Облыс әкімінің ауданымызға сапары

Шаруалармен кездесті

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың Шалқар ауданына жұмыс сапары Жылтыр ауылындағы шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесуден басталды.

Кездесуде агроөнеркәсіптік кешен дамуының өзекті мәселелері, жемшөп дайындау, өзекті мәселелер мен шаруалардың ұсыныстары тыңдалды. Мал шаруашылығымен айналысатындарға облыс әкімі мал азығына берілетін субсидия қайта қарастырылып жатқанын айтып өтті. Жайылым жерлердің көлемін арттыру, нарықты жергілікті өніммен қамту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін назарда ұстауды аудан мен мемлекеттік орган басшыларына тапсырды.

Айта кетейік, биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында ауыл шаруашылығы саласы бойынша Шалқар ауданында өндірілген өнім көлемі өскен. Қаржылай түрде өндіріс көлемі 15,4 млрд. теңгеге жетті.

Шаруалармен кездесу Greenhouse Shalkar ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің базасында өтті. Жобаны жергілікті тұрғын Нағашыбай Қазин «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы аясында іске асырып, қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» жобасының арқасында әрі қарай кеңейтуде.

Атап айтқанда, он жазғы және екі қысқы жылыжай салынуда. Жеңілдетілген несиелердің жалпы сомасы 23 млн. теңгені құрайды. Жұмыс істеп тұрған жылыжайларда жылына екі рет 36 тоннаға дейін құлпынай, қияр және басқа да көкөністер жиналады. Барлық өнімдер Шалқар ауданының дүкендеріне қолжетімді бағамен жеткізіледі. Нағашыбай Қазиннің тәжірибесі — бұл еңбекқорлық пен табандылықтың арқасында үлкен жеңістерге жетуге болатындығының жарқын мысалы іспеттес, өйткені құм басып жатқан Жылтыр ауылында жеміс-жидектер мен көкөністерді өсіру мүмкін емес еді.

Жылтырдағы құмды тоқтату үшін   сексеуіл отырғызылады

Өңір басшысы Асхат Шахаров Жылтыр ауылындағы үйлерін құм басу қаупі бар тұрғындармен жүздесті. Аудан әкімі Жанболат Жидехановтың сөзінше, 2016 жылы құмның көшуін баяулату мақсатында Жылтыр ауылының шығыс бөлігінде ауданы 20 га. жасыл аймақ құрыл-ған. Биыл ауылға кіреберісте 1 шақырым қоршау қалпына келтіріліп, 550 жүзгін және қарағаш көшеттері отырғызылды, жасыл желектерді суару мәселесі шешілді. Екі құдық қазылды.

Облыстық табиғи ресурстар басқармасының басшысы Сәбит Дүйсекенов бірнеше жылдан бері келе жатқан құм көшу мәселесін тағы қоршаулар салып, жасыл желектерді көбейту арқылы тоқтатуға болады дейді.

2024 жылдың көктемінде 35 мың түп сексеуіл отырғызу жоспарланып отыр. Ағаштар аудандағы тәлімбақтан алынады. Қабылданған шаралардың тиімділігін арттыру және жүйелеу мақсатында құмның көшуін тоқтату жұмыстарын жүргізуге ЖСҚ әзірлеу қажет. Облыс әкімі жұмыстарды тиімді жүргізу, отырғызылатын ағаштардың толықтай өсуін қадағалау керектігін қадап айтты. Ауыл ақсақалдарын мәселені бірге шешуге шақырды.

Спорт мектебін салу туралы бастаманы қолдады

Облыс әкімі Асхат Шахаров аудан орталығы — Шалқар қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуымен, сондай-ақ бірқатар өзекті мәселелердің шешілу барысымен танысты.

Өңір басшысы В.Н.Цеханович атындағы №1 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болды. Спорт мектебінің ғимараты 1904 жылы локомотив депосының асханасы ретінде салынған. 1971 жылы асхана спорт мектебінің күрес залына бейімделді. Бүгінде мұнда 820-дан астам бала жаттығуда. Спорт мектебінің директоры Дәулет Дәрібаев ғимараттың тар екенін айтып, негізгісін кеңейтуге ниетті. Тіпті, жаңа спорт кешенін салатын жерін де тауып қойған.

«Жасөспірімдер мен жастардың спортқа қызығушылығы жоғары екенін көріп тұрмыз. Мықты спортшының есімін иеленген спорт мектебін жауып тастауға болмайды. Оған жапсарлас, үлкен әрі заманға сай құрал-жабдықтармен қамтылған жаңа ғимарат салуды қолдаймын. Ауқымды шаралар өткізетін Шалқарда орын жоқ. Сондықтан, тез арада жобалау құжаттарын әзірлеу керек», — деді Асхат Шахаров В.Н.Цеханович спорт мектебінде спортшылармен кездескен сәтте.

Аудан орталығында облыс әкімі тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Шалқарлықтар тұрғын үймен қамту, Ақтоғай ауылында клуб салу, Есет ауылына су тарту, Қарашоқат ауылындағы мектепке есім беру секілді өтініштерімен жүгінді. Барлық мәселелер бойынша егжей-тегжейлі түсініктемелер беріліп, қосымша қарауды қажет ететін мәселелер бақылауға алынды.

Шалқардағы 320 орындық мектеп желтоқсанда пайдалануға  беріледі

Нысан 2019 жылдың соңында пайдалануға берілуі керек еді. Алайда, мердігер ұйым өзін банкрот деп жариялауына байланысты құрылысқа қатысты шарт бұзылды. Былтыр нысанның жобалау-сметалық құжаттамасына, оның ішінде құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты түзетулер енгізілген. Түзетуден кейін объектінің жалпы сметалық құны 1,3 млрд. теңгені құрады. Қазіргі уақытта нысан 95%-ға дайын. Мектеп 2023 жылдың желтоқсанында халық игілігіне беріледі. Мердігер компанияның есебін тыңдаған облыс басшысы құрылыстың қалған 5%-ын сапалы жасауды, нысанды уақытында уәкілетті орган иелегіне тапсыруды міндеттеді.

