БАҒДАРЛАМАНЫҢ мүмкіндігі МОЛ

Елбасы бастамасымен жүзеге асып жатқан «Дипломмен — ауылға» бағдарламасы еңбек етемін деген жалынды жастарға мол мүмкіндік береді. Қазіргі таңда осы бағдарлама аясында ауданымызда әр саланың дамуына үлес қосып жүрген мамандар бар. Мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп жүргендер қатары жыл санап артып келеді.
Мәселен, осы жылдың қыркүйек айынан бастап ауданның денсаулық сақтау саласы бойынша алты жас маман жұмысқа орналасты, олар: Әбдіқалық Құлмағанбет хирург, Ару Құлмағанбет, Әсел Құдайбергенова терапевт, Айдана Нұрмұханова, Татьяна Шеховцова жалпы тәжірибелі дәрігер, Гүлнұр Отарова невропатолог. Ауылға келіп, жұмысқа орналасқан дәрігерлерге көтерме жәрдемақы берілген. Бүгінде олар аудандағы емхана мен ауруханада еңбек етіп жүр.
Сондай мамандардың бірі — Айдана Нұрмұханова. Ол М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетін жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі күні алқаптық дәрігер. Қыркүйек айында жұмысқа орналасқан Айдана дәрігер боламын деген бала күнгі арманының орындалғанына қуанышты. Өзі сияқты жастарды қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, ауылға еңбек етуге шақырады. «Дипломмен — ауылға» бағдарламасының игілігін көріп отырған Әбдіқалық Құлмағанбетов пен зайыбы Ару Құлмағанбетова қолдарына диплом тиісімен жұмысты ауылдан бастағанды жөн көріпті.
— Біз секілді жас отбасыларға бағдарламаның берер мүмкіндігі көп. Алғашқы көтерме ақыны да алдық. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан үй беріледі, — дейді хирург жас маман. Жерлес дәрігер ауылға келіп, еңбек еткеніне дән риза. «Дипломмен — ауылға» бағдарламасының жүзеге асуына атсалысып жүрген қызметкерлерге жас мамандардың айтар алғысы шексіз.

Арайлым СИДАҚОВА.