин шығып, облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан ұлттық мереке — Тәуелсіздік күнімен Шалқар жұртшылығын құттықтады. — Жиырма сегіз жылда жеткен жетістіктеріміз осы залда отырған аға-апаларымыз секілді кезінде ерен еңбек еткен адамдардың арқасы. Ақтөбе облысы — Қазақстандағы алдыңғы қатарда келе жатқан өңір. Жыл сайын жалпы өнім көрсеткіші бес пайыз өсімді көрсетіп келеді. Әрине, оның ішінде Шалқар ауданы халқының үлесі зор. Биыл Шалқар ауданына 20 млрд. теңгеге жуық инвестиция тартылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын енгізді. Ол дегеніңіз 23 жылда сырттан келетін тауарлардың үлесін 23 млрд. долларға азайту. Осы бағдарлама бойынша Шалқар ауданында 1 млрд. теңгеге 11 жоба жүзеге асты. Осының барлығы аудан әкімі Бауыржан Нұралыұлы бастаған азаматтардың, жалпы шалқарлықтардың ерен еңбегі деп білемін, — деді А.Бердалин. Және еліміздің кемелді келешегі үшін жаңа істердің жасала беруіне, Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, елдігіміздің ғұмырлы болуына тілектестігін білдірді.
Сонымен бірге аудан әкімі Бауыржан Қаниевті ішкі істер органдары қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған шаралар кешенін іске асыру жөніндегі міндеттерді шешуге қосқан үлесі, материалдық-техникалық базаны нығайту, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлерінің имиджін арттыру, батылдығын және ерлігін насихаттағаны үшін ҚР Ішкі істер министрлігінің Алғыс хатымен марапаттады. Әр салада жұмыс істейтін алты қызметкерге облыс әкімінің Алғыс хатын, екі адамға облыстық мәслихаттың Алғыс хатын, екі адамға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысының Алғыс хатын тапсырды. 12 отбасына коммуналдық-жалдамалы тұрғын үй пәтерлерінің кілттерін табыстады. Оның ішінде көп балалы аналар, бюджет және мемлекеттік қызметкерлер бар.
«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов жиналған қауымды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, партияның алға қойған мақсат-міндеттерін әңгімеледі. Және әр салада қызмет істейтін 4 азаматты «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасы бірінші орынбасарының Алғыс хатымен марапаттады.
Салтанатты жиынның өн бойында үлкен экран арқылы еліміздің Тәуелсіздік жылдардың жеткен жетістіктері көрсетілді. Сонымен бірге мерекелік жиында жұртшылық аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасын тамашалады.

Қыдыралы ӘЛИН.