ШАЛҒАЙДАҒЫ ЕЛДІҢ КӘСІБІ МЕН НӘСІБІ

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ САПАРЫ

Облыс әкімі Ералы Тоғжанов Шалқар ауданына екі күндік жұмыс сапармен барып, аталған ауданның тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысты.Тұрғындармен кездесті, әлеуметтік нысандарды аралап көріп, Бегімбет ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу салтанатына қатысты.

Шалқар-Қандыағаш автожолына орташа жөндеу жұмыстары басталды. Шалқар ауданына іссапары аясында Ералы Лұқпанұлы алдымен «Шалқар-Қандыағаш» ірі жол жобасының іске асырылу барысымен танысты. Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз республикалық маңызы бар автомобиль жолы өткен ғасырдың 60-70 жылдары пайдалануға берілген және содан бері мүлде  жөнделмепті. Былтыр облыс әкімі Ералы Тоғжановтың тапсырмасымен автожолдың 259-249 және 249-239 шақырымын орташа жөндеу бойынша жобалау-сметалық құжаттама дайындалды. Бүгінде мердігер мекеме «АссанаДорСтрой» ЖШС міндеттемелерін орындауға кірісті.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ АФ басшысы Айбол Данағұлдың айтуынша, жұмыстар Шалқар қаласынан бас-талған. Қалыңдығы 28 см. болатын жолға қиыршықтас қоспасы мен цемент төселеді. Асфальт жабыны екі қабаттан тұрады. Жоба аясындағы жұмыстар биыл аяқталмақ. Айбол Данағұлдың айтуынша, биыл аталған жолдың тағы 75 шақырымына орташа жөндеу  жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.

Ералы Лұқпанұлы бастаған топ Шалқар-Бозой жолына да барды. 2018 жылдан бастап облыстық маңызы бар Шалқар-Бозой-Нүкіс автожолына кезең-кезеңімен жөндеу жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде бұл жолдың 95 шақырымы жөнделді. Өңір басшысы аталған жолдың келесі кезеңіне күрделі жөндеу жұмыстарын бастауға старт берді. Сондай-ақ Аққайтым және Байқадам ауылдарына салынған жолдардың сапасын көрді.

Бүгінде Шалқар қаласындағы екі айналма жол, Жылтыр және Қауылжыр ауылдарының кіреберіс жолдары жөнделді. Шалқар қаласындағы 5 ауыл мен екі көшенің кірме жолдарын жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Облыс әкімі мердігерлерге барлық жұмысты сапалы орындап, белгіленген мерзімде аяқтауды нықтап тапсырды.

    «Ауыл аманаты»: мол мүмкіндік, тиімді жоба

Шалқар ауданына сапары аясында Ералы Тоғжанов ауыл халқының тұрмысын түзеп, әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен де танысты. Өңір басшысы шалқарлық жастар Серікболсын Жексенбай мен Бекет Ырзабайұлының үлкен істі қолға алып, ауылды дамытуға үлес қосып жатқандарына сүйсінді.

Жеке кәсіпкер Серікболсын Жексенбай жыл сайын қиярдан 8-9 тонна, қызанақтан 2 тоннаға жуық өнім алады екен. Жылына екі рет — шілде, желтоқсанда өнім жинайды. Бүгінде ол Жылтыр ауылымен бірге Шалқар қаласындағы дүкендерге қияр, қызанақ және салат жапырағын қолжетімді бағамен жеткізіп отыр.

Кәсібін кеңейтуді мақсат еткен кәсіпкер қазір «Ауыл аманаты» жобасының арқасында Жылтыр ауы-лында жалпы көлемі 2400 шаршы метр болатын бірнеше жылыжай салып жатыр.

— Жылыжай шаруашылығын 5 жыл бұрын қолға алған болатынмын. «Ауыл аманаты» жобасының арқасында тиімді мүмкіндікті пайдаланып қалуға тырысып жатырмын. Істі бастаймын деген адамға «Ауыл аманатының» пайдасы зор. Алғашқылардың бірі болып, 2,5 пайыз үстемеақымен 18 миллион теңге несие алдым. Бұл қаражатқа 7 жылыжай ашуды жоспарлап отырмын. Оның 5-еуі жазғы маусымда, 2-еуі қыс мезгілінде өнім өсіруге арналады. Қазір істі бастап кеттім. Жылыжайда қызанақ, қияр, құлпынай, көк жуа, аскөк өсіремін, — дейді Серікболсын Жексенбай.

Жылыжайлар пайдалануға берілсе, тұрақты жұмыс орындарының ашылуына септігі тимек.

— Бұрын өнім жинайтын кезде адамдарды жалдайтынбыз. Енді жұмыс көлемі артты. 10 мың түп құлпынай отырғыздым. Тұрақты негізде 3 адамды жұмыспен қамтимын, — дейді Серікболсын Жексенбай.

