ТАЛАП-ТІЛЕКТЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

Тұрғындармен кездесу

Аудан әкімі Жанболат Жидехановтың қала, ауыл тұрғындарымен ІІІ тоқсандағы кездесуі басталды. Аудан және тиісті мекеме, бөлім басшылары бастаған топ Ақтоғай, Бершүгір, Қауылжыр, Мөңке би, Тоғыз, Кішіқұм ауылдық округтеріне қарасты барлық елді мекендерде болып, кездесулер өткізді.

Ауыл тұрғындары жиналған кезекті басқосуларда аталған ауыл әкімдері жыл басынан бері округтерде атқарылған жұмыстарын баяндап, алға қойған жоспарларымен бөлісті. Кездесулер барысында аудан әкімі Жанболат Жидеханов Шалқар ауданының әлеуметтік-экономикалық даму барысына тоқталды. Ауыл әкімдерінің жұмыстарын жандандыру барысына орай нақты міндеттер жүктеп, тұрғындардың сауал-тілектеріне құлақ түрді. Бұл кездесулерде жауапты тұлғаларға залдан сауалдар жолданып, әлеуметтік желілер арқылы да сұрақтар қойылды. Көтерілген мәселелердің қатарында балалар ойын алаңын салу, көшені жарықтандыру, қысқы отын,  жол салу, жайылым жердің тапшылығы, мал су ішетін ұңғымалар қазу, жұмыссыздық, тазалық, т.б. болды. Десек те осы кездесулерді салыстырмалы түрде қарасақ, қазірде жеке мүддеге байланысты қойылатын сауалдардың қатары азайған.

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов жоғарыда аталған округте болған кездесулерінде әр тұрғынның қойған сауалына нақты жауаптарын беріп, шешілу жолдарына жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді. Сауалдардан тыс ауылдарды көркейту мақсатында  ауылдағы ағайын жаңашыл ойларын айтып, көпшілікпен бөлісті. Аудан басшысы әр кездесудің қорытындысында тұрғындарды ауызбіршілікке шақырып, елдікке сай еңбек етуді, ортақ мүдделерден сырт айналмай бірге болуға шақырды. Бірқатар тұрғындарды өз өтініштері бойынша аудан әкімі жеке қабылдады.

* * *

Шалқар қаласының Газшылар қалашығы тұрғындарымен кездесуі №4 орта мектебінің акт залында өтті. Қала әкімі Нұртілек Жұмамұратұлы қалада атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша шолу жасады. «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсіп ашып, шаруасын дөңгелетіп  отырған шалқарлықтарды үлгі етіп, тиімді бағдарламаның игілігін көруге жұртшылықты шақырды.

Аудан әкімі Ж.Жидеханов қала тазалығы жұмыстарын жақсартуға орай жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Бұл кездесуде қалашық тұрғындары тарапынан тұрғын үй мәселесі жөнінде сауалдар қойды.

«Шалқар»-ақпарат.