Ұлттық тағамдар «Шалқарлық комбода»

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Шалқар ауданы филиалында Айбек Сағынаев деген азаматты кездестіріп қалдым, 22 жастағы жас жігіт екен. Әңгімелескенде байқағаным, талабы таудай, болашақта кәсіпкер болғысы келеді.
— Шалқар қаласында туып-өстім, — деді Айбек. — 2019 жылы №2 мектеп-гимназиясын бітіріп, грантпен Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университетке оқуға түсіп, мұнай-газ саласының мамандығын алып шықтым. Қазір Тассай стансасы маңындағы мұнай бұрғылау орнында мамандығым бойынша жұмыс істеп жүрмін. Талап бойынша үш жыл осы салада жұмыс істеуім керек, биыл бір жылы өтті. Бірақ, мен кәсіпкерлікке бет бұрғым келеді, қызығушылығым зор.
Шындығында Айбектің кәсіп істеуге жаны өте құмар екен. Оған қызығушылық 7-8 сыныпта оқып жүргенде-ақ басталыпты. Ұялы телефондар сатыпты, студенттік шағында балмұздақ саудасымен айналысқан. Оқу практикасында жүргенде сэндвич сатып, дүкендерге шұжық, сыр тапсырып, сауда көрігін қыздырыпты.
— Бір күні басыма «Шалқарлық комбо» ұлттық тағамдар жиынтығын шығару идеясы келді, — дейді Айбек. — Сол комбоны үй жағдайында жасап, осы уақытқа дейін 500 данаға жуығын сатып жібердім. Сұраныс жақсы, өзімізден, көрші аудандардан, облыстардан, тіпті шет елдерден тапсырыстар түседі.
Осы жерде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Шалқар ауданы филиалының директоры Бақытжан Анапин әңгімеге араласты: — Айбектің кәсіпкерлікке деген талабын байқап, арнайы өзіме шақырдым. Бұл жігіт өз ұсыныстарын айтты, өте тамаша, қолдауға тұрарлық. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан отандық тауар өндірушілерге көмек өте зор. Ал Айбек Үкіметтің қолдауына сай келетін отандық тауар өндіруші болғысы келеді, соның ішінде ұлттық тағам шығаруды қолға алып отыр. Мен Айбек Сағынаевты мүмкіндігінше қолдауға тырысамын. Биылғы жылы да бұл жігіттің кәсібін қолдайтын бағдарламалар бар. Мәселен, екі жыл болды, Қазақстанда «Бір ауыл — бір өнім» деген жоба жүріп жатыр, ол тек ұлттық өнімдерді қолдайды. Оны елімізде ұйымдастырып жатқан «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы. Жобаның басты шарты — ұлттық өнім таза жергілікті жердің шикізатынан жасалуы керек. Өткен жылы бұл жоба байқауы Ақтөбе қаласындағы «Далида» сауда орталығында өтті. Іші кең, жарық залға облысымыздағы кәсіпкерлер өздері жасаған ұлттық өнімдерін көрсетті. Оған облыс басшылары, мамандар келіп қатысып көрді, бағаларын берді.
Бұл байқау-көрмеге қатысып, алғашқы орындарға ие болған кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейін грант алуға мүмкіндік алады. Олардың өнімдері брендке айналып, нарықта өткізуге жағдай жасалады және аталған жобаға қатысушылар танымалдыққа ие болады, — деді Б.Анапин.
Өткен жылы аталған көрмеге ауданымыздан Амангүл Есмағанбетова деген кәсіпкер қатысып, таза түйе жүнінен тоқылған өнімдерін ұсыныпты, Халық банкінің ақшалай сыйлығына ие болған. Ал Ырғыз ауданынан барған кәсіпкер қойдың күзем жүнінен жасаған бұйымдарын ұсынып, алғашқы алтылықтың ішіне кіріп алдағы уақытта грант алуға мүмкіндік алды.
— Айбектің бастапқы дайындап, ысталып, кептіріліп сатып жатқан ұлттық тағамдары жоғарыдағы аталған жобаға қатысуға мүмкіндік береді. «Шалқарлық комбо» ішінде арнайы ұзақ сақталатын вакуум пакеттеріндегі кептірілген шұжық, жылқының қазысы, түйе еті, қойдың құйрық майы, тары, ешкі сүтінен жасалған ірімшік, балық бұқтырмасы секілді таза өнімдер ұлттық нақыштағы «Шалқарлық комбо» қорабына салынып, сатылады және сұраныс та бар, — дейді филиал директоры Б.Анапин.
Осындай жағдайды айтқан кәсіпкерлік палатасы Шалқар ауданы филиалының директоры Айбекті қолдауға дайын екенін жеткізді. Егер кепілдік тапса «Ауыл аманаты» бағдарламасымен де қолдауға болады екен. Айбек әзірге «Шалқарлық комбоны» үй жағдайында бір отбасыға жарайтын вакуум аппаратымен, ыстайтын құрылғымен жасап жүр. Оны санэпидстанция хаттамасымен сатуға мүмкіндік алған. Қолындағы шағын аппараттармен жоғарыда айтқанымыздай осы уақытқа дейін 500-ге жуық «Шалқарлық комбоны» сатып үлгеріпті. Көрші аудандардан, Ақтөбе, Ақтау, Атырау қалаларынан тұрғындар тапсырыс береді екен. Тіпті Американың Нью-Йорк қаласында тұратын жерлесіміз Берік Өталин деген азамат екі қорап комбоны алдырып, Шалқар тарысын әлеуметтік желіде насихаттап, мақтанышпен айтқанын көрдік.