Шалқар ауылдық округінің әкімі Қаржаубай Қалжан «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, Жылтыр ауылы жоба басталғалы жұмыссыздық жойылған облыстағы бесінші ауыл болмақ. Мұнда барлығы 11 жұмыссыз тіркелген. Ауылдық округте жергілікті өндірілген құс етімен қамтамасыз ету 0-ден 41 пайызға дейін өсіпті.

«Ауыл аманаты» жобасының шапағатын көргендердің бірі — Мақсат Бұрханов. 10 баланың әкесі игі жобаның аясында тауарлы несие алып отыр. Оған «Нұралы» шаруа қожалығы қолдау көрсетіп, 10 ірі қара мал берген. Бүгінде 10 малдың 10 төлі бар. Жалпы, «Нұралы» шаруа қожалығы аудан халқына 120 бас ірі қара малды таратып беріпті.

Қазіргі уақытта Мақсат Бұрханов күн сайын 60-70 литр сүт өңдеу арқылы табыс табады. Ол «Ауыл аманаты» жобасы аясында қоғамдық монша салу үшін жеңілдетілген несие алуға ниет білдіріп отыр. Ал оның ұлы құс шаруашылығымен айналысуды қолға алмақшы. Облыс әкімі Жылтыр ауылының тұрғындарымен де кездесу өткізді. Негізгі проблемалардың бірі —  елді мекенді құм басу қаупі төніп тұр. Ералы Тоғжанов бұл мәселе жіті бақылауында болатынын атап өтті.

Облыс әкімі Бегімбет ауылында «Ауыл аманаты» жобасы аясында бірнеше тұрғынға тауарлы несие сертификатын табыс етті. «Нұралы» шаруа қожалығының басшысы  Камшат Төлеуова 22 жастағы мектеп мұғалімі Бекет Ырзабайұлына 15 сиыр берді.

— Біздің ауылда өркениеттің барлық игілігі бар. Ауыл халқы таза ауызсумен де, көгілдір отынмен де қам-тылған. Аудан орталығы мен ауыл арасындағы жол сапасы да жақсы. Біздің ауыл туризмді дамытуға да қолайлы аймақ. Сол себепті кәсібімді бірнеше бағытта жүзеге асыруға ниеттеніп отырмын. Түсіне білген адамға «Ауыл аманатының» пайдасы өте көп. Осы жобаның арқасында көкөніс өсірумен де, мал шаруашылығын дамытумен де айналысамын. Былтыр мемлекеттік бағдарламаның арқасында 1 милллион 250 мың теңгенің грантына ие болдым. Бұл қаржыға шаруашылыққа қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Биыл ауылдың сыртынан жер алып, көкөніс ектім. «Нұралы» шаруа қожалығынан алған мал басын көбейтіп, ауыл, аудан халқын сүт өнімдерімен қамтуды жоспарлап отырмын, — дейді жас кәсіпкер.

Облыс әкімі сауын сиырларды сатып алып, «Ауыл аманаты» аясында сүтті-тауарлы ферма құруды жоспарлап отырған «Баубек» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты. Жоба — қазіргі уақытта «Ақтөбе» ӘКК қарауында. «Баубек» шаруашылығы халықты тұрақты жұмыспен қамтып отырған қожалық болуымен де ерекшеленеді. Қазір 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

Мұнан кейін Тайбек Өтегеновтің шаруашылығына жол түсті. 41 жастағы Тайбек 20 жыл бұрын электр сымын байқамай басып қалып, 10 мың вольттық тоққа түсіп, екі қолынан айырылады. Соған қарамастан, мемлекеттік қолдау шараларына белсенді қатысып, өз үйінің ауласында кәсібін бастайды. Тауық өсіріп,  жұмыртқасын алып, етін сатып отыр. Сонымен қатар 21 күн сайын шаруашылық инкубаторларында 1000 тауық өсіруде. Бүгінде Тайбек Өтегенов облыста «Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларын балапандармен қамтамасыз етеді.

— Сіз өмірді қалай сүю керектігінің, лайықты өмір үшін қалай күресу керектігінің тамаша үлгісін көрсетіп отырсыз, — деді әңгіме барысында облыс әкімі. Тайбек Өтегенов инкубатор қондырғысындағы балапандарды сату арқылы 6 айда 30 миллион теңге табыс тауып отыр. Сондай-ақ күн сайын кем дегенде 100 жұмыртқа алады екен. Оның түйірін 50 теңгеден сатады.

— Ауладағы құстарымның бағасы 1500-5000 мың теңге аралығында. Құсқа да, балапан мен жұмыртқаға да сұраныс көп, — дейді Тайбек Өтегенов.