Жаңа білім ордасында №5 мектеп-лицейдің оқушылары оқиды. Директор Әлия Әбдіғапарованың сөзінше, оқушылар тезірек жаңа ғимараттың пайдалануға берілгенін күтіп жүр. Өйткені, 320 орындық мектепте барлық жағдай жасалады. Бастысы спорт залы, футбол алаңы бар.

 Көлдегі су  көлемі үш есеге  ұлғайды

Облыс әкімі Шалқар көлінің түбін тазарту бойынша ауқымды, маңызды экологиялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

Айта кетейік, құрылымдық бөлімнің өзгеруіне және тұрғындардың өтініштеріне байланысты жобаға түзетулер енгізілді. Нәтижесінде жобаның аяқталу мерзімі 2024 жылға ауыстырылды. Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәлімдеуінше, тазарту жұмыстарының нәтижесінде көлдің орташа тереңдігі 1,7 метрден 3,6 метрге дейін ұлғаяды. Сондай-ақ, жобаны іске асыру барысында ұзындығы 3,5 шақырым және ені 10 метр учаскеде Қауылжыр өзені қосымша тазартылды. Жобаның бастапқы кезеңімен салыстырғанда жұмыстардың жалпы көлемінің 73%-ы орындалды. Нәтижесінде бүгінгі күні Шалқар көлінің су көлемі 3 есеге ұлғайып, 24 млн.м3 құрады.

«Қоғам белсенділері Шалқар көлінің табанын тазартуға қатысты жұмыстар баяу жүріп жатқанын, кемшіліктер барын айтуда. Оны арнайы мамандардан құралған комиссиямен бірге анықтаймыз, қадағалауға аламыз. Жан-ашыр азаматтардан қосымша ұсыныстар қабылдадық. Келетін су арнасы тазаланады, көктемде дайындаймыз. Оны мамандармен тағы бір пысықтаймыз», — деді Асхат Шахаров. 

«Шалқар-Қандыағаш» автожолының  20 шақырымы аяқталды

Шалқар ауданына жұмыс сапары аясында Ақтөбе облысының әкімі «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ АФ басшысы Айбол Данағұлдың республикалық маңызы бар «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» автомобиль жолында атқарылған жұмыстары туралы есебін тыңдады. 

1960-1970 жылдары пайдалануға берілген және ешқашан жөнделмеген жолдың бүгінде 259-249 және 249-239 шақырымында орташа жөндеу аяқталды. «АссанаДорСтрой» ЖШС салған жолдың қалыңдығы — 28 см. Қиыршық тас қоспасы мен цементтен 100% жаңа материал қосылып, ресайклинг әдісімен негіздеме салу және асфальт жабынының екі қабаты төселген. Келер жылы тағы 75 шақырым автожолға орташа жөндеу жұмыстарын бастау жоспарлануда. Ол Қотыртас ауылына дейін болмақ.

Облыс әкімі маңызы бар жобаны тоқтатпай, жалғастыру керектігін, сапасына мән беру қажеттігін алға тартты. «2024 жылы жолды Мұғалжар ауданынан бастау туралы халық тарапынан ұсыныс бар. Өйткені, Қандыағаш-Жұрын жолына шағым көп. Шалқар мен Ырғыз арасындағы жолды да жөндеу керек», — деп облыс әкімі жол құрылысына қатысты жоспарларымен бөлісті.

Өңір басшысы жаңа жолмен жүріп өтті. Сондай-ақ, ол биыл салынған Қауылжыр, Мөңке би ауылдарының кіреберіс жолдарын қарап, осы 2 елді мекенде бой көтеріп жатқан ауыл клубының құрылысын бағамдады.

Бершүгірді  түлетуге  12 кәсіпорын атсалысуда

Қазіргі уақытта Шалқар ауданының Бершүгір ауылында құрылыс қарқынды. Мұндағы қиыршық тас өндіру және өңдеумен айналысатын 12 компания бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бірнеше жобаны іске асыруда.

Облыс әкімі Асхат Шахаров кәсіпорындардың өкілдері және ауыл тұрғындарымен кездесті. Атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. «Мұғалжар Нефтестрой» ЖШС ауылдың 1,5 шақырымдық кіреберіс жолын салып    берген. Ал «Абзал» ЖШС 1,1 шақырымды құрайтын айналма көпірден мектепке дейінгі аралыққа, 0,5 шақырымдық Шығыс көшесіне және 0,4 шақырымдық Ақтан баба көшесіне күрделі жөндеу жүргізуде. «Адал Арна Ачисай» кәсіпорны өзіне белгіленген Ө.Отарбаев көшесіне асфальт төседі. «Диабаз-НТ» компаниясы орталық саябақты толықтай қалпына келтірмек. Ал «Ырғыз-Тасқұм» ЖШС балабақша салады. Ауылдағы өзгерістерге тұрғындар дән риза. 

Өңір басшысы Бершүгірді дамытуға атсалысып жатқан кәсіпорындар осы ауылдың тұрғындарын жұмыспен қамту, жұмысшылардың жалақыларын мерзімінде беру міндеті де күн тәртібінен түспейтін мәселелер екенін алға тартты. Ал мемлекеттік органдар бизнесті қолдауға бар жағдай жасайды.

 Облыс әкімінің баспасөз қызметінен.