«Қарызсыз қоғам» жобасы тұрғындардың қаржылық сауатын арттырады

Amanat партиясы Halyk Bank-пен бірлесе ұйымдастырып отырған «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында ауылдық округ тұрғындары қаржылық сауатын арттырды.

 Күні кеше ауданымызда өткізілген «Қарызсыз қоғам» жобасы бүгінде халықтың оң батасын алып отыр. Жоба барысында белсенді болған түлектер, депозит ашып, несиені тиімді жолмен алу, сондай-ақ кіріс пен шығыс есебін шығару сынды жұмыстарды дөңгелетіп отыр. Осы күнге дейін кірісінен шығысы көп тұрғындар, өзінің кәсібін бастауға қорқып жүрген болашақ кәсіпкерлер де жоба сарапшыларына өз алғысын жаудырды. Оқу аяқталғаннан соң жоба сарапшылары әрбір тұрғынмен жеке қабылдау өткізіп, бизнес-жоспар құруға көмектесті.

Мәселен, Шалқар ауданына қарасты Шетырғыз ауылдық округінде жоба бойынша 80-ге тарта тұрғын сабақ алса, оның ішінде 20-ға жуығы депозит ашып отыр. Жеке кәсібін бастауға ниетті тұрғындар да жоқ емес.

Сонымен қатар, тұрғындар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде бірқатар тұрғынның несиелері бар екені және несие төлемі табыс көзінен біршама үлкен екендігі көрінді. Өкінішке орай бұл да бір қаржылық сауатсыздықтың нәтижесі.

Өз кезегінде «Қарызсыз қоғам» жобалық кеңсесінің басшысы Ақмарал Бекмұрзаева қазіргі уақытта елдің экономикалық белсенді өкілдерінің 77%-ы несие алғанын, ал 1,5 млн адамның мерзімі өтіп кеткен берешегі бар екенін атап өтті.

«Жобаны жүзеге асыру кезінде жиған тәжірибеме қарап, несие қарызы отбасындағы қарым-қатынасқа да теріс әсер ететінін айтар едім. Тіпті, кей жағдайда мұндай қарыздар ауық-ауық естіп жататын қайғылы оқиғаларға да себепкер болады. Жоба қатысушылары көбіне-көп кіріс көлемін арттыру үшін жеке кәсіп ашу жолдары туралы сұрайды. Жоба аясында сарапшылар жеңілдікпен берілетін несие мен грант алуға қажет бизнес-жоспар құруға көмектеседі. Бұл жұмыс та ақысыз негізде жүргізіледі. Қаржы мамандарының дәрісінен бөлек, оқу процесі барысында қатысушыларға заңгер көмегіне кепілдік беріледі. Олар әр қарыз алушының несие тарихын жеке зерттеп, қарыз жүктемесін жеңілдету бойынша тәжірибелік кеңес береді», – деді ол.

Amanat партиясы Шалқар аудандық филиалы.