Тұрғындармен кездесу

Облыс әкімі аудандық Мәдениет үйінің ғимаратында шалқарлықтармен кездесу өткізді. Жиында аудан әкімі Жанболат Жидехановтың ау-данның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасы тыңдалды. Үш жарым сағатқа созылған кездесуде облыс әкіміне сауал қоюшылар көп болды. Олардың басым бөлігі жеке басының мәселесін сөз етті. Сондай-ақ жұртшылық өңір басшысы Ералы Лұқпанұлына жарты ғасыр жөндеу көрмеген Шалқар-Қандыағаш жолының құрылысы басталғаны үшін ризашылықтарын білдірді.

Басқосуда облыстың үш ауданында ауданаралық медициналық орталық ашылатыны сөз болды.

— Сол үш ауданның бірі — Шалқар. Қалғандары — Мұғалжар және Хромтау. Құрылысы келесі жылы бас-талатын жобаның арқасында шалғайдағы ауыл халқы түрлі медициналық зерттеулерді жүргізу үшін алыстағы Ақтөбеге бармайды. Заман талабына сай соңғы үлгідегі жабдықтармен қамтылған аталған орталықтарда жоғары сапалы медициналық көмек көрсетілетін болады,— деді Ералы Тоғжанов. Жиында облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауылды көркейту үшін қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасының маңыздылығына тоқталды.

— 2,5 пайыз үстемеақымен несие алып, үлкен іс бастауға болады. 16 пайыз инфляцияны есептесек, бұл тегін берілген қаржымен тең. Облыс халқы ауыл шаруашылығы өнімдерін алу үшін 150 миллиард теңгені өзге елге жібереді. Өйткені өзімізде өндірілетін өнім өте аз. «Ауыл аманаты» азық-түлік үшін сыртқа тәуелділіктен құтылуға мүмкіндік береді,— деді Ералы Тоғжанов.Облыс әкімі Ералы Тоғжанов аудан басшылығының алдына ауыл шаруашылығын дамыту, «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруды жандандыру бойынша бірқатар нақты міндеттер жүктеді.

Бершүгірдегі әлеуметтік жобалар

Жұмыс сапарының екінші күні Бершүгір ауылында жалғасты. Бершүгір ауылдық округінің аумағында қиыршықтас өндіретін бірнеше зауыт жұмыс істейді. Ералы Тоғжанов өткен жылдың күзінде аталған ауылға барып, барлық жер қойнауын пайдаланушыларды елді мекендерді абаттандыру және әлеуметтік мәселелерді шешу жөніндегі жобаларды іске асыруға тартуды тапсырған еді.

Осы сапарында облыс әкімі аталған тапсырмалардың орындалу барысын тексерді. Әлеуметтік мәселелерді шешу үшін 4 кәсіпорын тартылған, олар — «Мұғалжар Нефтестрой» ЖШС, «Адал Арна Ащысай» ЖШС, «Диабаз НТ» ЖШС, «Абзал» ЖШС.

Биыл «Диабаз НТ» ЖШС саябақ құрылысының жұмыстарын аяқтайды. Бүгінгі таңда аумақ қоршалған және қоқыстардан тазартылған, балалар және спорт алаңдары орнатылуда. Жоба бойынша жаяу және велосипед жолдары, workout-алаң, балалар ойын кешендері, субұрқақ болады.

Ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. «Адал Арна Ащысай» ЖШС ауылдың О.Отарбаев көшесіндегі жолды күрделі жөндеуге кірісті. Сонымен қатар А.Тихонов көшесіндегі жол да жөнделіп жатыр. Бұл нысандар шілде айында пайдалануға берілмек.

«Абзал» ЖШС тамыз айында Бершүгір және Ақтан баба көшелеріндегі айналма көпір мен жолдарда жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтайды. «Ырғыз Тасқұм» ЖШС жаңа оқу жылы басталғанға дейін «Балбұлақ» балабақшасына күрделі жөндеу жүргізеді.

Сапар барысында өңір басшысы ауылдық округ тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында көтерілген мәселелердің негізгісі —  округтің елді мекендерін газдандыру болды. Ералы Тоғжанов жауапты салалық басқармаға аталған мәселені зерделеуді және ұсыныстар дайындауды тапсырды.

Сондай-ақ облыс әкімі «Ауыл аманаты» жобасы аясында Бершүгір ауылында ашылған наубайхананың жұмысымен танысты. Ауыл тұрғыны Базаргүл Алпысбай жалпы сомасы 5,2 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, оған қажетті жабдықтар мен шикізат сатып алған. Қазіргі уақытта ол ауылдастары үшін күн сайын шамамен 350 бөлке нан және нан өнімдерінің басқа түрлерін пісіреді. Кәсіп иесі өнімдердің ассортиментін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ, «Ақтөбе».

Posted Under
Санатталмаған