Ауыл жанашыры

Үйдің де, түздің де шаруасын тең алып жүретін нәзік жандар болады. Оларға тумысынан қалыптасқан тура мінезі жарасып тұрады. Қауылжыр ауылының тұрғыны Күлән Жауынбайқызында да осындай қайсарлық бар. Сол жігерлілігі оны үнемі  іргелі істерге жетелейді екен.

Сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезеңінде ол еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі қалалардан сөмкелеп зат тасып, сауда жасап, ауылдастарына қызмет етті. Одан бергі уақытта да Күлән апа үйде отырып қалмады, заман ағымымен кәсіп жасаудың сан қырына үңіліп, тынымсыз еңбегімен ауылдастарының ризашылығына бөленіп келеді. Осыдан он бес жыл бұрын «Даму қоры» арқылы Қауылжырға аяқкиім тігетін станок әкеліп орнатып, нағашы туысы Ұзақбай Қазиев екеуі аяқкиім шеберханасын ашып, жаңа кәсіпті қыздырды. Уақыт дегенімен кәсіпті де түрлендіріп отырмасаң, істің ілгерілемейтінін ол жақсы біледі.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыруды көздеген «Ауыл аманаты» жобасы Күлән апаның алға қойған мақсаттарының орындалуына көп септігін тигізгелі тұр. Себебі ол осы «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 3 миллион 300 мың теңге несие алып, ауылда құс шаруашылығын дамытуды қолға алды. Қазір оның құс қорасында тауықтың 200 бас аналығы, 30 бас аталығы бар. Құстарды күтіп-баптауға, осы кәсіптен тәжірбиесі мол Ерлан Көптілеуов есімді ауылдасы көмектеседі.

— «Ауыл аманаты» жобасы кәсібімді ілгерілетемін деген адамға үлкен қолдау деп айтар едім. Ол үшін ең бірінші адамға мақсат пен өз ісіңе деген ынта-жігер қажет. Мен осы шаруашылықты бір жолға қойып алсам, келешекте ауқымын кеңейтіп, құстың өзге де тұқымдарын өсіргім келеді.  Қазірде қолдағы бар тауықтарымнан күнделікті өнімін алып отырмын. Тұрақты тұтынушыларымнан қолдың жұмыртқасына сұраныс түсіп тұр, — дейді ол.

Алайда Күлән апа күні бойы құстарын бағып, тыста жүретін жан емес, оның мойнында жауапкершілігі мол сан түрлі шаруасы бар. Соның бірі — жылдар бойы сенімді кәсібіне айналдырған жолаушылар тасымалы қызметі. Жергілікті кірістер басқармасына уақтылы салығын төлейтін кәсіпкер Күлән Байбарақованы қауылжырлықтар: «ауылға қашан қайтасың, аудан орталығына қарай нешеде жүресің?» деген сауалдармен жиі мазалап жатады. Ермінезді апа бәрін де байыппен қабылдап, ауылдастарының алғысына кенеліп жүр.

—Үйде сегіз бала өстік, мен ортаншысымын. Әке-шешем қарапайым шаруа адамдар болды. Солардың жанында қолғабыс жасай жүріп, кішкентайымнан жұмыс талғамай жасай беретінмін.

Көпбалалы жанұяда дүниеге келгендіктен жан-жағыма, бауырларыма қарайлап өстім. Қалай дегенде де нәпақа табудың жолында келе жатырмын. Отыз тоғыз жасымда ең алғаш «Урал» маркалы мотоциклін тізгіндеп көріп, автокөлік жүргізудің бұдан да оңайырақ болатынын іштей сезіндім. Сөйтіп, ауылдағы Қолғанат Нұрмағанбетов, Асқар Тасқожин есімді көршілерімнің үйретуімен көлік жүргізуді  меңгеріп алдым. Алғашқы мінген машинамның маркасы — «Lada Granta», одан кейінгісі — «Reno Daster», қазіргім жеті орындықты— «Lada Largus». Негізінен, Шалқар қаласы мен Қауылжыр ауылының аралығындағы жолаушылар тасымалы менің міндетіме жатады.  Жекелей жалдап жатса, жақын маңдағы ауылдарға да бара беремін. Осы кезге дейін жүргізген көліктерімнің барлығы жаңа болғандықтан, айтарлықтай жол бейнетіне қалмаппын, ақау байқалса, дер кезінде көлік жөндеу шеберханаларына апарамын. Ал ұзын жолдың бойында дөңгелегім жарыла қалған жағдайда, оны ауыстырып алуға өзім әбден дағдыланып кеттім, — дейді Күлән апай.

Қауылжыр ауылдық округінде «Ауыл аманатымен» бүгінде жеті жоба мақұлданған. Олардың қатарында құс шаруашылығы, кондитерлік өнімдер, шағын наубайхана, т.б. бар. Еңбек етіп, талаптанғандарды жаны сүйетін кейіпкеріміз тиімді жобамен кәсіп бастаған ауылдастарына дән риза.

Елу жасты еңсерген қайсар жанмен тілдесу барысында оның ауылына ортақ қандай да істен шет қалғысы келмейтінін көрдік. «Енді ауылда мал күтуін бір жолға қоюға күш салсам деймін, ол үшін мал бағатын тұрақты адам тауып, оған алдымен ауыл болып жағдай жасауымыз керек»,—деп ынта білдіреді апамыз…

Қай шаруағада бел шешіп кірісуге даяр тұратын Күлан апаның бұл қасиеттері өзгелерге үлгі болса игі.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.