БАТЫР БАБАНЫҢ БАСЫНА БАРДЫ

Есет Көтібарұлы — 220

Кезінде Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы шыққан Ұлт-азаттық қозғалыстың көрнекті өкілі, халық батыры Есет Көтібарұлының туғанына — 220 жыл толуына орай Байқадам ауылындағы мәдениет үйінде «Бабаға тағзым» атты тарихи-танымдық іс-шара өтті.

Есет Көтібарұлы ауылдық округінің әкімі Мейрамғали Кенжалин 1803-1889 жылдар аралығында өмір сүрген Есет батырдың өр рухты өмір жолдарын, ел азаттығы үшін жасаған батыл қадамдарын дәйекті деректерге негіздеп жеткізді.

Баба ұрпақтары атынан сөз алған журналист Мұхтар Мырзалин  тарихтан ойып тұрып орын алған баһадүр бабаны ұлықтауда кейінгі жылдары жасалып жатқан игілікті істерді тілге тиек етіп, осындай ауқымды жұмыстардың артында бір рудың ғана емес, барша халықтың қолдауы мен ізгі ниеті тұрғанын жеткізді.

Бейнеэкраннан Байқадам ауылының перзенті, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Самат Құрманалин Есет Көтібарұлы туралы тарихи мәліметтермен бөлісіп, туған жерінде аталып жатқан тағылымды шараның мазмұнын кеңейтті. Қорғантұз орта мектебі тарих пәнінің мұғалімі Бекболат Нұриманов батырдың ерлігі жайлы баяндама жасады. Зейнеткер Жәрдемберген Піралин, ардагер-ұстаз Гүлнәр Амантаевалар ауыл жанындағы Есет-Дәрібай кесенесінің өлкеміз үшін киелі орынға айналып отырғандығын айтып, тарихи мекенге жанашырлық танытатын уақыттың келгенін жеткізді.

— Есет-Дәрібай кесенесінің қайта қалпына келтірілгеніне биыл — 30 жыл. Зират таяқ тастам жерде тұрғандықтан оның жағдайы көз алдымызда. Ауданымызға даңқы асқан меймандар келсе, алдымен осы бабаларымыздың бейітіне келіп, тәу етеді. Республикамыздың түкпір-түкпірінен аталар әруағына ниет етіп келетіндер, жолай аялдайтындардың санында тіпті шек жоқ.

Қазіргі Жаңа Қазақстан идеясының түпкі мақсаты — рухани кемелдену. Бұндай кезеңде тарихтан белгілі бабаларымыздың есімін айшықтап қана қоймай, мәңгілік мекені болған орынға да құрметпен қараған ләзім. Мәселен, іргесінде жүріп жатқан тас жолдан Есет -Дәрібай кесенесіне баратын бір шақырымға жетпейтін жол жөндеу күтіп тұр. Шырақшы мен қонақ үйіне электр жарығын тартып, зиратқа келушілерге кеңінен жағдай жасауға да болар еді. Тарихи орынға жақын маңдағы ауылдың ақсақалы ретінде осы мәселелерді жанашырлықпен біз айтпасақ, үлкендігімізге сын, — дейді Жәрдемберген ақсақал.

Байқадам ауылдық мәдениет үйінің директоры Гүлмира Әлиева орамды ойларымен бөлісіп, жас ұрпаққа өнегелі сөздерін жеткізген шара қонақтарына ризашылығын білдірді. Ауылдың талантты оқушылары мен аудан орталығынан келген өнерпаздар дәстүрлі әннен шашу шашып, көптің қошеметіне бөленді.

Бұдан соң қонақтар Есет-Дәрібай кесенесіне барып, батырлар рухына тағзым етіп, Құран бағыштады. Кесене жанындағы зиярат етіп келушілерге арналған қонақ үйде ас беріліп, ауыл ақсақалдары баба ерлігі туралы рухты әңгімелер тиегін ағытты.

М. БОҚАН,

Байқадам ауылы.