Еңбегі жанған арулар

Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері ауданымызға іссапармен келіп, қаламыздағы әйел кәсіпкерлермен жүздесіп, олардың  кәсіптерімен танысты. 

Алдымен облыстан келген меймандар аудандық Мәдениет үйі фойесінде кәсіпкер қыз-келіншектердің өз қолымен жасаған өнімдері мен көздің жауын алар бұйымдар көрмесін тамашалады. Одан кейін облыстық іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері Самал Асанова, Ғалия Есполова, Гүлшат Абдуллина, Венера Ережепова, Зәуреш Мұқанова іскер әйелдер қауымдастығы аудандық кеңесінің ұйымдастырумен өткен «Еңбегі жанған арулар» атты аудандық форумға қатысты. 

Форум басында түрлі кәсіпті табысты жүргізіп отырған әйел кәсіпкерлер туралы бейнеролик көрсетілді. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, «Samal cakes» кондитерінің басшысы  С.Асанова, «Salyk&Esep» атты аутсорингтік компанияның директоры Г.Абдуллина, «The names» сұлулық коворкингінің басшысы Ғ.Есполова өз бизнестерін алғаш бастағанда кездескен түрлі кедергілер мен  толағай жетістіктерге қалай жетуге болатыны жайлы айтып, тәжірибелерімен бөлісті.

Бұдан соң сөз алған аудан әкімі Жанболат Жидеханов форумға қатысушыларға сәттілік тілеп, әйел-аналардың мәртебесін көтеру, олардың қоғамдағы белсенділіктерін арттыру және кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан ауданда  қолға алынған жұмыстарды баяндады.

— Қай қоғамды да әйелдерсіз, олардың жанды жұмысынсыз елестету мүмкін емес. Әйелдер қауымы білім, денсаулық сақтау саласы мен кәсіпкерлікте, өзге де ауыр жұмыстарда өз белсенділіктерін көрсетіп келеді.

«Әйелдің асылы ісінен білінеді» дейді. Соңғы жылдары қыз-келіншектер еліміз-дегі кәсіпкерлік саласын дамытуға белсенді атсалысып келеді. Шағын және орта бизнестің, жалпы кәсіпкерліктің жүйелі дамуын ауданның жыл сайынғы көрсеткішінен айқын байқауымызға болады. Осыдан он бес жыл бұрын ауданда  313 кәсіпкерлік нысан тіркеліп, 1702 адам жұмыс жасаса, бүгінгі таңда 3532 кәсіпкерлік субъект тіркелген. Соның ішінде 1201 адам кәсіпкер әйел азамат. Оларда жұмыс жасайтындар  саны  4214 адам.

Мемлекет тарапынан ұсынылған «2021-2025 жылдарға арналған кәсіп-керлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» және «Ауыл аманаты» жобасына қатысып, 2,5 пайыздық несие алып, жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпкер әйел азаматтар ауданымызда аз емес, — деп, аудандағы бизнес саласының дамуына үлесін қосып жүрген бірқатар кәсіпкерлерді марапаттады.

«Samal cakes» кондитерінің басшысы Самал Асанованың, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының директоры Дана Бекбауованың және аталған палатаның аудандық филиалының төрағасы Бақытжан Анапиннің Алғыс хаттары бір топ кәсіпкерлерге табысталды. Сонымен қатар іскер әйелдер қауымдастығы аудандық кеңесінің орынбасары Алма Жанұзақова аталған ұйымның төрайымы қызметін «Albator» кондитерлік үйінің иесі Гүлнұр Нұрмановаға тапсырса, «KidStar» балалар шығармашылық орталығының директоры  Айбану Қожабаева кәсіпкерлік саласында мемлекет тарапынан берілетін  қолдаулар мен мүмкіндіктерді тиімді пайдалану жөнінде бағыт-бағдар берген бұл басқосу жаңадан кәсіп бастаушыларға да берері мол  болғанын айтты.

Форум барысында ауданның кәсіпкерлері өздерінің толғандырып жүрген сауалдарын облыстан келген топ мүшелеріне қойып, өзара пікір алмасты.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».