Айбектің алдағы уақытқа кәсіпкерлікке байланысты жақсы жоспарлары бар екен: — Келешекте қаңылтыр банкіге құйылған компот, қымыз сатқым келеді. Мәселен, компотты кептірілген жеміс-жидектен жасауға болады, қымыз, екі бастан, жылқы сүтінен жасалады. Енді бұларды жасау үшін мамандардан арнайы рецепт сатып алу керек, сол кезде сен тағамның дайындау жолын дәл білесің. Рецеппен бірге штрих код, сертификат қоса келеді. Яғни, дүкендер сен дайындаған өнімді сатуға мүмкіндік алады. Ал рецепт арзан емес, мысалы, қымызды дайындап, банкіге құйып сақтаудың рецепті екі миллион теңге тұрады. Қаңылтыр банка жасайтын аппараттың құны 700 мың теңге тұрады. Ол осы күнгі жастар ішіп жүрген горилланың банкісіндей жарты литрлік.
Енді көпшілікке «Шалқарлық комбо» дайындау үшін үлкен вакуум, ыстап кеп-тіретін аппарат сатып алуым керек. Осының барлығы мен үшін көп ақша тұрады. Сондықтан да мен қолдау күтіп, осы кәсіпкерлік палатасына келіп жүрмін, — дейді Айбек Сағынаев.
— Осы жерде бір мәселе бар, — деп әңгімесін жалғады Б.Анапин. — Біз жоғарыда сөз еткен рецепті сатып алуға мемлекет тарапынан көмек берілмейді, оны тек әр кәсіпкер өзінің жинаған ақшасымен ғана алады. Көмек тек құрал-жабдық сатып алуға ғана беріледі, ол да үлкен қолдау. Негізі Айбектің қолға алып отырған кәсібі дұрыс. Ол ұлттық тағамдарымызды дәріптеп, көпке ұсынып отыр. Қазір шет елден келген туристер халқымыздың ұлттық дәстүріне, ұлттық тағамына қызығады, соған назар аударады.
Иә, Айбек Сағынаев өзінің келешекте сапалы да таза ұлттық өнім шығара алатынына сенімді. Алғашқы шығарған өнімдерінің өзі сұранысқа ие болғанын тілге тиек етті. Ендігі мақсаты — қуатты, өнімдерін көп көлемде шығаруға мүмкіндік беретін құрал-жабдықтар сатып алу. Сондықтан да «Атамекен» кәсіпкерлік палатасынан көмек күтеді. Рецептер сатып алуға да талаптануда.
— Бизнес жасау үшін алғашқы қадамға қаржы салу керек, әрі қарай дамытып, алып кету тағы бар. Мәселен, мен балмұздақ жасап сату үшін әуелі 350 мың теңгеге оның рецепін сатып алдым. Рецепте қоспаларды қосудың грамына дейін көрсетіледі, одан ауытқысаң балмұздақ шықпайды. Балмұздақ жасайтын аппаратты бөлек сатып алдым. Қазір бұл өнімді жаз мезгілінде сиырдың сүтінен қоспаларын қосып, жасап, сатамын, — деді Айбек. Және ол өзі жасап сататын «Шалқарлық комбо» қалбырына жинақталатын ұлттық тағамдар туралы да айтты. — Тағамдар сапалы әрі дәмді, жұртшылықтың сұранысына ие бола бастады. Мәселен, салыстырып айтсам, дүкендегі колбасаға (шұжық) қосылатын ет 20 пайыз ғана, қалғаны қоспа болады. Және ол сөреде тұрып қалады, яғни, халық оны балғын күйінде тұтына алмайды. Қарап отырсаңыз дүкендегі колбасаның бір келісінің құны 2000 теңгенің айналасында. Содан-ақ оның 100 пайыз еттен жасалмайтынын білуге болады. Яғни, құрамында қоспа көп. Ал «Шалқарлық комбодағы» шұжықтар 100 пайыз сиыр, түйенің сан еттерінен жасалады, оған тек тұз, бұрыш, краб спеці қосылады, ысталып, кептіріліп вакуумға салынады. Салмағы 250-300 грамның шамасында болады. Комбоның ішінде ешкі сүтінен жасалған ірімшік, тары, кептірілген қойдың құйрық майы секілді алты түрлі тағам болады. Ұлттық тағамдар жинақталған бір қораптың бағасы, салмағына қарай 10-15 мың теңге аралығында болады. Жеткізіп беру тегін, — дейді кәсіпкерлікке бет бұрған Айбек Сағынаев.
«Талабың оң болсын!», — дедік біз талабы таудай Айбекке. «Талпынған жетер мұратқа» демекші, оның өз мақсатына жететініне сенімді болдық.
Қыдыралы ӘЛИН.